Экология • 24 Мамыр, 2021

Қоқыс өртейтін зауыт керек пе?

916 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Экология министрлігі Waste to Energy (WTE) механизмін енгізейік дегенді бұрыннан көтеріп жүр. Бұл дегеніңіз – қатты тұрмыстық қалдықтарды жағып жіберу арқылы энергия өндіріп алудың бірегей жолы.

Қоқыс өртейтін зауыт керек пе?

Қоқыс
жоятын жоба

Біреулер қос қолын көтеріп қолдады, енді біразы қарсылық танытып петиция жариялады. Қазір әлемде 2 мыңнан астам WTE нысаны бар екен. ТМД елдері арасында тек Әзербайжанда ғана осындай зауыт салынған.

Жыл басында Үкімет отырысында Экологиялық кодексті таныстырған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев елімізде тұрмыстық қатты қалдықты өңдеу көлемі өте төмен деген болатын. Сон­дықтан Эко кодекске «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын бас­қа­руды жетілдіру» атты жаңа бағыт енгізіліп отыр екен. Ра­сын­да, елдегі 3,5 мың полигон­да 120 млн тонна қатты қалдық жиналған. Қауіпті цифр. Жыл сайын 5 млн тонна қалдық үсте­мелене бермек. Министрдің есептеуінше, бұл шамамен 42 фут­бол алаңындай көлем болмақ.

– 2016 жылдан бері тұр­мыс­тық қатты қалдықтарды қай­та өңдеу деңгейі 2,6-дан 14,9 пайызға өсті. Алайда мұның өзі аз. Жиналған қалдықтарды азайту үшін Waste to Energy жобасын енгізу ұсынылды. Бұл бойынша өртелген қоқыстан алынған электр энергиясы желілерге беріледі. Аталған механизм Еуропада жақсы қырынан көрінді. Әрі оны енгізу жеке инвесторларды тарту мәселесін де шешеді. Соның нәтижесінде, 2025 жылға таман қалдық көлемі 30 пайызға азайып, 180 млрд теңгеден астам инвестиция тарта аламыз, – деген еді министр.

Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығы өткізген конференцияға қатысқан Экология вице-министрі Ах­мет­жан Пірімқұлов «жасыл эконо­ми­каға» көшу тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылы қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 40 пайызға, 2050 жылы 50 па­йызға жету керек екенін айтты.

– Қоқыс өртейтін зауыттарды іске қосқаннан кейін біз қалдықтарды сұрып­тамаймыз деген пікір бар. Бірақ қал­дықтарға қатысты көп сатылы жүйені қа­растырып отырмыз. Қоқыс өртейтін зауыт – соның бір бөлігі ғана. Аталған жүйе бойынша қайта өңдеуге болатын барлық элемент қоқыс ішінен алынып, өзге аса қауіпті, радиоактивті элемент жойылып кетеді. Қалдықтарды бө­ліп жинау көлемі тек өсе береді. За­уыт­қа қайта өңдеуге, сұрыптауға кел­мей­тін қалдықтар жіберіледі, – дейді А.Пірімқұлов.

Қоқыс өртейтін зауыт алдағы 2-3 жыл ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақ­төбе, Шымкент, Өскемен және Қара­ған­ды қалаларында салынбақ. Сол үшін жылдың екінші жартысында ин­вес­торларды іріктеу жүргізілмек. Ал қазір ведомство жергілікті әкімдік­тер­мен бірлесіп жер телімі, қажетті ин­фра­құ­рылым мәселелерін шешіп жатқан көрінеді.

Француз сарапшысы Пьер Хитц­бергердің айтуынша, Парижде энер­гети­калық утилизация жасайтын үш зауыт бар.

– Зауыттарда қайта өңдеуге жарамсыз және тым қатты ластанған қал­дық­тарды утилизациялайды. Ондай ке­шен­дер тұрғын үй аудандарында жұ­мыс істейді және лас қалдық бөліп шы­ғару тұрғысынан қоршаған ортаға қауіп төн­дірмейді. Егер термиялық өң­деуден шы­ғатын қалдықтар мен түрлі өндірістен бө­лінетін қалдықтарды салыстырар болсақ онда азот оксиді бойынша автотранспорттар (51 пайыз) алда тұр, бөлінетін лас шы­ғарындылардың 21 пайызы құрылыс саласына тиесілі. Waste to Energy зауытынан бөлінетін лас қал­дықтар деңгейі өзге позициялармен салыстырғанда әлдеқайда төмен, – дейді сарапшы.

Химиялық қауіпсіздік проблемала­ры бойынша сарапшы Валерий Петросян қоқыс жиналатын полигондарды жай әсер ететін химиялық бомба деп бағалайды. «Қалдықтарды энергетикалық утили­зацияға жіберу – қатты тұрмыстық қал­­дықтарды басқарудың жаңа жүйесі және қайта өңделмейтін қоқыстарға қатыс­ты маңызды рөлге ие. Өйткені бұл –  қал­дықтардың көзін жоюдың жалғыз шешімі» дейді ол.

 

Ауру тудыратын жоба

Бір Мәскеудің өзінде дәл осындай төрт зауыт бар екен. Енді біртіндеп тұр­­ғыны миллионнан асатын қалаларға мұн­дай зауыт ауадай қажет бола түсетін секілді. Дегенмен бірқатар эколог басқаша ойлайды. Эколог Сергей Цой­дың айтуынша, министрліктің бірнеше қа­лада мұндай зауыт саламыз деп бел­сенуі қаражатты игерудің амалы ғана.

– Министрліктің қоқыс өртейтін зауыт туралы жобасы қоғамның үлкен қарсылығына ұшырап отыр. 30 жылда бізде қоқыстарды басқаруға қатысты жағдай ретке келтірілмеді. Енді қоқыс көлемі шамадан тыс асып кеткен кезде оның бәрін жинап, өртей салмақ. Әрі онысы жаңғырмалы және «жасыл технология» деп әспеттеліп отыр. Жобаның қолға алынуы шетелдік инвесторлардың бюджет қаржысын алуына мүмкіндік бермек. Жоба Экология министрінің ұсынысымен, қоғам пікірін ескермей іске асқалы жатыр, – дейді эколог.

Сарапшы бұл шешім қоғамның талқылауынсыз-ақ заңнамаға енгізіліп кетті деп есептейді.

– Сірә, Президент тапсырмасы әсер еткен болар. Бірақ онда басқаша ай­тылған: «Үкіметке Waste to Energy технологиясын енгізу үшін заңнамалық базаны және қолайлы инвестициялық жағ­дайларды тез арада қамтамасыз ету қажет» деді. Үкіметке тапсырылды, алайда негізгі рөлді онда неге Пар­ламент алып отыр? Әлде мен бір­деңе түсінбеймін бе? Мүмкін дәл бұлай құ­пиялық жасаудың бір себебі – жобаның жүзеге асуына, сол жол арқылы қаржы игеруге ерекше мүдделі топтардың лоб­биінде жатқан болар, – дейді С.Цой.

Министрліктің бұл жобасына қарсы дайындаған петицияда мынадай дерек келтіріледі.

«Қоқыс өртейтін зауытта қалдық­тарды жағып жіберу қатты тұрмыстық қалдық мәселесін шешпейді. Өйткені жаққаннан кейін улы күл қалдықтары пайда болады. Оның үстіне пластмасса құрамында жаққан кезде пайда болатын қауіпті хлорланған диоксиндер (тұрақты органикалық ластаушылар) түзіледі. Газ тазартқыш жүйелер ұшпа күлге қонақтап қалған барлық тұрақты ор­ганикалық ластаушыларды жойып жібере алмайды. Ол ұшпа күл адамдар мен жануарларға тарап, суға түсіп, созылмалы респираторлық ауруларды, қа­терлі ісікті тудырады» делінген петицияда.

Қолдаушылардың бірі Әлия Сәл­менова жобаны экономикалық және эко­логиялық тұрғыдан да тиімсіз деп санайды. Жобаны Үкімет қолдап тұр, бірақ қоғам белсенділері қарсы. Тайталастың қашанға созылары белгісіз. Бізде қоғам қарсылығына тап болғанына қарамастан емін-еркін қабылданып кете барған бас­тамалар көп-ақ. Қоқыс өртейтін зауыт та соның бірі атанып кете бара ма, әлде жарты жолдан тоқтай ма, ол да белгісіз. Егер белсенділер айтқандай бұл расымен қоқысты жойғанымен, жаңа ауруларға жол ашып берер жоба болып шықса ше? Бастама әлі біраз талқыны, соған сай әлі біраз жетілдіруді қажет ететін секілді.