Бағдарламалар • 20 Мамыр, 2021

Талантты жастар халыққа таныстырылады

461 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Тәуелсіздік ұрпақтары» және «Профнавигация» жобаларының жайы түсіндірілді. Бұл туралы брифинг барысында Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов хабарлады

Талантты жастар халыққа таныстырылады

Жоба «Азаматтық бастамалар орталығы» КеАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» және «Профнавигация» жобалары іске асырылуда.

Министрлік өкілінің айтуынша, «Тәуел­сіздік ұрпақтары» жобасының мақсаты – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жыл­дарында жетістікке жеткен жас қазақ­стан­дықтардың жетістіктерін танымал ету.

«Министрлік тарапынан үкіметтік емес ұйымдарға гранттар арқылы қолдау көрсетіледі. Мемлекет басшысы 2020 жылы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан – дарынды жастар мекені, ертең еліміздің абыройын асыратын да осы талантты ұл-қыздар, біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін мүмкіндіктер жасауға тиіспіз деген болатын. «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының мақсаты – тәуелсіздік ұрпақтарының өз саласы бойынша өз күшімен, өз білімімен жеткен жетістіктерін жастарға көрсету. Жалпы, жоба аясында күтілетін негізгі нәтиже – танымал қазақстандық жастарды әртүрлі әлеуметтік желіде, мессенджерде тарату, бейнероликтер түсіру, көрсету арқылы, солардың жеткен жетістіктерін, оларды үлгі ету», деді Ш.Байманов.

Жоба аясында Қазақстанның барлық өңірінен 500 жастың ең қызықты және шабыттандыратын оқиғасын жинақтап, мектеп, колледж және ЖОО оқушыларына онлайн коучинг-тренингтер, мемлекеттік бас­тамаларды ілгерілетуге және іске асыруға бағытталған мотивациялық коучинг-курстар ұйымдастыру қарастырылған.

Ал «Профнавигация» жобасы қазіргі за­манғы сұранысқа ие мамандықтар үшін жас­тар­дың дағдылары мен құзыреттерін дамытуға бағытталған.

«Қазақстанның жаңа кәсіптері мен құзы­реттерінің атласы» платформасы мен «EduNavigator» кәсіптік бағдар беру платфор­масының көмегімен жоғары сынып оқушы­ларының өз болашақ мамандығын таң­дауға мүмкіндігі бар. Бұл туралы жоба жетек­шісі Саясат Нұрбек мәлім етті. «Жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы – еңбек нарығын сындарлы түрде өзгертетін негізгі трендтерді терең талдаумен, алдағы 5-10 жылға арналған ұлттық экономиканың перспективалы салалары мен кәсіптерінің болжамды картасы. Экономиканың негізгі 9 саласы: тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, көлік, тасымалдау, машина жасау, ІТ және коммуникация, ауылшаруашылық, туризм салалары бойынша 463 мамандық жазып шықтық, оның ішінде жаңа мамандықтар, өзгеріп жатқан мамандықтар және еңбек нарығында сұранысын азайтқан мамандықтар бар», деді Саясат Нұрбек.

Атластың қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі барлық материалы www.enbek.kz/atlas сайтында ұсынылған. Сонымен қатар «EduNavigator.kz» арнайы кәсіптік бағалау платформасы кез келген оқушыға ЖОО, колледж деңгейіндегі жастарға өзін-өзі бағалап, өзінің дағдыларын, дарындарын, қызығушылықтарын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл платформа еңбек нарығындағы мамандықтар бойынша нақты әр балаға, тұлғаға кәсіби ақыл-кеңес беріп, еңбек нарығы бойынша толық ақпарат ұсынады. «Бұл жоба біздің құралдар арқылы ақпаратты пайдалы және сараланған түрде ұсынады. Әр мамандықтың болашағы, еңбекақысы, автоматтандыруға ұшырау қауіп-қатері, тапшылығы, сұранысы туралы толық ақпарат береді. Бұл жобаның маңыздылығы – болашақ еңбек нарығының проблемаларын орта мектеп деңгейінде шешуге үлес қосуында», деді спикер.