Авторы әлі белгісіз
Криптовалюта – қолмен ұстап көруге болмайтын, тек қана криптографиялық тәсілдерге сүйеніп жасалған электронды валюта екені белгілі. Оның ерекшелігі – ешқандай құрылымға бағынышты болмауында. Яғни валютаны орталық жүйе, банктер басқармайды. Біз айтайын деп отырған биткойн – криптовалютаның бір түрі.
Биткойн 2008 жылы 9 беттік құжат ретінде пайда болды. Құжатта автор ретінде Сакоши Нокамото деген кісі көрсетілген. Дегенмен жаңалық иесі туралы нақты ақпарат жоқ, ал бар ақпараттың өзі анық емес. Мұның жеке тұлға не бүркеншік есім артындағы топ екені әлі беймәлім. Технология саласында таңғалдырудан жалықпайтын Илон Маск болуы мүмкін деген де болжам бар. 2009 жылы алғашқы 50 биткойн сатылымға шықты.
«Биткойн: адамнан адамға электронды ақша жүйесі» деп аталатын құжаттың мақсаты – еркіндік. Қаржы саласы құрылымға бағынышты. Яғни саланы реттейтін, бақылап, қадағалайтын Ұлттық банк, Қаржы және Экономика министрліктері бар. Ал криптовалюта авторының идеясы – адамдар арасында ақшаның еркін жүруін қамтамасыз ету. Сіз жасаған әр операция ақшаны емес, платформаны қажет етеді. Сол платформада әр ісіңіз жазылып, қаражаттың көлемі сақталады.
Бәріне ортақ жүйе
Бұл дегеніміз – әр аударылған биткойн, яки ақша туралы ақпарат адамзат баласының барлығына қолжетімді болады. Небәрі 145 гигабайттық құжатты компьютеріңізге жүктеп алып, қарап отырасыз. Оның қолжетімді болуы «Бұл қаншалықты қауіпсіз?» деген сұрақ та тудырады. Жүйенің сенімді болуы – оның барлығына ашық болуында. Жүйеде жазба қалдырған екі тарап та өзгеріс енгізіп, жаңа жазба тіркей алады. Ақша аударушының, төлемді алған адамның және қанша аударғаны туралы жазба тіркеледі. Әлбетте, ең алдымен жеке есепшот керек. Мұны «электронды әмиян» десек, түсініктірек болар. Бұл әмиянда ақша емес, биткойндардың сізге тиесілі екенін растайтын кілттер болады. Кілтті жоғалтсаңыз, биткойндардан да айырыласыз деген сөз.
Әмиянның екі кілті болады: бірі – жеке, екіншісі – ортақ. Операциялар жасау үшін жеке кілт қолданылады. Ортақ кілт – есепшот нөмірі, ал жеке кілт операцияларды растау үшін қолданылатын дәстүрлі CVV кодының баламасы іспетті. Ал жалпы ақпаратты бақылауға ортақ кілт те жетіп жатыр. Тауар иесі сатып алушыға ортақ, ашық кілтті жібереді. Сатып алушы жеке кілтімен растап, ақша аударады. Бұл бір тізбек ретінде жүйеге сақталады. Осыған қатысты басқа да операция тізбекке тізіледі. «Блокчейн» осылай қалыптасады.
Майнер
Биткойн иеленудің ең қарапайым тәсілі – сатып алу. 26 мамырдағы дерекке назар салсақ, 1 биткойн 17 380 122,94 теңге тұрады. Одан бөлек, өзіңіз ұсынатын қызмет не тауарға ақы ретінде ала аласыз.
Иә, тауарыңызды биткойнға сатамын деп көрсетудің қазір еш әбестігі жоқ. Дегенмен биткойнмен төлеу еліміздің заңына қайшы екенін ескеріңіз. Өйткені Ата Заңда төлем құралы ретінде теңге көрсетілген. Болмаса, майнинг үрдісіне қатысып, жұмысыңыздың өтемі үшін биткойн алып отыру мүмкіндігі бар. Еңбек нарығындағы жаңа мамандық – майнер.
Майнерлер жоғарыда айтып кеткен блокчейндерді бақылаумен айналысады. Тізбектер әлеміне бойлағысы келетін кез келген адам майнер бола алады. Ол үшін қуаты күшті құрылғы қажет. Өйткені бүгінде бұл салада да өзін қалыптастырып үлгерген майталмандар жетіп артылады. Майнерлер транзакцияларды растап отырады. Ал тізбекті тексеріп, растау үшін мықты сервер мен графикалық карта қажет. Мықты құрылғы қажет жылдамдықпен қамтамасыз ете алады. Басқаратын орталық не құрылым болмағандықтан, мұнда кім жылдам болса – транзакция соныкі. Ақпаратты бірінші болып растаған майнер биткойнға ие болады.
Майнерлердің көбі Қытайда тұрады екен. Криптовалюта нарығының 65 пайызын қытайлықтар бақылайды. Бұл бақылау реттеу немесе пәрмен беру емесін тағы еске саламыз. Олар транзакцияларды аңдып, оларды растап отырады. Одан кейін АҚШ, Ресей, Қазақстан, Иран мен Малайзияда майнерлер көп екен. Қазақстанның көштен қалмай, әлемдік трендтен азық тапқанын бақылаушылардың 6 пайызы біздің елімізде тұратынынан түсінуге болады. Ал бұл салада АҚШ-тың үлесі – 7 пайыз. Майнерлердің көп болуы елдегі электр энергиясының арзан болуына байланысты-мыс. Өйткені Кэмбридж университетінің ғалымдары бұл жұмыс үшін жылына 120 ТВт қажет екенін есептеген. Ал бұл бір елдің жылдық тұтынысынан да көп.
Биткойнның болашағы
Bridgewater Associates инвестиция компаниясының басшысы, миллиардер Рэй Далио биткойн мемлекеттің қаржы бақылауын уысынан шығарып алуына әкелуі мүмкін деген ой айтты. «Азаматтар қаражатын криптовалютаға айналдырған сайын мемлекеттің халықтың капиталын басқару әлеуеті азаяды. Ал оның күн санап қымбаттауы мен адамдар арасында сұранысқа ие болуы үкіметтердің де бұл салаға назар аударуына алып келмек. Ал үкіметтер бұл саланы да қадағалауға тырысуы мүмкін. Дегенмен биткойн әлі де қарқынды дамиды», дейді инвестор.
Жоғарыдағы сөзден биткойнды тек төлеу құралы емес, инвестиция көзі ретінде де қарастыруға болады. Ақшасы артылғандар алтын сатып алатынын білеміз. Биткойнның «криптоалтын» деген бейресми аты бар. Айтпақшы, АҚШ-та ХХІ ғасырдың басында алтын сатып алу белең алғанда үкімет капиталды қолдан жіберіп аламыз деген оймен алтын сатып алуға тыйым салған-ды.
Биткойн күнделікті қолданысқа енсе, бір минут ішінде қанша операция орындалатынын көзге елестету мүмкін емес. Сонда тіркеу жүргізілетін платформа жайы қалай болады десеңіз, майнерлерді еске алыңыз.
Құбылмалы валюта
Криптовалютаның альткойн, эфириум, риппл, даш, нем сынды басқа да түрі бар. Бұлар – биткойн кодына өзгеріс енгізу нәтижесінде пайда болған валюталар. Әрқайсысының бағасы да әртүрлі.
Биткойн саны шектеулі екенін де айтып өткен жөн. Әлемде 21 млн биткойн бар. Қазір 90 пайызға жуығы табылған деседі. Ал қалған 10 пайызын табуға тағы 120 жыл қажет екен. Биткойнның ашық әрі сатып алынатынын ескерсек, 120 жыл деген көп. Алайда биткойн кодына шектеу енгізілген. Яғни белгілі бір шекке жеткенде валютаның бағасы одан әрі өспейді. Оған қоса, әр төрт жыл сайын майнерлердің жұмысы екі есе қысқарып отырады екен.
Биткойнге қатысты мәселеге елімізде Ұлттық банк жауапты. Дегенмен ведомство бүгінге дейін бұған қатысты нақты ақпарат не түсініктеме берген жоқ.
Әрине, бұл салада да опық жеуге болатынын ескерген абзал. Өйткені электронды валюта бағасы құбылмалы. Валюта бағалаудың ережелері мен сүйенетін негізі жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, ол – Қазақстан заңнамасына сәйкес төлем құралы және инвестициялау объектісі емес. Сондықтан бұл – әр азаматтың жеке жауапкершілігінде. Ал ең қызығы – алаяқтар бұл салаға да қол салып үлгерген. Криптовалюта платформасы мен биржаларды бұзу деректері бірнеше рет тіркелген. Оған қоса, әмиян иесі де кілтсөзді ұмытып қалуы мүмкін. Соңғы статистикаға сүйенсек, бүгінге дейін табылған биткойнның 20 пайызы сол себеппен «жоғалып кеткен». Ал ол 140 млрд АҚШ долларының «желге ұшқанын» білдіреді.