Әлем • 25 Мамыр, 2021

Black lives matter тағы да жанданды

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Джордж Флойдтың өмірден өткеніне бір жыл өтуіне байланысты Флойд отбасының мү­ше­лері, Black lives matter митингілерінде жақын­дарын жоғалтқан басқа да азаматтар марш­қа шықты.

Black lives matter тағы да жанданды

Жексенбіде Миннеаполисте бастау алған марш мемлекет бойынша жалғасып, тағы да жалпыұлттық сипат иеленеді деп жоспарланған. Белсенділер Джордж Флойд,  Филандо Кастиль және полиция қолынан қаза тапқан басқа да афроамерикалықтардың суреттерін қолдарына алып, қаладағы сот ғимаратының алдына жиналды.

Одан басқа, «Әділдік орнамай, бейбітшілік жоқ» деген жазу ұстағандар көп. Медиа бұл қозғалыста марқұм Флойдтың отбасы өте белсенді екенін айтады. 

«Бұл азапқа толы бір жыл болды. Жеке өзім үшін де, отбасым үшін де қас қағым сәтте өміріміз күрт өзгеріп кетті. Себебін әлі де түсіне алар емеспін», дейді Флойдтың қарындасы Бриджет.

Осыдан дәл бір жыл бұрын афроамерикалық жігіт полиция қолынан қаза тапты. Кісі өлімі бойынша айыпталған Дерек Чаувинге қатысты үкім 2021 жылы 20 сәуірде шықты. Полиция қызметкерінің 8 минут бойы марқұм Джордждың мойнын аяғымен басып тұрғаны расталды. Бұл оқиға АҚШ-тағы афроамерикалықтардың көтерілуіне себеп болды. Содан кейін АҚШ көшелерінде бірнеше аптаға ұласқан наразылықтар, марштар, тіпті қақтығыстар болды.

Белсенділер АҚШ Сенатының назар аударуын талап етуде. Флойд отбасының қорғаушысы Бэн Крамп та Сенатқа заңға өзгеріс енгізу керек деген талап айтты. Өзгерістер полицейлерге адамды тұтқындау кезінде қылқындыру тәсілін қолдануға тыйым салып, қызмет барысында қате жіберген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тізімін жасауды қарастыруы керек дейді. «Біз Вашингтонның назар аударғанын қалаймыз. Біз федералдық заңды өзгерткіміз келеді. Дауыс беріп, өзгеріс енгізетін кез келді», деді заңгер.

«Белсенділік күні» деп аталатын акция да бірнеше күнге созылады деп жоспарланған. Олар АҚШ азаматтарын бейжай қарамай, заңға өзгеріс енгізуге атсалысуға шақыруда.