Бұл – Балтық жағалауында ұйымдастырылып жатқан әлем біріншілігінде тіркелген ең ірі есеп, былайша айтқанда, рекордтық нәтиже. Әзірше, АҚШ, Финляндия, тіпті, А тобында көш бастап тұрған Ресей мен Словакия хоккейшілері де мұндай көп шайба соға алған жоқ.
Канаданы қапы қалдыра алмадық
Жерлестеріміз Италия құрамасына дейін бесінші турда чемпионаттың алғашқы үш ойынында жеңілістің кермек дәмін татқан Канада хоккейшілерімен шеберлік байқасты. Аса тартысты өткен матчта Үйеңкі жапырақтар елі спортшыларының бағы жанып, жеңісті жұлып алды.
Қазақстан құрамасы кездесуді жап-жақсы бастағанымен, матчтың 6-минутында қақпаларына гол өткізіп алды. 4-минутта Дми-трий Шевченко тәртіп бұзғаны үшін екі минутқа кіші айыппен жазаланып, командасын төрт ойыншымен қалдырды. Сан басымдығына ие болған канадалықтар бұл мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Бастапқыда төрешілер Эндрю Манджапаненің соққан голын есепке алмағанымен, бейнеқайталаудан кейін гол ойын жағдайында соғылды деген шешім шығарды.
Екінші кезең бастала салып Адам Хенрик Андрей Шутов қорғаған қақпаны дәл көздеп, есепті 2:0-ге жеткізді. Жерлестеріміз екінші 20 минуттықта ойынға шындап кірісті. 24-минутта Никита Михайлис қарсы шабуылда қарсыластың қорғанысын бұзып-жарып, есеп айырмасын қысқартты – 1:2. Екінші кезең соңына дейін біздің құраманың есепті теңестіретін мүмкіндіктері болған еді. Алайда төрт ойыншымыз тәртіп бұзып, 8 минут кем құрамда ойнағандықтан шабуылға емес, қорғанысқа көбірек көңіл бөлуге мәжбүр болды. Дегенмен үшінші кезең бастала сала Қазақстан құрамасы бәрібір таблодағы көрсеткішті теңестірді. Кертис Волктың пасынан кейін қақпаны дәл көздеген Михайлис дубльдің авторы атанды. Бірақ жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. 48-минутта канадалықтар тағы да есепте алға шығып, матч аяқталуға үш секунд қалғанда Коннор Браун біздің бос қақпағымызға командасының төртінші шайбасын соғып, кездесудің нүктесін қойды – 2:4.
Италияны аса ірі есеппен жеңдік
Тартысты ойында қарсыластарына есе жіберген Юрий Михайлис шәкірттері ертесіне Италия хоккейшілерімен үш ұпай үшін бақ сынады. Барлық ойында жеңіліске ұшырап, турнир кестесінде соңғы орында келе жатқан италиялықтар біздің жігіттерге қарағанда бір күн демалып ойынға тың күшпен келген-ді.
Бүгінге дейін екі елдің хоккейшілері әлем чемпионатында 6 рет кездесіп, екі құрама да үш ойыннан жеңіске жеткен. Ең кейінгі рет Қазақстан мен Италия 2018 жылы Будапешт мұзайдынында жолығып, жеңіс италиялықтардың еншісінде кеткен еді. Сөйтіп Италия элиталы дивизионда өнер көрсетуге мүмкіндік алып, Қазақстан төменгі топқа түсіп қалған-тын.
Бұл матч сол бір ауыр жеңілістен кейін есе қайтару үшін тамаша мүмкіндік еді. Соны түсінген біздің хоккейшілер 60 минут бойы мұзайдында аянып қалмады. Матч бастала сала сан басымдығына ие болған Қазақстан құрамасы «ә» дегеннен есеп ашып үлгерді. Голдың авторы – Роман Старченко. Бірақ италиялықтар да оңай шағылатын жаңғақ емес екендіктерін аңғартып, жерлестерімізге біраз қарсылық көрсетті. Алғашқы кезең 1:0 есебімен аяқталды. Үзілістен кейін қарсыластарымыздың ойын өрнегі өзгеріп сала берді. Шайбаға иелік ете салысымен қарсы шабуылға шыққан Италия құрамасы 24-минутта өз дегендеріне жетті. Никита Бояркин Анджело Мичелидің соққысын қайтара алмады. Екінші кезеңнің орта тұсынан ауғанда Егор Петухов пен Евгений Рымарев белсенділік танытып, есепті 3:1-ге жеткізді.
Ал үшінші кезеңде Қазақстан құрамасы голдан жаңбыр жауғызып, жанкүйерлерге нағыз хоккей мерекесін сыйлады. Бұл кезеңде жерлестерімізден Никита Михайлис, Кертис Волк, Артем Лихотников (дубль), Кирилл Панюков, Роман Старченко, Виктор Сведберг және Егор Шалапов гол соқса, италиялықтар Петер Хохкофлер мен Алекс Петан екі голмен қарымта қайтарды. Қорытынды есеп – 11:3.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстан биылғы әлем чемпионатында бір ойында ең көп шайба соққан құрама атанды. Бұған дейінгі үздік нәтиже Германия хоккейшілеріне тиесілі еді. Олар да Италия құрамасына 9 шайба соғып, чемпионаттың үздік нәтижесін тіркеген болатын.
Сонымен қатар бұл – Қазақстан құрамасының әлем чемпионаттарының (элиталы дивизионда) тарихындағы да ең ірі нәтижесі. Жерлестеріміз 2004 жылы Франция құрамасын 5:0 есебімен жеңсе, 2006 жылы Словениядан да дәл осындай есеппен басым түскен еді.
Алты ойыннан кейін 10 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы В тобының турнир кестесінде үшінші орында келеді. Бірақ өзге командаларға қарағанда бір ойын көп өткізген. Жерлестеріміз әлем чемпионатындағы соңғы ойынын бүгін Норвегия хоккейшілерімен өткізеді. Егер бұл ойында негізгі уақытта жеңіске жете алса, Қазақстан хоккейшілері тұңғыш рет Әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде ойнайды.