Экология • 25 Мамыр, 2021

Гербарий қоры мен тұқым банкін дамыту қажет

1357 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Соңғы онжылдықта өсімдіктер дүниесін сақтап қалудың маңызы артып келеді.

Гербарий қоры мен тұқым банкін дамыту қажет

Жойылуға жақын және сирек кездесетін өсімдіктерді қорғау, өсіру мен пайдалануға қатысты зерттеу жұмыстарын жүзеге асырып отырған Ботаника және фитоинтродукция институтының деректері бойынша республикалық маңызға ие, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер көбейіп барады. Гербарий қоры мен тұқым банкінің жұмысын дамытып отырған биолог мамандардың пікірінше, өсімдіктерді қорғау ісіне ұлттық мәртебе қажет.

Негізі, өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басында қаланған институттың құрамында қайта жаңартылған Ботаникалық бақ бар. Инcтитутта ашық жердегі гүлді, сәндік өсімдіктерді интродук­ция­лау, геоботаника, дендрология, микология және альгология, жемісті өсімдіктерді жерсіндіру және тектік қорын қорғау, жоғар­ғы сатылы өсімдіктер флорасы, тұқым шаруашылығы және өсім­діктерді қорғау, тропикалық және субтропикалық өсімдіктер, дәрілік өсімдіктер сияқты бірнеше зертхана жұмыс істейді.

«Қазақстанның мәдени өсім­діктерінің жабайы туыстарының бо­таникалық алуантүрлілігі – азық-түлік бағдарламасын іске асы­руда агро-биоалуантүрліліктің тектік қорын байыту және сақ­тау­дың көзі» бағдарламасы аясында Қазақстанның жабайы фло­расының генетикалық қорын сақ­тау мақсатында тұқым банкін құру жұмыстары Қазақстанда 2013 жылы жалғасын тауып, Тұ­қым шаруашылығы және өсім­­дік­терді қорғау зертханасы құ­рылды. Тұқым банкін құру ба­ры­сында Н.И.Вавилов атын­дағы Бүкілресейлік өсімдік ша­руа­шы­лығы институты, Мажар­стан­дағы Паннон тұқым банкі, Кореяның Биологиялық ресурстар ұлттық институты, Францияның Лион бо­та­никалық бағының тәжі­ри­белері қолданылған.

Өсімдіктердің тектік қорын жүз­­деген жыл бойы сақтауға болады.

Тұқым және өсімдіктерді қор­ғау бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымда­рының кандидаты Таңсара Мурзатаева тұқым банкі республикамыздың алтын қоры екенін атап өтті. Мұн­да еліміз аумағында өсетін өсім­діктердің тектік қоры сақталған. Агро-биоалуантүрлігі жағынан өте бай ел ретінде осы тектік қор­­да көптеп кездесетін жабайы тұқымдардан алдағы уақытта да азық-түлік өнімдерінің мол қорын алуға болады. Бүгінде Қа­зақстанда 6 мыңнан астам өсім­дік өседі. Әзірге институт ма­мандары тарапынан соның 800-ден астамы ғана игерілсе, тұқым банкінде 4 мыңға жуық үлгісі сақталған. Тұқым банкі арнайы салқындатқыш бөлмемен және ұзақ мерзімді коллекцияларды арнайы температуралық режімде сақтайтын тоңазытқыштармен қамтамасыз етілген. Әлі де заманауи жарақтандырылуды қажет ететін зертхана жұмысы таяу ке­лешекте креотанкерлер, өсім­діктердің жемістерін сақтай­тын технологиялар керек. Зерт­ханада Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ, Қа­зақ аграрлық уни­верситеті мен Қыздар ұлттық уни­верситетінің биология факуль­те­тін тәмамдаған мамандар өсім­дік­терді зерттеу ісімен айналысып келеді.

Зертхана жұмысынан аңғарға­нымыздай, өткен ғасырдың 40-шы жылдары Қырғыз үстірттері, Аңырақай, Іле Алатауы, Тә­ңір тауының баурайлары секіл­ді ал­қап­тардан жиналған өсім­діктер туралы деректер ғалым­дар­дың Екінші дү­ниежүзілік соғыс жыл­дарын­да да зерттеу жұмыс­та­рын тоқ­татпағандығына дә­лел. Онда өсімдікке қатысты деректер атауы­нан бастап, табиғи, экологиялық ерек­­­шеліктері толы­ғымен қам­тылған.

Азық-түлік, дәрі-дәрмек, мал азықтық, техникалық бағыттағы коллекциялардан тұратын тұқым банкінің келешекте жаңа өнімдер алуға мүмкіндік беретін әлеуеті зор. Осы орайда өсімдік қоры Қа­­­зақ­­­станнан үш есеге аз ел Ко­рея­­ның дәрі-дәрмек, косметика, био­логиялық белсенді қос­па өнімдерімен әлемге таны­лып отыр­ған назар аудар­тады. Таңсара Мурзатаева атап өт­кендей, бұл елде барлық өсім­діктің химиялық құ­рамы то­лығымен зерттеліп бол­ған. Тіп­тен, тағамдары шөптен ғана жасалатын жасыл кафелер жұмыс істейді.

«Өсімдік қорын пайдаланып, зерттеу жағынан көрші Қы­тай елінен де артта келеміз. Ал Қазақ­станда әлемнің көптеген елінде кездесе бермейтін сирек өсім­діктер қоры бар. Энде­мик­тер арнайы ареалдарда ғана өседі. Тіптен, әр үй­дің аула­сын­да өсетін бақбақтың гүл жар­ған кезде дәруменге өте бай екені әлімсақтан белгілі. Дала өсім­­дік­­терін күнделікті тұр­мыс­та пай­даланған ата-бабалары­мыз денсаулығы мықты болуының сыры осында жатса керек-ті. Өте бай өсімдік қорымыз бола тұра бүгінде оны дәрі-дәрмек, кос­метикалық бағытта пайдалана алмай отырғанымыз қынжылтады», дейді Т.Мурзатаева.

Тұқым банкінің топтамасы жы­лына 200-400 үлгімен толы­ғып отырады. Мұнда Cиверс ал­­ма­сының бірнеше үлгісі бар. Жау­­қазынның Грейга, Регель, Би­берштейн, Шренк секілді эн­де­ми­ка­лық түрлері белгілі. Алайда олар­дың қатары жыл өткен сайын си­реп барады. Т.Мурзатаеваның айтуынша, өсімдік қорын қазір сақтап қалмасақ, алдағы онжыл­дықта жауқазынның түрлері мүл­де жойылып кетуі мүмкін. Адам­заттың табиғатқа зиян тигізіп жат­­қаны соншалық, Іле Алатауы баурайында өсетін рауғаш гүлдер қарқын алған құрылыстардың салдарынан адам аяғы баспайтын аумақтарға көшіп кеткен. Егер мұндай келеңсіз жайттар жал­ғасын таба берсе, рауғаштар да жойылудың алдында тұр. Бүгінде «Қызыл кітапқа» енген рауғаш гүлдерін селекциясыз-ақ тағам ретінде пайдалануға болады. Ал тау пиязы сияқты дала өсімдіктері ащы келетіндіктен, селек­циялық жолмен алынған түр­­лерін тағам өндірісінде пайдала­нып келеміз. Бүгінде зерттеу жұ­мыстары өсімдіктердің де эколо­гиялық жағдайларға бейім­деле отырып, эволюциялық ке­зеңдерден өтетінін анықтап отыр. Ал институтта өсімдіктер туралы толық мәліметтер қоры бар каталог жұмысы жолға қойылған.

Гербарий қоры – пост­ке­ңес­тік ел­дердегі ең бай ботани­ка­лық қой­ма.

Мыңжылдық тарихы бар гер­барий ғылымы өсімдік жай­лы білімнің қайнар көзі, яғни гер­барийсіз өсімдіктер дүние­сін зерт­­теу мүмкін емес. Ал гер­ба­ри­за­ция географиялық жаңа­лық­тардың бас­тауында тұрған ғылым.

Бүгінде институт құра­мын­дағы Гербарий қоры ғылы­ми ба­ғыттағы кешенді жұмыс­та­рын жалғастырып келеді. Зерт­хана гүлдейтін әрі тамырлы өсім­­­дік­тердің гербарий қорын толық­тыруды мақсат етеді. Гер­барий қорында 260 мыңға жуық өсім­дік­тердің үлгілері бар. 2014 жылы зертханада зиян­кестерден зарар­сыздандыру жұ­мыстары жүр­гізі­ліп, арнайы жабдықтармен қам­тамасыз етіл­ген.

Бөлім меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Ай­жамал Шорманованың айтуынша, 1933 жылы жоғары сатыдағы өсімдіктер зертханасының базасында құрылған Қазақстанның Гербарий қоры посткеңестік ел­­дердің ботаникалық коллек­ция­­ларының құрамына кірген, ұлттық маңызы бар әрі өзіндік индексі белгіленген ең бай жә­не бірегей қойма. Бүгінде елі­мізде жусан туысының – 81, жуаның – 109, қызғалдақтың – 50, бөрі­қарақаттың – 9, рауғаш туы­сы­ның – 10, жүзгін туысының – 86, тобылғы туысының – 10, таңқурай туысының – 4, долана туысының – 7, бүлдіргеннің 2 түрі өседі. Осы орайда ескере ке­тетін жайт, арнайы индекс арқылы өсімдікке қатысты мәлі­меттерді дүние жү­зінің қай өңі­рінен болса да іздеп тауып алуға болады. Гербарий қорындағы 1840 жылдардан бергі аралықта сақталған өсімдіктермен таныс­тырып өткен Айжамал Әбді­райым­қызы «Қазақстандағы 29 фло­ристикалық ауданда био­алуантүрлілікті сақтау мақса­тын­да аумақтық кадастр жасалып, бірінші кезекте Оңтүстік Қа­зақ­стан облысындағы жойылып ба­ра жатқан өсімдіктердің «Қызыл кітабы» жасалды», деді.

Кейіннен Маңғыстау, Жам­был, Қызылорда облыс­тарының кадастры мен «Қызыл кітабы» жа­рық көрген. Сонымен бірге отан­дық гербарий қорында Гер­мания, Корея сияқты елдерден әкелінген өсімдіктердің үлгілері сақталған. Ал республикадағы өсімдіктердің тарихына қатысты деректер 1956-1966 жылдары Қа­зақстан фло­­расының 9 том­дығы болып жарыққа шыққан басылымда жи­нақталып отыр. Бұл жинақ күні бүгінге дейін қолданыста.

Биология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Құдабаеваның айтуынша, елімізде «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер көбейіп барады. «Қызыл кітаптың» соңғы шы­ғарылымы 2014 жылы басылған болса, онда қорғауға алынған өсім­діктердің 387 түрі енген.

«Бұл өсімдіктер флорасы бел­­сенді пайдаланылып жатқа­нының дәлелі. Қазіргі кезде өсім­діктер әлемін қорғау мәсе­лесіне орай өңірлердегі маман­дар дабыл қаға бастады. Осы­ған орай мамандар жан-жақ­ты экс­педицияларға шығып, осы қор жинақталды. Гербарий қо­рында орыстың ғалымдары Шренк, Карелин, Кирилловтың Қазақ­­стан аумағынан жинаған өсімдік үлгілері бар. Кезінде осы ауқымды қор Петерборға жол­данып отырғаны белгілі. Одақ тарағаннан кейін ұлттық қор елі­мізге қайтарылды. Алай­да бұл ауқым­­ды қордың азған­тай бөлігі ғана», дейді Гүлмира Мәу­летқызы.

Ғалым атап өт­кендей, гербарий қоры – өсім­діктің ғылы­ми төл­құжаты. Өте нәзік қор бол­ған­дықтан, ар­найы жағдайларда сақтауды қа­жет етеді. Ол үшін өсімдіктер қой­масы орналасқан ғимарат та за­манауи талаптарға сай салынуы тиіс. Табиғи апаттар орын ала қалған жағдайда, бірнеше ұрпақ жинаған қордан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Ал еліміздегі өсімдіктер қоймасына ұлттық мәртебе берілуі қажет. Өйт­­кені ұлттық мәр­тебесіз гербарий қорының бо­лашағы жоқ. Бұл мәселе инс­титут басшылығы тарапынан Пар­ламент қабырғасында да көте­рілген болатын.

Қазіргі таңда мемлекеттік ма­ңызы зор гербарий қоры мен тұқым банкінің жұмысын әрі қарай жандандыру ісі өзекті. Ма­мандар таяу келешекте ұлттық қор арқылы әлемге әйгілі азық-түлік қорының жаңа түрлерін шығаруға болатын мүмкіндіктің мол екенін айтып отыр. Бұл игі іс ертеңгі күннің ен­шісінде дейтін болсақ, бүгіннің талабы өсімдік­тер­дің тектік қорын зерттеу мен сақ­тап қалу ісіне барынша көңіл бөлу.

Ауыл шарушылығы және жабайы өсімдіктер тұқымын сақ­­­тай­тын қоймаларда мил­лион­­­даған үлгілер бар.

Ғалымдардың мәліметі бо­йын­ша, өсімдіктердің тұқымын ғылыми қолданбалы бағытта сақ­тау­дың алғашқы жұмыстардың негізін Ресей ботанигі Н.Вавилов қалаған. Соғыс жылдарында пайда болған тұқым банкі кейіннен дүние жүзі елдеріне тарала бастады. Бүгінде әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы дақылдары тұ­қымдарының қоймасы Норвегияда Шпицберген архипелагында ор­наласқан. Қойманы жасаудағы мақсат – ғаламдық апаттар кезінде тұқым қорын жойылып кетуден сақтау. Лонгийр елді мекенінде 120 метр тереңдікте орналасқан қоймада 4,5 млн тұқым үлгілерін сақтайтын орын бар. Банк жарыл­ғыш заттарға төтеп беретін есік­тер, шлюзді камералармен жарақ­талған. Бұл арнайы конверттерге салынып, пластик пакеттер­мен темір контейнерлерге орна­ластырылған тұқымды ұзақ жылдар бойы сақтауға мүмкіндік береді. Өткен жылғы деректер бо­­йынша қоймада 900 мыңнан астам тұқым бар.

Жер шарындағы жабайы өсім­діктер флорасының ең бай қой­масы Ұлыбританияның оңтүс­­тігінде орналасқан Kew’s Millennium Seed Bank-те. Зерт­теушілер 1803 жылы Оңтүс­тік Африка жағалауында апат­қа ұшыраған голландиялық сау­дагердің әмиянынан табылып, Кейп­таун ұлттық архивінде сақталып келген тұқым кейіннен Seed Bank-ке жеткізілгені жа­йындағы дерекке сүйенсек, ға­лым­дардың пайымдауынша, тұ­қымды жүздеген жыл бойы сақтау арқылы адамзаттың игі­лігіне пайдалануға болады. Осы орайда Millennium Seed Bank ғалымдарының мақсаты – жаһандағы жабайы флораның толық және бірыңғай тізімін жасау. Seed Bank мамандары осылайша заманауи технологиялардың көмегімен жаһандық апаттар жағдайында ең осал өсімдіктердің өзін сақтауға болатынын дә­лел­деуге тырысуда. Ал осы он­жыл­дықта банк мамандары әлем­дегі жабайы өсімдіктердің 25 пайызын жинауды мақсат етіп отыр.