Туризм • 20 Мамыр, 2021

Турсектордың құзыретін арттыруға ниетті

155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Қазақстанның туризм және оның басқа да сабақ­тас салаларында 470 мыңнан астам адам немесе жұмыспен қам­тылған халықтың 5,5%-ы еңбек етеді. Сондықтан туристік қыз­мет көрсетудің отандық секторын дамыту мәселелері кадр­лар­­дың біліктілігін арттыру жүйесінің жақсаруымен ­байланысты.

Турсектордың құзыретін арттыруға ниетті

Жақында Kazakh Tourism ұлт­тық компаниясы мен Mental HR Consultancy түрік компания­сы саланың кәсіби мамандарын даярлау және еңбек ре­сурс­тарының бәсекеге қабі­лет­ті­лігін арттыру мәселелері бо­йын­ша ынтымақтастық туралы ме­морандумға қол қойды. «Нарықта білікті кадрлар тап­шы­лығы орын алса, әсіресе кә­сіби дайындалған желілік қыз­меткерлер болмаған кезде, ту­ризмді сапалы дамыту мүмкін емес», деді Ұлттық ком­панияның бас­қарма төрағасы Ержан Еркінбаев.

Туризмді қарқынды дамыту үшін екі негізгі құрамдас бөлік бар. Біріншісі – инфрақұрылым мен коммуникация. 2019 жылы қабылданған туристік саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында бүгінге дейін жалпы сомасы 61,1 млрд теңге құрайтын 55 жоба іске асырылды. Екіншісі – саланың құзыреті. Мемлекет тарапынан Мәдениет және спорт министрлігі кадрлық әлеуетті дамыту мәселелеріне үлкен көңіл бөліп келеді. Ма­ман­дар даярлайтын алғашқы бейін­дік Халықаралық туризм және қонақжайлық университеті ашылғаны белгілі.

«Былтыр қолға алған academy.tourismonline.kz жобасы өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап өт­кім келеді. Туризм саласы туралы онлайн дәріс алғысы келетін кез келген адам сапалы теориялық дайындықтан өте алады. Биыл біз кәсіби спикерлерді көптеп тарта отырып, жаңа оқыту модульде­рін жасауды жалғастырамыз. Сондай-ақ осы жылы біз өңірлік оқу орындарының базасында Маңғыстау туризм саласы үшін жергілікті тұрғындар қатарынан желілік 1500 адамды оқыту бойынша сынамалы жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз», деді Ержан Еркінбаев.

Mental HR Consultancy тү­рік компаниясы бизнес су­бъек­­тілері мен Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік ор­ган­­дарының желілік және бас­қару қызметкерлерін оқыту мәсе­ле­лерінен басқа, инвестициялар тарту және туристік секторды цифр­ландыру сияқты бағыттар бойынша жұмыс істейді.