Спорт • 22 Мамыр, 2021

Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері -Темірхан Досмұхамбетов

823 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Отыз жасына дейін өзіндік бапкерлік мектебін қалыптастырып, Кеңес Одағының құрама командасында еңбек еткен білікті бапкер.  Қарапайым жаттықтырушыдан мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген айтулы азамат. Екі рет Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы, екі мәрте еліміздің    туризм және спорт министрі қызметін атқарды.

Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері -Темірхан Досмұхамбетов

Еңбек жолын қарапайым жаттықтырушыдан бастаған Темірхан Досмұхамбетов Кеңес  Одағы мен Еуропадағы таңдаулы самбо бапкерлерінің қатарына қосылумен қатар, саясат майданында да өз орнын адаспай таба білді.

Темірхан Мыңайдарұлының шәкірттері  ең бірінші дүрмекті жеңіске    1977 жылы қол жеткізді. Осы жылы 28 жастағы арманы асқақ, қайраты қабындаған жас жаттықтырушы қарадомалақ балаларды  бастап, Мәскеудің ашық біріншілігіне тартып отырды. Сондағы ішкі ойы: елден ұзап шықпаған ауыл балаларын  империя төріндегі аламан тартыста сынап көру, сынап қана қоймай, әлемдегі ең мықты самбо орталығымен бетпе-бет айқасу. Сол сапарға өзі де ширығып, шамырқанып аттанған. Бапкердің нар тәуекелі мен болаттай берік мінезі  балуан балаларды қылыштай қайрады. Кеше ғана Алматы іргесіндегі Қарасу ауылының  шаңдақ көшесінде асыр салған Айтжан, Бостан, Мәден, Қалилар негізін  құраған  Досмұхамбетов командасы Мәскеудегі әйгілі «Самбо-1970» командасын 9:1 есебімен тас-талқан қылып ұтып шығады. Ресей самбосының төбесінен жай түскендей болады. Себебі, бұл мектеп сол тұста самбодан Ресейдегі ғана емес, әлемдегі  ең күшті мектеп  саналатын.  Самбодан тұңғыш әлем чемпионы, дзюдодан екі мәрте Еуропа жеңімпазы, осы екі күрестен Кеңес Одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, айтулы ғалым Давид Рудман іргетасын қалаған «Самбо-1970»  мектебін ойсырата жығу дегеніңіз ол кезде адамның түсіне кірмейтін жағдай еді. Қазақ самбошылары рухтанып, еңселерін көтеріп, дүр сілкінеді. Сол екпінмен олар Мәскеудің ашық біріншілігінде топ жарады. Бұл қазір айтуға оңай. Досмұхамбетов сол кездің өзінде-ақ самбодан Одақты ғана емес,  дүние жүзін мойындатуға белді бекем буған еді. Міне, осындай асқаралы арман, сол арманның желкенін желге жықпайтын қажыр-қайрат, табанды мінез Досмұхамбетовтың бойында бұрқ-сарқ қайнап, буырқанып жатты.

а

Жастар арасындағы әлем чемпионы Мәден Қалиеков.

Темірхан Мыңайдарұлы жаттықтырушылық жұмысқа бар ықыласымен, жанын салып кірісті.  Ол кезде қазіргідей аумағы атшаптырым күрес залы жоқ. Толассыз жаттығудан тер иісі сіңген шағын залға кешкі қолайлы уақытта жасы үлкен тренерлер кіріп алады. Жас бапкерлерге кезек содан кейін тиеді. Досмұхамбетов осы режиммен ұзақ жыл тер төкті. Бұлар жаттығудан шыққанда Алматының автобустары тоқтап қалатын.  Сондай кезде Темірхан Мыңайдарұлы 7-8 баланы «Жигулиіне» салып алып, қаланың қиыр шетіндегі Қарасу ауылына тартып отырады. Бір жолы МАИ қызметкері тоқтатып, кабинаға сыймай, «багажникте» жатқан шәкірттерін көріп қойғаны бар...

в

Белгілі қаламгер Орысбай Әбілдаев пен Әлем кубогының жеңімпазы, Еуропа чемпионы Айтжан Шаңғараев.

Ол кезде спорттың насихаты қазіргідей емес. Ауылдағы көп ата-ана өз балаларының спортшыдан гөрі агроном, бухгалтер, мұғалім, зоотехник... болғанын қалайтын. Сондықтан бапкер Досмұхамбетов күреске бейім қарадомалақтардың қызығушылығын арттырып, балаларды боз кілемде ұстап қалу үшін оларға жалақысының бір бөлігіне әдемі спорттық форма алып беретін. Және олардың талпынысын, құлшынысын күшейту үшін «сендер жақсылап тер төксеңдер, ерінбей талап қылсаңдар - араларыңнан әлем, Еуропа чемпиондары, Кеңес Одағының жеңімпаздары міндетті түрде шығады», деп оңтайлы сәтінде қайрап отыратын. Бапкер еңбегі еш кеткен жоқ. Балалар  тау қопаруға дайын. Ал, кейбір ата-аналар ұлдарының күрес қуғанын қалаған жоқ. Әлі есінде, бір шәкіртінің әкесі: «Ұлымды күреске тартып жүрген сенсің. Балам үй көрмейтін болды. Бізден аулақ жүр»,  деп, мұны жағадан алғаны бар. Мұндай жағдайдың талайын басынан кешірсе де, шәкірттерін сыртқа тепкен жоқ. Артынан талай әке кешірім сұрады. Досмұхамбетов болса, ешқайсысына ренжіген емес.

Күрес балаларды шыңдап қана қойған жоқ, олардың  күнделікті ас-суын айыруға сеп болды. Досмұхамбетов оқушы балаларға студент асханасынан тамақ ішетін талон алып беретін.   Досмұхамбетовтың қарасулық шәкірттерінің бәрі  дерлік көп балалы отбасынан шыққан. Тұрмыстары  орташа.   Сондықтан бапкер әперген асхана талоны спортшы балалар үшін үлкен олжа еді. Темірхан Мыңайдарұлының балуан ұлдарға деген қамқорлығы мұнымен  шектелген жоқ. Зайыбы Сәулеге палау пісіртіп, кілем шетіне дастархан жайған кездерін шәкірттері сондай бір сүйіспеншілікпен еске алып отырады. «Сәуле тәтеміздің дастарханынан сан мәрте дәм таттық. Ол кезде ұстазымыз бен жеңгеміз жатақхананың шағын бөлмесінде тұрса да, көңілдері қазақтың даласындай кең еді», дейді бұл күнде елудің бел ортасына жеткен азаматтар.

П
Кеңес Одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Темірхан Досмұхамбетов шәкірттерінің ортасында.

Жаттығу бір сарынды  жүріп, балалар жалықпасын, әрі шеберліктері шыңдала түссін деген ниетпен Темірхан Мыңайдарұлы бұларды Алматыдағы «Динамо», «Қайрат» қоғамдарының және әскери спорт клубының балуандарымен   сан мәрте белдестірді. Екі команда бетпе-бет келіп, салмақ дәрежесі бойынша күреске  түсу - нағыз қызық майдан. Әр бала өз командасына жеңіс әперу үшін жан аямай айқасады. Жеке чемпионатта жығылғаннан гөрі команданың намысы безбенге түскен осындай сынақта сүріну балаларға ауыр тиеді. Сұңғыла бапкер Темірхан Мыңайдарұлы  балалардың  ауызбірлігін, рухын  күшейте түсу үшін  шәкірттерін  осындай  командалық бәсекелерге қайрап салатын.

м

Темірхан Досмұхамбетов пен Бостан Жаңбырбаев.

Досмұхамбетов мұнымен шектелген жоқ. Сырттан жаттықтырушылар шақырып, жаттығу жұмысын одан әрі жандандыра түсті. Өзінің ұстазы, қазақ самбосының теориялық және техникалық жағынан алға басуына зор үлес қосқан майталман жаттықтырушы Асқар Асубаев, республикаға танымал білікті бапкерлер Амантай Қарақов, Рүстем Әбдалимов, тағы басқа мамандар Досмұхамбетовтың  сөзін жерге тастамай,   ҚазМУ-дің күрес залына талай рет келді. Мұндай жаттығулардың әсері бөлек. Балалар  күндегідей емес, жинақы әрі ширақ қимылдауға тырысады. Досмұхамбетовтың сондағы мақсаты  әр баланың әдіс-тәсілін  ұштап, шеберлігін барынша  жетілдіру. Мысалы, кезінде Досмұхамбетовтен тәлім алған  Нұрлан Бейсебаев иықтан асыра тастаудың  шебері. Темірхан  Мыңайдарұлы  Нұрланды Мәден Қалиеков пен Айтжан Шаңғараевқа қарсы  кезек-кезек  салып,  екеуін әбден діңкелегенше күрестіретін. Уақыт өте келе қарсыластарын иықтан асыра лақтыру Айтжан мен Мәденнің оңтайлы әдісіне айналды.

- Ұстазымыз жас балаға біржақты қатал болмау керектігін бапкерлікті жаңа бастаған кезінде-ақ түсінген тәрізді, - дейді Мәден Қалиеков сол күндерді еске  алып. - Қазір  ойлап отырсам, Темірхан  аға  тумысынан  нағыз  ұстаз екен. Ол кісі балаға қай уақытта не керектігін ішкі түйсікпен сезіп отыратын. Шәкірттерінің  жан дүниесіне терең үңіле білу жаратылыстан берілетін қасиет. Аға алғашқы күннен бізге адал болды. Бізді өзіне күмәнсіз сенуге тәрбиеледі. Өзі де бізге сенім артты. Біз сенімді ақтауға тырыстық.  Ақиқатын айтсақ, әлі күнге дейін туған әкеміздей қамқор болып келеді.     Ұстазымыз  тәрбие ісіне қатты қарады.  Ол кісі жастарды жазалағаннан гөрі тәрбиелеп, түзу жолға салғанды жөн санайтын. Бірде-бір шәкіртін қасынан жөнсіз қуған емес.Ағаның ерекше атап айтатын бір қасиеті: әділдігі. Бізге  «сендер қарсыластарыңды айқын, талассыз ұтсаңдар, мен ризамын. Ондай жағдайда сендерді төрешілердің қиянатына бермеймін. Ал итжығыс түссеңдер, менен көмек сұрамаңдар», дейтін. Нағыз ұстаз  осындай болуы керек. Темірхан  аға өз  шәкірттерін  ешқашан  қиянатқа берген емес. Осы жолда небір азулы мамандармен тайынбай айқасты. 

Темірхан Мыңайдарұлының тынымсыз әрі жүйелі ізденісі  уақыт өте келе өз жемісін  берді. Досмұхамбетов  баптаған ҚазМУ самбошылары  Кеңес одағындағы  маңдайалды ұжымның біріне айналды. Досмұхамбетовтың командасы бүкілодақтық «Буревестник» спорт қоғамының біріншілігінде командалық бас бәйгені жеңіп алды.

Ал бір ғана Қарасу ауылынан талай облыстар жабылып шығара алмаған балуандарды тәрбиеледі. Яғни, маманы келіссе, қазақтың аядай ғана ауылынан небір дүлдүлдерді баптауға болатынын Досмұхамбетов қапысыз дәлелдеді.

Айтжан Шаңғараев – самбо күресінен ересектер арасында Кеңес Одағының чемпионы атанған тұңғыш қазақ балуаны. Ол бұл жеңіске 1981 жылы он сегіз жасында Қарағанды қаласында қол жеткізді. Айтжан 1984 жылы одақ чемпионы атағын екінші рет жеңіп алды. Шаңғараев осы жылы Еуропа чемпионатында жеке-дара шықты, Әлем кубогы бәсекесінде топ жарды.

Мәден Қалиеков – 1982 жылы Кеңес Одағының жастар біріншілігін ұтып алса, 1984 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының алтын медаліне ие болды. Осы жылы Кеңес Одағының ересектер чемпионатының қола жүлдегері атанды. Сонымен бірге, «Буревестник» спорт қоғамы бүкілодақтық біріншілігінің жеңімпазы.

Бостан Жаңбырбаев – 1987 жылы дзюдо күресінен Кеңес Одағы чемпионатының күміс жүлдегері, самбодан  «Буревестник» спорт қоғамы бүкілодақтық біріншілігінің жеңімпазы. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.

Қайрат Шаңғараев – самбо күресінен Кеңес Одағының жастар біріншілігінің екі мәрте қола жүлдегері.

Бұл жігіт нағыз бабына келе бастаған кезінде жол апатына ұшырап, балуандық жолын жалғастыра алмады.Бұлардан басқа Зиядин Исабеков,  Ербол Қырғызбаев, Валентин Погодин және Владимир Мукамелов секілді балуандар «Буревестник» спорт қоғамы бүкілодақтық біріншілігінің жеңімпаздары атанумен қатар, Қазақстан чемпионатында бірнеше  рет  топ  жарды. З. Исабеков – бүкілодақтық Универсиаданың алтын медалін кеудесіне тақты.

Темірхан Досмұхамбетов қарапайым жаттықтырушыдан Президенттің Іс басқарушысы қызметіне (2 рет), туризм және спорт министрі лауазымына (2 рет), екі мәрте Парламент депутаты дәрежесіне дейін көтерілген іскер әрі табанды тұлға. Осындай азаматтың әлемдік деңгейдегі жаттықтырушылар қатарында тұруы сондай жарасымды.

Қыдырбек Рысбек