Әдебиет • 30 Мамыр, 2021

Көркем шындықтың көмбесі

428 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өмір шындығы мен көркем шындықтың қалайда айырмашылығы болады. Шығарманы оқығанда соны сезінсең, осал болмағаны. Жазушы Қуаныш Жиенбай әңгімелеріндегі көркем шындықтың сәулесі оқырманды баурайды.

Көркем шындықтың көмбесі

«Ұры» әңгімесі Әлібек-Алекс атты америкалық отбасы асырап алған бала туралы. Қазақстан де­легациясының Солт-Лэйк-Сити қаласында өткізген көрмесіне келген баланың қылықтары оқырманды бей-жай қалдырмайды. «Жүріс-тұрысы нық. Ынжықтық атаулыдан ада. «Экспонаттарды қолмен ұстамаңыз» деген ескертпеңізге пішту дейтіндей емес. Кеше де, бүгін де солай. Кереге басына ілін­ген қасқыр ішіктің қыртысын жазып, біразға дейін үн-түнсіз қарап тұрды. Түлкі тымақты бірден басына киеді-ау дегем, жоқ, алдымен бауырына басты, сосын танауына тақады. Қайран қазақы қан, тайбурылдай тепсініп, ойқастап шықты-ау ақыры!». Түлкі тымақтың тер сіңген иісін иіскеп, теріс қарап жылап тұрған баланың жай-күйін жазушы тебірене суреттейді. Ба­ланың гүлге қонған шықтай таза болмысы мен мұхит асқан соң сіңірген қылықтарын параллель өріп отырады. Бала өзін ту сыртынан бақылап жүрген делегация өкіліне алғашқыда өтірік айтады. Отбасымен эмиграция­да жүрген жапон ба­ласымын деп алдайды. Бірақ жазушының көзімен қарағанда, ауыр тағдыры ерте есейтіп жіберген балаға оның өзі жарасымды сияқты. Бала болса да, өзін әлдекімнің аяп, мүсіркей қарағанын ұнатпайды. Ал делегация өкілі оның қазақ екенін таныспай тұрып, әлгі түлкі тымақты бауырына басып, жылап тұрған кезінде-ақ біліп қойған еді. Жазушы мұхит асқан асыранды, жетім баланың психологиясын осылайша шынайы бейнелеу арқылы әңгіменің әсерін күшейтуді ойға алған.

Әңгімедегі ең шешуші сәт – Әлі­бек-Алекстің «ұры» атануы. Көрмені аяқтап, елге қайтуға жи­нал­ған қазақстандықтар бір түн­нің ішінде әбігерленіп қалады. «Көр­меге ұры түсті» деген дабылдан соң бәрі көрме заттары тұрған жерге жиналады. «Ішке алдымен иттерін абалатып, екі-үш полиция кірді. Соңдарынан біз лап қойдық. Адам-ау, сенейін бе, сенбейін бе?! Тура жүрегім тоқтап қалғандай болды. Полиция қызметкері бір қо­лымен Әлібекті мойнынан мы­та қысып, екінші қолымен ақ туша­ның терісін сүйретіп, бір бұ­рыштан бізге қарай бұрылып келе жатты». Сонда бала болса да, ерте есейген Әлібек-Алекс өзіне ерекше назар аударған делегация өкілі Аманжолға Америкаға келгелі тұңғыш рет рақаттанып ұйықтағанын, ақ тушадан жұпар иісі шы­ғатынын айтады. Он үш жастағы баланы қамайтын заң жоқ екенін, тек айыппұлмен құтылатынын да жеткізеді. Соңында сол ақ тушаны, дұрысы, тулақты тастап кетуін өтінеді. Бірақ қазақстандықтар тулақты ­тастап кете алмайды, өйткені оған заң рұқсат бермейді. Бастапқыда әңгіменің тақырыбы дұрыс қойылмаған сияқты әсер еткен. Әңгімені оқып шыққан соң, ұрының кімдер екенін түсіндік... Болмысымен, түрі­мен, тілімен қазақ Әлібектің жат елде өмір бойы қазақылықтың иісін сағы­нып, аңсап өтуіне себепкер болғандардың, яғни оның тағ­дырын, болашағын, арман-мақ­сатын бал­талап, быт-шытын шығар­ғандардың бәрі ұры. Жазушы мұны көркем шын­дық­пен жым­дастырып, шебер жеткізе біледі.

«Мылқау» әңгімесінде де не­гіз­гі кейіп­кер жас, оқушы бала. Бал­шайым атты сыныптасының көзіне түскісі кеп, мектепте турникке тартылып, түрлі жаттығу­лар жасауды әдетке айналдырған Шым­берген қыздың емес, ауылға келіп, түсіретін объектісін бақылап жүрген режиссердің көзіне түседі. Ол бұған өзі түсіруге дайындалып жүрген фильмде мылқау баланың рөлін ойнауды ұсынады. Әрі қарай оқиға қоюлана береді. Шымберген сол рөлге ену үшін барын салады. Сценарийдегі өзіне тиісті жерлерді жаттайды. Мылқау болған соң бұл айтатын сөз жоқ екені де белгілі. Сол үшін мылқау бала барлық айтар ойын қимыл-әрекетпен, ым-ишарамен, бет-жү­зін, аяқ-қолын, денесін «қатыстырып» жеткізу керек. Бұл сөйлегеннен әлдеқайда қиын екені белгілі. Оның нанымды шығуы тағы бір бөлек. Шымбер­ген мектептегі оқуын жиыстырып қойып, рөлге шындап дайын­далады. «Қалашықтағылардың қы­лығын жақтырмағандай тілін шығарып, көзін ойнақшытып, құлағын бұрап, адам шошырлық мылқаудың қарсылық кейпіне көшеді. Ойхой, арғы жағын ежік­тейтін несі бар, мылқау бала бас­ты геройға толықтай айналып үл­гереді мұнан былайғы жерде. Екі қол, он саусақ, бүткіл дене қоз­ғалысқа түседі. Баяғы кеудені ұр­ғылағаны ұрғылаған ба, мылқау баланың шыбын жаны көзіне көрініп, қолды-аяққа тұрмай бебеулей түседі.Адамдарға арыз айтады. Туған жерді тулақтай тоздырып, жұмақ өлкелер іздеп, бастарыңның ауған жағына лағып кеттіңдер дейді. Мұндай сатқындықтарың үшін не істерімді білмеймін деп, көнетоз жейдесінің өңірін қақ айырады да, топыраққа аунай кетеді. Кілт бұрылып, экранға жақындап келіп, сұқ саусағын шошайтады. Мүмкін адамдарға айтқан өкпе-назы, әлде лағынеті шығар...». Міне, жазушының кейіпкері осы мылқау баланың рөлін өзіне сіңіріп алғаны сондай, кино түсіру аяқталып, шы­ғармашылық топ, асай-мүсейін асы­нып, қалаға кетіп қалған соң да сол рөлден шыға алмай қалады. Ол енді баяғы Шымберген емес. Жерлестерімен емен-жарқын сөй­леспейді, сөйлескісі де келмейді. Тек оңаша жолыға қалған кезде Бал­шайыммен ғана азын-аулақ сөй­леседі, оның өзінде қыз қалап тұр­са. Жазушы мылқау бала рөлінің Шым­бергенді қатты есейтіп жібергенін осы­лай бейнелейді.

Экология, туған жер тақыры­бын өзек етіп алған «Мылқау» әңгіме­сі арқылы жазушы шынайылық­тың өте бағалы қасиет екеніне назар аудартады. Адам өзінің бар­лық сезім­дерін, ниетін шынайылықпен жет­кізсе, өзгенің жан дүниесіне әсер ете алатынына меңзейді. Екін­ші жағынан, мылқаудың об­разынан шыға алмай, мұңға бат­қан, сөйтіп психологиялық порт­ретін қалыптастырып үлгерген Шым­берген бей­несінің ерекшелігі де оқырманды қызық­тыра түседі.

Жалпы алғанда, жазушының екі әңгі­месі де идеялық-көркемдік шешімінің күш­ті­лігімен ерекше.