Қоғам • 26 Мамыр, 2021

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр

2426 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде отбасы институтын нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Дегенмен жалпыұлттық іс-шаралар жоспары аясында көпбалалы, аз қамтылған және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмектесетін орталықтар мен кеңселер қызметіне қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өзекті болып отыр.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр

Отбасы күні және Балаларға арналған сенім телефонының халықаралық күніне орай өткен «Тұрмыстық зорлық-зомбылық: бүгінгі күннің қатері мен шындығы» тақырыбын қозғаған ғылыми-практикалық конференция барысында әлемнің көптеген елін толғандырып отырған отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрес, оның алдын алу мәселелері талқыланды.

Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы қор және Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен «Дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ және Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының «Жан-Сая» Дағдарыс орталығы» КММ атсалысуымен өткен конференцияда Германия, Франция, Чехия, Тайланд және Орталық Азия елдерінің сарапшылары, ғылыми мекемелердің, ҮЕҰ және мемлекеттік органдардың өкілдері баяндама жасады.

«Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ басқарма төрағасы, «Жан-Сая» дағдарыс орталығы» КММ директоры Зульфия Байсақова әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қозғалысты дамыту мен қоғамда зорлық-зомбылықсыз қатынастар құндылықтарына негізделген мәдениетті қалыптастыруға бағытталған дағдарыс орталықтарының кәсіби желісінің жұмысына тоқталды. Бүгінде республиканың 12 өңірінде жұмысын жалғастырып отырған «Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ үкіметтік емес ұйым ретінде әлемнің жиырма жуық елімен әріптестікте жұмыс істейді. Одақтың белсенді жүзеге асырып отырған жобаларының бірі – №150 балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім телефон желісі. Сенім телефон жүйесі 2005 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен Ішкі істер министрлігінің қолдауымен жұмыс істеп келеді. Стационарлық телефоннан және «Кселл» және «Вeeline» мобильді байланысы арқылы есте оңай сақтауға ыңғайлы үш таңбалы нөмірге қоңырау шалу тегін және құпия түрде балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша психологиялық көмек алуға болады. «Дағдарыс орталықтары одағының» деректеріне сүйенсек, өткен жылы «Балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық сенім телефонына» тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 3 377 қоңырау келіп түссе, көрсеткіш 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 654-ке көбейген. Жалпы тіркелген 226 455 қоңыраудың 7 184-і 18 жасқа дейінгі балалардан түскен.

Жиында Ф.Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің аймақтық директоры Кристоф Мор, «Сорос Қазақстан» қоры басқама төрайымы Аида Айдарқұлова пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық әлемнің көптеген елінде белең алғанына тоқталды.

– Осы орайда БҰҰ мәліметтеріне сүйене отырып, экономикалық, әлеуметтік салдардан туындаған үрей, әсіресе үй жағдайындағы зорлық мәлелесі алаңдатады, – деп атап өтті А.Айдарқұлова. Мұндай жағдайда әйелдер көп зардап шеккен. Ал жедел желіге келіп түскен қоңыраулар екі есеге артып, дәрігерлер мен полицияда кадр жетіспеушілігі байқалған. Төтенше жағдай жарияланған кезде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында алдыңғы жылмен салыстырғанда мұндай жағдай 25 пайызға артқан. Сарапшылардың дерегінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер мен куәгерлердің шамамен 30 пайызын әйелдер мен балалар құрайды.

«Дүние жүзінің көптеген елін алаңдатып отырған әлеуметтік жағдаймен күресте арнайы қызметтер құрылған. Мұндай кезде кәсіби мамандар ғана зардап шегушіге көмектесе алады», деп атап өткен Childline Thailand Foundation (Бангкок, Тайланд) атқарушы директоры Илья Смирновтың айтуынша, деректер бірден кәсіби ортаға жетпей жатады. Олардың көпшілігі басынан өткен ауыр жағдайды жасырып қалады, тіптен қоғам болып үнсіздік таныту жағдайдың ушығуына соқтыруда. «Ал мұндай жағдайда не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздей отырып, көптеген зерттеу нәтижесі қоғам дертін тоқтатуға болатынын көрсетіп отыр. Яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамға ортақ мәселе болғандықтан, зардап шеккендерге қоғам болып қолдау көрсету қажет.

«Талдықорған әйелдерді қолдау өңірлік орталығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Жанар Нұрмұханова тұрмыстық зорлық-зомбылық, агрессорлармен күрес жағдайында жаңа бастамаларды көтеру, заңнамалық тұрғыдан жетілдіру мәселесі тұрғысындағы ойларымен бөлісе келіп, шетел тәжірибесін негізге алды. Өйткені қоғамды алаңдатып отырған түйткілді жайттың мәселесі ортақ әрі барлық елге тән.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен пандемия кезінде бетпе-бет келдік. Бұл қоғамға үлкен сынақ болды. Мұндай жағдай жекелеген адамдардың көңіл күйіне әсер етті. Әйелдер, балалар, мұқтаж жандар мен қарттар қаталдықтан зардап шекті», деді Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Салтанат Тұрсынбекова.

Қоғам болып күрес жүріп жатқанына қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылық әлем елдерін алаңдатып отыр әрі бұл мәселе аяқ асты пайда бола қойған жоқ. Осы орайда 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою туралы декларацияны қабылдаса, 2014 жылы әйелдер мен қыздарға қарсы зормбылықтың алдын алуда Ыстанбұл конвенциясы қабылданды. Ал 2015 жылы БҰҰ мүше елдер 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуға байланысты күн тәртібін бекітті. Қазақстан зорлық-зобылықтың барлық түрімен күрес механизмдерін жолға қойғанына қарамастан, соңғы бес жылдағы саны артқан. Бұл көрсеткеш 2015 жылы 8,6 пайызды құраса, 2020 жылы 20 пайызға жеткен, ал орташа деңгейдегі қасақана әрекеттер 2015 жылы 2, ал 2019 13 пайызды құраған. Зорлық-зомбылықтың салдарынан пандемия кезінде әйелдер мен балалар, қарт адамдар мен мұқтаж жандар көп зардап шекті. Оның себебі жұмыссыздық, ақпараттың аздығы, білім деңгейінің төмен болуы сияқты тағы да басқа әлеуметтік салдармен байланысты болуы мүмкін. Ал онымен күресте алдын алу мен пайда болуы себептері анықталуы қажет.

Республикада тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының көпшілігінде ескерту, айыппұл немесе 15 күнге дейін бас бостандығын шектеу түрінде әкімшілік жаза қолданылады. Бұған агрессорлар тарапынан немқұрайдылық байқалады. Олар құқық бұзу әрекеттері үшін ауыр жаза болмайтынына көзі жете отырып, психологиялық қысым көрсетеді, жақындарына күш қолданып, зорлық-зомбылық жасауын жалғастыра береді. Осы орайда қоғам назарын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жоюға, агрессорлармен күрес, балаларға қатысты қатыгездікті анықтау жүйелерін қалыптастыру мәселелеріне аударуды мақсат еткен жиын барысында мамандар алдағы уақытта оны түпкілікті шешудің жолдарын жетілдіре түсу қажеттігіне назар аударды.

 

АЛМАТЫ