Руханият • 25 Мамыр, 2021

Burshaq бүр жарды

862 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда Алматы қаласында ерекше форматта лирикалық кеш өтті. Поэзия кеші. Сахнада өлең ғана салтанат құрды. Әдеттегідей, үлкен мінберден аға буынның ақжарма тілегі мен тегін мақтауы айтылған жоқ. Бата беріліп, шапан да жабылмады. Тек жас авторлардың еркін дауыстары естілді, өлеңдеріндегі нәзік сезімдері сезілді.

Burshaq бүр жарды

Әдеби ортадағы осындай кештердің өту дағдысы сонау жылдардан бері қатып, семіп, бүгінде тек үлкен буынның көзкөрген «шығармашылық» жиынына айналған-ды. Байқасақ, кейінгі уақытта осы бір айсберг мұзы ақырындап еріп, жаңа толқынның, жаңа көктемнің лебі білінетіндей. Оның бір дәлелі – Burshaq шығармашылық бірлестігі ұйымдастырған поэзия кеші. Айта кетейік, бұл аталған бірлестіктің алғашқы жиыны. Әлқисса.

OzgeEpic өнер кеңістігінде өткен әдеби басқосуға қазақ поэзиясының жаңа буын өкілдері – Бауыржан Майтай, Аслан Қуанышұлы, Салтанат Қайырбек, Жұлдыз Молдағали, Айжарық Сұлтанқожа, Ақжан Аманжол, Әсел Кәрібай қатысты.

Жаңадан құрылған Burshaq шы­ғармашылық бірлестігі өнердің, оның ішінде әдебиеттің бірнеше бағыты бойынша жұмыс істейді. Мәселен, Burshaq Poetry поэзиялық кештерді ұйымдастырып, жас ақындарды оқырман қауымға насихаттау­ды көздейді. Сондай-ақ Youtube платформасында олардың шығармашылығын көпшілікке таныстырып, оқырман мен автор арасында көпір болуды мақсат тұтып отыр. Ал алғашқы кешке келген көрерменнің қарасы көп болыпты. Бұл туралы ұйымдастырушылар: «Кештен кейін түсінгеніміз – ақын мен оқырман ғана кездесетін алаң бізде жоғалып барады екен. Өйткені жиын-кештердің көбінде ұзын-сонар әңгіме мен мадақ-марапат айтылып, көпшіліктің ішін пыстырады», дейді.

Шығармашылық кеңістіктің поэзия­дан басқа да бағыттарына тоқталсақ, мәселен, Burshaq Prose прозалық кеш­терді ұйымдастырып, жазып жүрген жас прозаиктерді таныстырмақ. Қазір алдағы уақытта өтетін прозалық кешке дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бірлестік мү­шелерінің сөзінше, ол кешке Досхан Жыл­қыбай, Берікбол Батан мен Темірлан Қылышбек қатысады.

Ал Burshaq Drama  драматургия жанры бойынша жұмыс атқарады. Театр ре­жиссерлері, актерлер мен драматургтерді өзара байланыстыруды көздеген бұл ба­ғыттың аясында оқылымдар, қойылымдар болады деп жоспарлануда.

Burshaq Screenwriters сценарий жазумен, оны продакшндерге ұсынумен айналысады.

Burshaq Publishers – осы бірлестіктің жеке баспасы. Көркем әдебиетті шы­ғарумен қатар, тапсырыспен де жұмыс жасайды. Баспа ісі туралы жас жазушы, Burshaq  шығармашылық бірлестігінің мүшесі Алишер Рахат: «Баспаның бас редакторы – ақын Айжарық Сұлтанқожа. Қазіргі уақытта алғашқы кітаптың іші-сыртын өңдеумен айналысуда. Мақ­сатымыз – қазақ тіліндегі заманауи көр­кем әдебиетті көбейту, әрі оқырманға жеткізудің оңтайлы жолдарын іздестіру, кітап нарығын қалыптастыру, сондай-ақ талантты ақын-жазушылардың шы­ғармашылығын халыққа кеңінен насихаттау», дейді.

Burshaq Event – авторлық, шығар­машылық кештерді, әдеби кездесулерді ұйымдастырумен айналысатын бағыт. Яғни мұнда әдебиет, театр, кино әлеміндегі тұлғалармен кездесу кештері өтеді.

Burshaq Comics кеңістігінде қазақ тілінде комикс жанрындағы шығармалар жазумен айналысады. Әлемде манга, манхва, комикс, фэнтези, ЛитРПГ секілді жанрлар қарыштап дамып жатқанын айтқан бірлестік мүшесі Алишер Рахат: «Ал бізде соңғы бір-екі жылда осы жанрда бірді-екілі кітап шыққаны болмаса, бұл бағыт игерілмей жатыр. Мектеп жасындағы оқушылардың басым бөлігі орысшаға аударылған комикс, анимелерді көріп жүр. Олардың бұл сұранысын қа­на­ғаттандыру үшін, олар өз тілінде қы­зықты, заманауи шығарма оқу үшін комикс жанрында еңбек етуді ойға алдық. Қазіргі кезде бірлестігіміздің негізін қалау­шылардың бірі, жас суретші, дизайнер Диана Максимова бұл жанрдың қыр-сырын меңгеріп, үйреніп жатыр», деп атап өтті.

Burshaq Lab бағытында қазақ тілінен ағылшын, орыс тілдеріне немесе шет тілден қазақшаға тәржімалау жоспарланса, «Burshaq Podcast» – қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын талқылап, пікір алмасып, подкаст күйінде Youtube желісінде жариялайды. Еске салсақ, бұл жобаның екінші эпизоды жарық көрді, алдағы уақытта әр жұма сайын ұсынылмақ.

Burshaq Social – Burshaq Live шы­ғармашылық бірлестігінің youtube ар­насындағы видео-контенттер. Онда шетелдік заманауи кітаптар жайлы, қоғамдағы маңызды, өзекті та­қырыптар туралы бейнематериалдар, әдебиетшілермен сұхбат, поэзия, проза кештерінің, кездесулердің бейнежазбасы және т.б. жобалар қамтылады.

Айта кетейік, бұл жұмыстардың барлығы ұйымдастырушы қыз-жігіттердің өз күштері мен қаражаттарына істеліп жатқан жоба. Бірлестік мүшесі Алишер Рахаттың айтуынша, олардың бұл ойларына қазіргі әдебиеттегі үнсіздік, меңіреу тыныштық әсер еткен. «Егер қазіргі сәттен бастап аудитория қалыптастырып, қазақстандықтардың қазақ тіліндегі көркем әдебиетке назарын бұрмасақ, болашақта еліміздегі әдеби-мәдени, рухани жағдай бүгінгіден де ушығуы мүмкін. Ешкім бізге кітап нарығын жасап бермейтініне, жуық арада ешбір баспа автормен кәсіби жұмыс жасамайтынына, үлкен әдеби агенттіктер ашылмайтынына көзіміз жетті десем болады», дейді ол.

Сонымен, Burshaq шығармашылық бір­лестігінің негізін қалаушы бес талантты жаспен таныса кетсек: Берікбол Батан («Өліктердің уысында ериді» романының авторы), ақын Ақжан Аманжол, суретші, дизайнер Диана Максимова, Айжарық Сұлтанқожа («Телеграмма қабылдап алыңызшы» өлеңдер жинағының авторы), Алишер Рахат («Махаббатым – constant» әңгімелер жинағының авторы). Ал Burshaq Lab-тың (бөлімше) жетекшісі, аудармашы Айкерім Асқар.

Әдеби ортадағы осындай тың жобалар мен игі бастамалардың өмірімізге еніп, жолға қойылып келе жатқанына һәм идея авторларының ешкімнен ештеңе күтпей, батыл қадамға барып, өз мүмкіндіктерінше жақсы дүние жасауға талпыныстарына бек қуаныштымыз. Ойға алған жобалары жалғасын тауып, әдебиетсүйер оқырманның көңілінен шығарына сенейік. Burshaq ақындарының өлеңін тыңдайық, жазушыларының әңгімесін естиік. Тал­қылайық, сын айтайық. Мұндай әдеби бірлестіктердің біреу емес, бірнешесі пайда болып, әрқайсысы түрлі бағытта, түрлі талғаммен жұмыс жүргізсе, қоғамда бір өзгерістің болары анық.

 

P.S. Burshaq сахнасын елордалық оқырман да асыға күтетінін хабарлаймыз.