Турдың алғашқы ойыны Түркістанда жергілікті «Тұран» мен Оралдың «Ақжайық» клубтары арасында өтті. Ел чемпионатына биыл тұңғыш рет қатысып жатқанына қарамастан, соңғы үш ойында «Ордабасы», «Шахтер», «Қызылжар» секілді тәжірибелі клубтарды жеңіп, футбол мамандары мен жанкүйерлер назарын өздеріне аударған «Тұран» футболшыларының шамасы бұл жолы «Ақжайыққа» жетпеді. Түркістан облысының ұжымы қатарынан үш жеңістің эйфориясынан шыға алмады ма, әйтеуір өз алаңында «Ақжайықтан» 2:1 есебімен жеңіліп қалды. Өткен турда былтырғы ел чемпионы «Қайраттан» үш ұпай алған «Ақжайық» жеңістер сериясын төрт ойынға жеткізіп, турнир кестесіндегі 3-орнын сақтап қалды.
Ал Оралдан абыройсыз оралып, жанкүйерлердің сынына ұшыраған «Қайрат» осы турда «Ақтөбені» қабылдады. Сыннан оң қорытынды шығарып, осы маусымда алғаш рет жанкүйерлерінің қолдауымен ойын өткізген Алексей Шпилевскийдің шәкірттері 4:2 есебімен жеңіске жетті. Чемпионаттың алғашқы бес турын сәтті бастаған «Ақтөбе» осымен бесінші ойында қарсыластарынан жеңілді.
Әр тур сайын чемпиондыққа қарай жақындап келе жатқан елорданың «Астана» клубы бұл жолы қарсыласынан басым түсіп, турнир кестесінде өзінен кейінгі орындарда тұрған клубтардан ұзап бара жатыр. Сырт алаңда Қызылорданың «Қайсарымен» кездескен елордалық ұжым 5:2 есебімен жеңіске жетті. 12-турдан бері бірде-бір ойында жеңілмеген «Астана» келесі турда өз алаңында «Қайратты» қабылдайды. Егер елордалықтар бұл матчта да қажетті үш ұпайына қол жеткізетін болса, онда қалған командаларға «Астананы» тұсап ұстау қиын болатын сияқты.
8-турға дейін «Астананың» соңына еріп, турнир кестесінде екінші орынға дейін көтерілген «Тараз» қатарынан төртінші ойында ұпай жоғалтты. Өткен турларда «Астана», «Тобыл» секілді үздік клубтарға жол берген жамбылдықтар бұл турда көш соңында келе жатқан «Жетісу» клубын жеңе алмады. Тараздағы Орталық стадионда өткен ойын 3:2 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. 9 турдан бері жеңіске жетіп көрмеген Ринат Алюетов шәкірттері осылайша маусымдағы екінші жеңісін тойлады.
Өткен турда «Қызылжардан» жеңілген «Каспий» бұл жолы «Шахтерден» ұпай алды. «Жас Қанат» стадионында өткен матчта алаң иелері бар мәселені алғашқы таймда шешіп тастады. Матчтың 2-минутында «Каспий» шабуылшысы Давид Караев есепті ашса, 9-минутта Уаджди Сали таблодағы көрсеткішті еселеді. Ал 30-минутта Караев дубльдің авторы атанды. Айып добынан керемет гол соққан ол осылайша матчтың нүктесін қойды. Сенімді түрде жеңіске жеткен алаң иелері 16 ұпаймен 8-орынға көтерілді. Қарағандылық ұжым 8 ұпаймен 12-орынға табан тіреді.
Соңғы төрт ойынның екеуінде жеңіліп, екі матчта тең түскен «Ордабасы» клубы бұл турда да ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Атырауға қонаққа барған шымкенттік ұжым «Мұнайшы» стадионында өткен ойында «Атырау» клубымен 0:0 есебімен тең ойнады. Кездесудің 61-минутында «Ордабасы» клубының қорғаушысы Александр Симчевич өз айып алаңынан тәртіп бұзғандықтан, төреші пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добын орындаған «Атырау» клубының жартылай қорғаушысы Доньет Шкодра бұл мүмкіндікті голға айналдыра алмады. Бір ұпайды қанағат еткен екі команда да турнир кестесіндегі өз орындарын сақтап қалды.
12-турға жоспарланған соңғы матчта «Тобыл» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжар» клубын 2:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, турнир кестесіндегі екінші орнын сақтап қалды. Қостанайлық клуб сапынан 64-минутта Неманья Николич пен 77-минутта Серікжан Мұжықов мергендігімен көзге түсті.
Сөз басында айтқандай, өзге турлармен салыстырғанда бұл турдың ойындары голға бай болды. Жеті матчтың тек бір кездесуінде ғана есеп ашылмады. Қалған алты ойында жалпы – 25 гол соғылды. Биылғы маусымдағы гол соғу бойынша рекорд әзірше 4-турға тиесілі – 32 гол.
23-24 мамырда өтетін 13-турда «Ақтөбе» – «Тұран», «Астана» – «Қайрат», «Жетісу» – «Қайсар» (ойындар жексенбі күні өтеді), «Ордабасы» – «Тараз», «Қызылжар» – «Атырау», «Шахтер» – «Тобыл» және «Ақжайық» – «Каспий» (ойындар дүйсенбі күні өтеді) клубтары кездеседі.