Қоғам • 20 Мамыр, 2021

Кедейдің де кедейі

794 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адам өзін өзі тонай ма? Қарапайым қисынмен түсіндірсеңіз де, тереңге тарт­сақ та, алдымен кісі өзін тонайды. Уақы­ты­мызды тонаймыз. Қала­тұ­ғын сай үшін, өлетұғын тай үшін денсау­лы­ғы­мыз­ды, көңіл күйімізді, иманымызды тонаймыз. Бірақ қанша тонасақ та тоймаймыз. Ара­мыз­да ақшасынан басқа дымы жоқ кедей­лер көбейіп барады. Бұлар – кедейдің де кедейі.

Кедейдің де кедейі

Кейбіреулердің кедейлігі соншалықты – ақшасынан басқа дымы жоқ», дегенді Сенека да айтқан. Осы кедейлік мәселесін 200 жылдан бері індете зерттеген елдер, өз тоқтамын айтқан ғалымдар да жеткі­лік­ті. Адам адам болғалы қоғамнан қалмай ілесіп келе жатқан байлық пен кедейліктің аражігін ажырату мәселесіне XVIII ғасырдан бастап XX ғасырдың бірінші жартысына дейін А.Смит, Д.Рикардо, Т.Мальтус, Г.Спенсер, Ж.Прудон, Э.Реклю, К.Маркс, Ч.Бут, С.Раунтри сынды ғұмырын арнаған оқымыстылар бар. Г.Спенсер сияқты ғалымдар кедейлікті тұлға дамуының қозғаушы күші ретінде бағаласа, Ф.Гидденс кедейлікті бір жағынан әлеуметтік прогресс серігі деп те біледі.

Сонымен неге біз аяқ астынан кедейлік туралы ойлана қалдық? Өмірдің өзінен алынған оқиғаларды айтпағанда, жуырда көзіміз түскен мына жайт бізге маза бермеді. Аяқ астынан адамның ақылына сыймайтын өте көп ақшаны лотерея арқылы ұтып алған бір бейбақ аштан өлген көрінеді. Бірден ойымызға осыған ұқсас оқиғалар сап ете қалды.

Ертеректе, Мәскеуде қайыршы кемпір қайтыс болғанда, дорбасынан шіріген 7 мың рубль шыққанын талай БАҚ жарыса жазғаны есімізге түсті. Бұл сома – ол заман үшін көп ақша. Сол сияқты Ақтөбедегі «Букинист» дүкенін ұзақ жыл басқарған шал істі болғанда, үйінен 100 мың сом табылған, бұл сома да енді өте қомақты. Ал енді оның өзі де, үй іші де еш киім ауыстырмай, өте нашар өмір сүргенін қалай түсіндіруге болады?

«Менің де В. деген алпыстардағы көршім жалғыз тұрды. Әке-шешеден қалған пәтері және өзі алған пәтері мен екі саяжайы да бар. Қайыршының күйін кешті, көршілер аяп тамақ беріп тұрдық. Оған «ана артық пәтер, саяжайларыңды сатып, адам сияқты жақсы өмір сүрсеңші» деп бәрі айтты. Тыңдамайды ғой, кімге қалдырайын деп жүргенін?!», дейді бір досымыз.

Болған үстіне бола берсе дейтін тойым­сыздық пен ашкөздік әуелден кей адамдар­дың қанына сіңіп кеткен, қай қоғамда да осының дәлелі бар. Ал жиған-терген байлығын өзіне жұмсамайтын жандардікі – нағыз дерт. Адамдардың миындағы кедейлікті түсін­дірмек болған кейбір әріптестеріміз 2001 жылы «Бингодан» 25 млн рубль ұтып алған оқиғаның немен аяқталғанын төмендегідей баян­дайды.

«Аспаннан жауған ақша» бұларға да бақыт әкелмеген. Оған дейін қала шетінде, ескі пәтерде екі баламен өмір сүріп жатқан жаңа миллионерлер бақандай 25 млн сом қолдарына түскенде не істеген? Алдымен, әрине, бөріктерін аспанға атып қуанады. Күнде дастарқан, күнде той, бұл қуанышты атап өту тіпті бірнеше жылға созылған. Жомарт миллионерлер қуанғандары соншалықты, ешкімге есігін жаппаған, талай дос-жаранға оңды-солды көмектескендей де болған. Дегенмен ақшаның түбі көрініп келе жатқанын сезген ерлі-зайыптылар ең болмаса қалған қаражатқа дұрыс пәтер, екі ұлға көлік алмақ болады. Бұл әрекеттері оңғарылып, жақсы аудандағы жаңа пәтерге өздері ғана емес, күндегі ырду-дырду, ішімдік пен айғай-шу қоса көшіп келді. Көршілерінің айтуынша, ешқашан жиналмаған элиталық баспана 2-3 айда кір-қоқысқа толып, тозып кетеді. Осындай «көңілді» күндерде үйден өрт шығып, онсыз да берекесі жоқ байлық бір күнде күлге айналады. Денсаулығына қарамаған әйелі бұл оқиғадан кейін көп ұзамай көз жұмса, ері екі ұлымен өлмелі кемпір-шалдың қолына көшіп барып, қалған өмірлерінде пәтерлерін жалға берумен күн көріп жатқан жағдайы бар-мыс.

Кедейлік мәселесін зерттеуде үлесін қосқан экономистер мен әлеуметтанушылар да аз емес. Т.Мальтустың көзқарасы бо­йынша, мемлекеттік көмек жүйесі осындай адамдардың санын тек қана арттырады, бұл процесс аштық, әртүрлі ауру, соғыс сияқты тиімді «көмекшілер» арқылы реттеліп отыр­мақ. Бұл тағдырдың сыйы ма, сынағы ма?

Міне, осылай, бір адамдар қиыншылыққа мойымай, жоқтан бар жасайтын болса, келесілері ен байлықты әп-сәтте күлге айналдыра салады. Сондықтан кедейліктің нақты өлшемдерін анықтау мүмкін емес. Кедейліктің ең ауыр түрі – қайыршылық. Әсіресе, санадағы қайыршылық.