Руханият • 28 Мамыр, 2021

Түркістанда көне түркі тіліндегі алғашқы Құран кітабының тұсаукесері өтті

1008 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясы Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесіп, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты халықаралық конференция өткізді. Конференцияға қатысушылар алдымен Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы барып, тағзым етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда көне түркі тіліндегі алғашқы Құран кітабының тұсаукесері өтті

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ашып, жүргізіп отырды. «Бұл киелі шаһарда барша түркінің рухани діңгегі Әзіреті Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бен аяулы хандарымыз бен данагөй билеріміз мәңгілікке  тыным тапқан. Бүгін, міне осы Ясауи дәуірінде, қастерлі Түркістан топырағында бұдан 1000 жыл бұрын түркі тіліне аударылған қасиетті «Құран Кәрім» кітабының салтанатты тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Түркия Президенті Тайып Режеп Ердоғанның алғы сөзімен жарық көрген бұл қасиетті Құран-Кәрімнің басылуына ықпал жасап, септескен түркі мемлекеттерінің басшылары шарамызға қолдау білдіріп отыр. Түркістанның ислам өркениетінің ежелгі алтын бесігі екеніне тағы бір мәрте айғақ боларлық айтулы шараға түркі дүниесінің көрнекті тұлғалары, қанаттас ұйым басшылары, бауырлас елдердің дипломаттары қатысуда», деді Дархан Қыдырәлі.

а

Қасиетті Құран-Кәрімнің тұсаукесер салтанатына ТҮРКСОЙ ұйымының Бас Хатшысы Касейнов Дүйсен Қорабайұлы мен «Білге Түрік мәдениет қоры» басқарма басшысы, экс-губернатор Туна Гүнгөр Азим мырза ортаға шақырылып, тұсаукесер рәсімі өткізілді. Аталмыш киелі кітаптың екі данасы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановқа және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбековаға табыс етілді. Яғни кітап Тәуелсіздікпен құрдас әрі екі ел ашқан оқу орнындағы және жақында Елбасы жоғары баға берген облыс орталығындағы кітапханаға қойылады. Конференцияға, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ержан Мұқашев, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Али Риза Акынджы, «Білге Түрік» мәдениет қорының басқарма төрағасы, экс-губернатор Гунгөр Азим Туна сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар қатысты.

в

Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған кітап біздің заманымызға жеткен Құран аудармасының ең көне әрі толық нұсқасы саналады. Бүгінде бұл қолжазба Ыстамбұл қаласындағы Түрік және Ислам өнері музейінде сақтаулы тұр. Түркістан топырағында туып, жетілген ғұламалар сусындаған мыңжылдық мұра осылайша түркология, тіл дәне дін мәселелеріне қызығушылық танытатын ғалымдар мен ізденушілерге қолжетімді болып, толық факсимиле нұсқасында тұңғыш рет жарияланып отыр.

д

Келелі кеңеске қатысушылар Елбасы бастамасымен қайта түлеген Түркістан және оның түркі әлеміндегі маңызы туралы ойларын ортаға салып, бауырлас елдердің бірлігі жайында пайымды пікірлерімен бөлісті.