Өнер • 25 Мамыр, 2021

Қазақ сазына қанат байлаған

519 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәдениет – адамзат әлемінің асыл айнасы десек, кеншілер қаласы Қарағандыда орналасқан Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің маңызы айрықша. Олай дейтін себебіміз, осындағы елдің ғана емес, бүтін қазақ руханияты мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан өнер ордасы әлем жұртшылығы алдында талай мәрте өнер көрсетіп,  қазақ ән-күй өнерін жаңа белеске шығарып келеді.

Қазақ сазына қанат байлаған

Филармонияның төл тарихы сонау 1938 жылдан бастау ала­ды. Әуелгі жылдары бұл қа­рашаңырақта Қали Бай­жанов, Жүсіпбек Елебеков, Ма­­ғауия Хамзин, Нұғыман Әбішев, Зәбира Жұбатова, Ра­хия Қойшыбаева сынды қазақ өнерінің бастауында тұрған халық өнерпаздары қызмет еткен. Ал заманмен бірге түрленіп, ғасырмен бірге түлеген бүгінгі ұжым кешегі аға буынның шы­ғармашылық биігін аласартпай, асқақтатып келе жатыр. 80 жылдан астам тарихы бар концерттік бірлестік әр жылдары қанатын кеңге жайып отырды. Мәселен, 1988 жылы бірлестік жанынан қазақ халық аспаптары оркестрі шаңырақ көтерді. Екі жылдан соң дәулескер домбырашы, шертпе күйдің шебері атанған Тәттімбеттің есімі бе­ріл­ді. Оркестрдің ең алғашқы ди­ри­жері болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүй­сен Үкібайдың, одан кейінгі қа­нат­тас інісіндей болған Шам­ғон Қажығалиевтердің қазақ өнерін төрткүл дүниеге таныс­ты­рудағы еңбегі ересен. «Үлкен аға­ларымыздан аздап есті­гені­міз бар. Ол кезде арбамен ауыл-ауыл­ды аралап, концерт берген. Соғыс кезінде арнайы брига­далары болған. Үлкен ұжым атануы 1950-жылдардан басталды, ол тұста  бірлестік жетек­шісі Қали Байжанов болатын. Нағыз еңбектің адамы. Кешегі Жарылғапбердіден ән үйренген, дәстүрлі Арқа әндерінің ғала­мат орындаушысы болған. Сол ұжым бүгінде биік деңгейден тө­мен­демей, тынымсыз еңбектің нәти­жесінде тыңдармандардың қошеметіне бөленіп келеді», дейді Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің бас директоры Талғат Ыдырысов.

Симфониялық оркестр, Тәт­тім­бет атындағы оркестр, джаз оркестрі, «Аққу» фольклор­лық-хореографиялық ансамблі, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі және «Мерей», «Әуен», «Арай» ансамбльдерінен құрал­ған ел сүйіп тыңдайтын ұжым Қазақстан көлемінде ғана емес, Азия, Америка, Еуропа ел­дерінде түгелге дерлік өнер көр­сетті. Қытайдың 35 қаласына сапар­лап, бес мыңдық орны бар концерттік залдарды аяғынан тік тұрғызып, көрермен көңі­лін­де өшпес із қалдырды. Бұл жа­йын­­да Тәттімбет атын­дағы ака­де­­мия­лық халық аспаптары ор­кестрінің дирижері, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шо­қан­баев «Дүйсен Үкібай кеткеннен кейін, КСРО халық әртісі Шамғон Қажығалиев келді. Мен сол кісінің қасында мол тәжірибе жинадым. Көмекшісі бола жүріп көп нәрсе үйрендім. Шәкеңнің арқасында бірлестік академиялық атақ алып, Тәт­тім­беттің аты берілді. Сол уа­қыттан бастап көп дүние іске аса бастады. Үлкен концерт­тік бағдарламамызды жасап, бү­кіл республика көлемінде өнер көрсете бастадық. Біздің негіз­гі мақсат – Арқа сазгерлері­нің, күй­шілерінің өнерлерін насихаттау болды. Сонымен қоса еуропалық музыканы да тастаған жоқпыз. Жалпы, оркестрдің репертуары жан-жақты», деп еске алды.

Ал ерекше лирикалық мә­нері­мен айрықшаланатын джаз музыка жанры біздің елде кең та­ны­ла қоймаған. Тіпті үл­кен оркестр бар екенін біреу біл­се, біреу білмес. Еліміздегі ал­ғаш­­қы джаз оркестрі 1994 жы­лы сол тұстағы филармония ди­рек­­­торы Ян Симановскийдің бас­­тауы­мен осы бірлестік құ­ра­мын­да құрылған болатын. Сол жыл­дың жазында кенші­лер мә­дениет сарайы алаңын­да ша­ғын оркестрдің концерт қоюы­мен, тұсаукесері өткенде өнер­паздардың талантына көңі­лі тойған Ян Симановский ша­ғын топтың дайын тұрған свинг құрамы екенін бірден тү­­сін­­ген. Көп ұзамай оркестр кеңес­тік джаз классикалары­нан бес шығарманы үйре­ніп, «Шал­қыма» концерт залын­да ең алғашқы бағдарла­ма­ларын көрер­менге ұсыныпты. Осы­лай­ша, шағын ғана «Шалқы­мадан» бастау алған оркестр­дің бүгінде өз тыңдармандарын табуы өнер жолындағы үлкен игілігі болса керек. Күн өткен сайын өрісі кеңейіп келе жатқан өнер ордасында әр жылдары белгілі өнер жұлдыздары қыз­мет етіп, ұжымның беделінің ны­ғаюына, өсуіне көп күш сал­ды. Айткүл және Қанат Құ­дай­бергеновтер өнердегі алғаш­қы қадамын осы «Гәкку» ансам­блінен бастаған. Әйгілі гитарист, «Мюзикола» тобының аран­жировшигі «А студио» тобының бұрынғы орындаушысы болған Болат Сыздықов та 16 жасында осы ансамбльде шы­ғар­машы­лық жолын бас­та­ған еді. Қазақ мәде­ниетінің шам­шырағы сынды Қарағанды об­лы­сының Қали Байжанов атын­дағы концерт­тік бірлестігі күні бүгінге де­йін болашақ өнер жұл­дыздарын көптеп даярлай­тын руханият ордасы болып қала бермек.