Әлем • 26 Мамыр, 2021

Польшада Қазақстанның табысқа жету тарихы талқыланды

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Варшавада «Табысқа жету тарихы: Қазақстан мемлекеттілігінің 30 жылдығы және болашақтағы сын-қатерлер» атты халықаралық пікір алмасу семинары өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Польшада Қазақстанның табысқа жету тарихы талқыланды

Мерейтойға қатысты іс-шараны Қазақстан Елшілігі және Польшаның Михал Бойм атындағы Азиялық және жаһандық зерттеулер институты бірлесе ұйымдастырды.

Конференция спикерлерінің құрамына Польша Президенті (1995-2005 жж.) Александр Квасьневский, Қазақстан СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының Басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев және Халықаралық ұйымдар және интеграциялық үдерістер басқармасының басшысы Мәдина Жарбосынова, «Polpharma тобының» президенті – Қазақстанның Польшадағы Құрметті консулы Ежи Старак, «Селена тобының» негізін қалаушы Кшиштоф Домарецкий, сондай-ақ Қазақстан СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы м.а. Ардақ Зебешев сияқты көрнекті саясаткерлер мен бизнес құрылымдардың басшылары кірді. Сонымен қатар, семинар жұмысына Қазақстан, Польша және Еуропалық одақтың салалық мемлекеттік органдарының және сараптамалық-талдау топтарының өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Әлім Қирабаев аудиторияны мемлекетіміздің негізгі жетістіктерімен таныстырып, оның ядролық қаруға қарсы қозғалыс процесіне қосқан қомақты үлесіне және бітімгершілік бастамаларына ерекше көңіл аударды. Қатысушылардың назарына сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы ақпарат ұсынылды.

А, Квасьневский өз сөзінде Қазақстанның әлемнің көптеген мемлекеттері үшін үлгі бола алатын жауапты, бейбітсүйгіш саясатына және ұлттық келісіміне назар аудара отырып, тарихи тұрғыдан алғанда қысқа мерзімде еліміздің қол жеткізген табыстарын атап өтті. Орайлы сәтті пайдалана отырып, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша қазақстандықтарға тәуелсіздіктің 30-жылдығына орай өзінің құттықтаулары мен ізгі тілектерін жеткізуді сұрады.

Семинар алаңында тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда жүргізілген негізгі реформалардың нәтижелері, пандемиядан кейінгі кезеңде екі ел алдында тұрған ортақ сын-қатерлер, Қазақстанның Польшамен және Еуроодақпен ынтымақтастықтың өзге де өзекті мәселелерді талқылады.

Пікірталас барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының саяси және қоғамдық-экономикалық дамуы, сыртқы саясатына қатысты сараптамалық пікірлермен алмасып, құнды практикалық ұсыныстар берді.