Аймақтар • 31 Мамыр, 2021

Өскеменде Шәкәрімнің бюсті ашылды

643 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Өскемен шаһарында көрнекті ақын, Алаш қайраткері Шәкәрім Құдайбердіұлының бюсті ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өскеменде Шәкәрімнің бюсті ашылды

Айта кетсек, Өскеменде бұл Алаш қайраткерлеріне қойылған алғашқы мүсін. Бюст қаладағы Шәкәрім атындағы №1 мектептің алдына орнатылды. Санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған шараға Шығыстың зиялы қауымымен қатар, қала басшылығы да қатысты.

«Асан болып туып қазақтар, өледі Асан қайғы болып» дейді. Міне, бір ғасыр өтіп кетті. Әлі күнге дейін жылағымыз келеді. Бұл деген үлкен қасіреттің синтезі. Шәкәрім туралы түгендеп айтпай-ақ қояйын. Біз Тәуелсіздіктің кемшіліктеріне көп тоқталамыз. Басты жетістігіміз, еркін сөйлейміз, еркіндікке қолымыз жетті. Осыны біз көп жағдайда ескере бермейміз. Арыға бармай-ақ қояйын, осыдан отыз жыл бұрын Өскеменде репрессия құрбандарын іздегенді қойып, көшеде қазақша сөйлеуге зар едік. Үйде көрпенің астында күбірлеп, қазақ екенімізді айтатынбыз. Шәкәрімнің мүсіні орнап жатыр екен, бұл Тәуелсіздіктің арқасы», деді жазушы Әлібек Қаңтарбаев салтанатты жиында. 

Мүсіннің бой көтеруіне мұрындық болған мектептің директоры Әділ Сайлаубекұлы. Ұсынысты қамқоршылық кеңес қолдап, демеушілердің көмегімен ұлы тұлғаның бюсті соғылды.

Ескерткіштің авторы Шығыстың белгілі суретшісі, мүсінші Еркебұлан Жәкішов.