Футбол • 25 Мамыр, 2021

Доп додасының дүбірі

255 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыған дейінгі доп додаларымен салыстырсақ, 11 маусымда шымылдығы түрілгелі отырған футболдан Еуропа чемпионатының басты екі ерекшелігі бар. Біріншісі – ол 2021 жылы өткелі отырса да, «Еуро-2020» деген атаумен тарихта қалады. Екіншісі – айтулы жарыстың жалауы әдеттегідей бір-екі елде емес, бақандай 11 мемлекетте желбірейді. Анықтап айтсақ, аяқдоп шеберлерінің шиеленіске толы бәсекелері қарт құрлықта орналасқан 11 әсем шаһардың ең керемет 11 стадионында өтеді. Мұндай жағдай бұрын-соңды «Еуро» додаларында болмаған.   

Доп додасының дүбірі

 

Еуропа чемпионатының жеребе тарту рәсімі 2019 жылдың 30 қарашасында Румынияның астанасы – Бухарестте өткен еді. Соның қорытындысы бойынша 24 команда төрт-төрттен алты топқа бөлінді. Олар 11 маусым мен 11 шілде аралығында жарыс көрігін қыздырып, чемпион мен жүлдегерлерді анықтайды. Сонымен, топтық турнирде төменде көрсетілген мемлекеттер өкілдері өзара шеберлік байқасады:

А тобы: Түркия, Италия, Уэльс және Швейцария. Ойындар Рим мен Бакуде өтеді.   

В тобы: Дания, Финляндия, Бельгия және Ресей. Ойындар Копен­гаген мен Санкт-Петер­бургте өтеді.   

С тобы: Нидерланд, Украина, Аустрия және Солтүстік Македония. Ойындар Бухарест пен Амстердамда өтеді.   

D тобы: Англия, Хорватия, Шотландия және Чехия. Ойындар Лондон мен Глазгода өтеді.    

Е тобы: Испания, Швеция, Поль­ша және Словакия. Ойындар Санкт-Петербург пен Севильяда өтеді.    

F тобы: Мажарстан, Португалия, Франция және Германия. Ойындар Будапешт пен Мюнхенде өтеді. 

Тұсаукесер кездесу көне қала – Римде ұйымдастырылып, онда Италия мен Түркия құрамалары күш сынасады. Әр топтың үздік екі командасы плей-офф кезеңіне жолдама алады. Үшінші орынды иеленгендер арасынан молырақ ұпай жинаған төрт елдің өкілдері де дәл сондай құрметке бөленеді. 1/8 финалдық кездесулер 26-29 маусым күндері өтеді. 2-3 шілде күндері ширек финалдық матчтардың куәсі боламыз. 6-7 шілдеде жартылай финалдық және 11 шілдеде ақтық сайыстарды тамашалаймыз. Шешуші ойындардың үшеуін де Англияның астанасы – Лондон қабылдайды.

«Еуро-2020» бәсекелері барысында ерекше назар аударуға тұрарлықтай бірнеше жайт бар. Қарт құрлықтың бас­ты додасында алғаш рет VAR жүйесі қолданылады. Әрбір матч барысында бес ойыншыны алмастыруға болады. Егер ойын қосымша уақытқа ұласса, онда алтыншы футболшыны алмас­тыруға рұқсат беріледі. Сонымен қатар әр елдің ұлттық құрамасы сапында бұрын­ғыдай 23 емес, 26 ойыншы жасыл алаңға шыға алады. 

Ойындар өтетін стадиондар жайында қысқаша мәлімет бере кетейік.

Еуропа чемпионатының ойындары Лондондағы «Уэмбли» (90 000 көрерменге есептелген), Мюнхендегі «Альянц Арена» (75 000), Римдегі «Олимпиадалық стадион» (72 698), Бакудегі «Олимпиадалық стадион»  (70 000), Будапешттегі «Ференц Пушкаш атындағы стадион» (65 156), Санкт-Петербургтегі «Газпром Арена» (61 000), Севильядағы «Олимпиадалық стадион»  (60 000), Бухаресттегі «Ұлттық стадион» (54 851), Амстердамдағы «Йохан Кройф Арена» (53 052), Копенгагендегі «Паркен» (51 711) және Глазгодағы «Хемпден Парк» (51 472) сынды талай жылғы тарихы бар зәулім стадиондарда өтеді.

Биылғы Еуропа чемпионатының жүлде қоры да өте қомақты. Қатысушы командалардың барлығына 9,25 миллион еуродан тапсырылды. Топтық турнирдегі әрбір жеңіс 1,5 миллионға бағаланса, ұпай бөліскен жағдайда сол соманың тең жартысы беріледі. Плей-оффқа жолдама алғандар 2 миллионнан еншілесе, ширек финалға шыққандар 3,25 миллионнан иемденеді. Жартылай финалға дейін жеткендердің есепшотына 5 миллион аударылады. Күміспен күптелген құрама 7 миллион алса, чемпиондық атаққа қол жеткізгені 10 миллион еуроны олжалайды.