Тарих • 20 Мамыр, 2021

Алтайға ауған қайран жұрт

813 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Белдеуде бұзау қалмасын!» ұранымен байлардың малын кәмпескелеп, өздерін жер аударды.

Алтайға ауған қайран жұрт

Қазақ даласын аштық жайлаған жылдары халықтың бір бөлігі туған жерден тамыр үзбей отырса, енді бірі бас сауғалап, дән іздеп кетті. Әбден ашыққан халық кепкен тері-терсекті суға қайнатып, нілін ішетін, теріні таңдайға басатын. Ол бергі жағы, жантүршігерлік оқиғаларды да құлағымыз шалып жүр. Ескі көздердің естеліктері айтылмай жүрген жоқ, ал шаң басып жатқан көне құжаттар не дейді? Осы ойдың жетегінде облыстық архивтің есігін қақтық.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мемлекеттік архив мекемесінің директоры Самат Рахметовтің айтуынша, ашаршылық құрбандарына қатысты мұраны зерттеу жұмыстары енді басталған. Шындығында, шаңы бір қағылмаған құжаттар осылар. Бұдан былай, тарихшылар жүйелі жұмыс жүргізіп, жыл соңына қарай қорытындысын бөліспек. Нәубет жылдары «шықпа, жаным, шықпаның» күйін кешкен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі жалпылама айтылғанымен, облыс бойынша нақты цифрлар, дөп басқан деректер жоқтың қасы еді. Аймақтағы зұлмат жылдарды зерттей бастаған тарих ғылымдарының кандидаты, Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің доценті Раушан Айдарбаева жинақтап қойған азды-көпті деректерімен бөлісті.

– Облыс бойынша ашаршылық, босқындар туралы толық айтуға дерек жеткіліксіз. Архивтен алған құжаттарды қарап отырсам, әсіресе, Тарбағатай жақтың қазақтары Қытай асып кетуге мәжбүр болған. Бір ауыл қопарыла көшкелі отыр дегенді естіген басшылар соңына қарулы әскерді салатын. Сонда әскерилердің ішіндегі қазақтар жүрістерін баяулатып, жете алмағансып, аман-есен шекара асырып жіберуге тырысқан. Ал Катонқарағай өңірі аштық зардабын көп тартпаған десетін. Сөйтсем, Үлкен Нарынның маңайында айтса нанғысыз оқиғалар болыпты, – деген Раушан Айдарбаева архивтен алып шыққан бір бума құжаттың көшірмесін ұсынды. Тегіс орыс тілінде жазылған. Қарап отырып, қазақ халқының Жазатырға қоныстануы, Қытай асқандығы туралы деректерді көзім шалды.

Отызыншы жылдар елімізде жаппай ұжымдастыру саясаты басталып, оның жүзеге асырылуында көптеген асыра сілтеушілікке жол берілді. Оның зардабы бірінші халыққа тиді. Шығыс Қазақстандағы ауылдардың жағдайы да күрделене түсті. Олардың бар малы тартып алынып, өздеріне ауыр алым-салық салынды. Таулы өңірдің тұрғындары ағаш жығу жұмыстарына жіберілді. Аш-жалаңаш жүріп, зілдей қарағайды жығып, тиісті жерге жинау, жеткізу оңай жұмыс емес-ті. Жаппай ұжымдастыруға жол бермеуге тырысқан кулактар мен байлар әр елді мекенде өзін өзі қорғау отрядтарын құрумен айналысты. Сол заман ғой, мал-жанын, дүние-мүлкін сақтап қалуға тырысқан елдің көбі Қытай асып кетуге әрекеттенгені. Олардың арасында байлар ғана емес, жазалаушы органдардың негізсіз қудалауына ұшыраған шаруалар да жоқ емес еді. Жан сауғалап қашқан қазақтардың көшіне тұсау болу үшін шекара күшейтілді. Күмәнді тұрғындардың дүние-мүлкі кәмпескеленіп, өздерін шекарадан кемі 100 шақырым жерге күшпен көшірді. Бір уыс бидайға зар халықтың көшіп-қонуы да қиын. Өлім-жітім күн сайын көбейді. Аштықпен қоса, сүзек сияқты ауру жайлады.

Шығыстағы қорлық-зорлыққа шыдас бермеген елдің біраз бөлігі сонау Сібірге де қоныс аударған екен. Сонда Батыс өлкелік комитетінің хатшысы Эйхе: «Сібірде жағдай оңып тұрғаны шамалы. Азық-түлік қоры жоқ. Қысы қатал. Ал қазақтардың қақаған қыс ортасында қоныс аударып келіп жатқанына қарасақ, Қазақстанда жағдай бұдан да қиын», деп жазған екен.

Ресейдің Славгород ауданына ауған ел тіпті өлексенің етін жеуге дейін барған. Архив құжаттарында Сібір прокуроры жеке іс ретінде «Славгород стансасында қайтыс болған қазақтың мәйіті үш тәулік бойы жатып қалды. Оған назар аударған ешкім болмады», деп жазған. Сонымен қатар Алтай губерниясының көптеген ауданына қоныстанған қазақтарды қорлау оқиғалары жиі кездескен екен. Ұрып-соғып, өлтіруге дейін барған. Әкімшілік органдарының қызметкерлері де осы жағдайды пайдаланып, жер дауын көтеріп, халық арасында үгіт жұмысын жүргізген. Катонқарағайдың президиумы мәжілісінің 1930 жылғы 25 сәуірдегі шешімінде: «Қосағаш аймағының төрағасы Манеев пен Қосағаштағы Қазақ ауыл кеңесінің президиум мүшесі Әбілкәсен Әлімханов 21-23 наурызда, одан кейін 11-16 сәуірде Жазатырдағы қазақ ауылдарын аралап, тұрғындар арасында Қазақстанға қарсы үгіт жұмыстарын жүргізген. Оларды Ойратия әкімшілік органдарының қоластына өтуге үгіттеген», деп көрсетілген.

Айта кетерлігі, ол кезде Алтай Республикасында (Ойратияда) жағдай Қазақстанмен салыстырғанда біршама жақсы болған. Мысалы, 1929-1930 жылдары ауылшаруашылық салықтары Қосағашта біршама төмен болған. Шыңғыстай ауданы бойынша салық мөлшері жылқыға – 13 сом болса, Қосағашта жылқы мен ірі қараға 11 сом көлемінде салық салынған. Сонымен қатар Қосағаш ауданы егіншілікпен айналыспайтын аудан болғандықтан, тұрғындары жоспарлы түрде астықпен қамтамасыз етіп тұрған. Көршілес жатқан Қазақстан аудандарының тұрғындары астықпен қамтамасыз етілмегені былай тұрсын, оларға ет салығымен қатар, астық салығын төлеу де міндеттелген еді. Салыққа астық төлегенді қойып, тіске басар нанның қиқымын таппай отырған халық қайдан орындасын ол міндетті?! Мазақ па дерсің.

Осылайша, сталиндік ұжымдастыру жұмыстары ұлт үшін қасіретке айналды. Миллиондаған қазақ бас сауғалап, шекара асты. Тарихи деректерге сүйенсек, Ресей жеріне 1926 жылы 49 295 адам қоныс аударса, 1937 жылдары 100 612 адам ауып кеткен. 1939 жылы 99 479 адам туған жерін тастаған. Олардың ішінде елге төрелік айтатындай, сауаттылары да болған.

Бұл аз уақыт ішінде тарихшы Раушан Қайсанқызының тапқан деректері. Талай-талай тарихи шындықты бүгіп жатқан архив сөрелері сөйлейді әлі.