Руханият • 31 Мамыр, 2021

Аңшылық – қазақтың байырғы кәсібі

10675 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Аңшылық-саятшылық – қазақтың байырғы да қосалқы кәсібінің, сондай-ақ көшпелілер үшін күнкөрістің әрі көңіл көтерудің бір саласы. Аңшылықтың бейнеті, еңбек шығыны аз, бірақ табысы құнды – бағалы аң терісі, еті, қауырсыны, мамығы – қай-қайсысы да адамдардың қажетіне жараған. Иә, мұның бәрі жалпы ата-бабамыздың көшпелі өмірінің ажырамас бөлшегіндей дүние. Алайда кейінгі уақытта аңшылықты кәсіп қылғандардың қарасы азайып барады. Бұл да заманның озығы не тозығы шығар?

Аңшылық – қазақтың байырғы кәсібі

Бүгінде мылтық асынып, ит жү­гіртіп, құс салатын аңшылық пен саятшылық кәсіптен гөрі спорт­тық мағынаға ауысқандай. Әлеу­меттік желіден ит жарыстырып, тө­белестіріп немесе қыран құсты аңға салудан жарысқан жаңалықтар бірен-саран болса да ұшырасып жатады. Енді бірі дала аңын қызық үшін баудай қырып, онымен бірге суретке түсіп жатады. Табыс үшін ақбөкендерді аяусыз атып жатқандар қаншама? Иә, бұл бөлек әңгіме. Біз­дің жазбағымыз аңшылықты ата жолымен ұстап келе жатқан азаматтар туралы болмақ.

Қазталов өңірінде аңшылық туралы сөз қозғасақ, тіліміздің ұшына Шамғон, Сексенбай ағаларымыздың аты еріксіз оралады. Олардың аңға шыққан кездегі мергендігі мен із кесу қасиеті туралы ел аузында біраз аңыз әңгіме бар. Бүгінде Шамғон ағамыз зейнетке шығып, Орал қа­ла­сында тұрып жатса, Сексенбай ағамыз Бірік ауылдық округінің орталығы Әжібай ауылында тұрады. Қазіргі күнде 60-ты алқымдаған Сексенбай Дүйсенғалиев былтыр­дан бастап «Сұлтан» шаруа қожалығын құрып, атакәсіп – мал өсірумен айналысуда. Сексенбай ағаның әкесі мен анасы Қалабай көлі маңында 1971 жылдан бастап жылқы баққан. Қалабай қыстағы атақоныс есебінде. Сол атақоныс Қалабайдан жер алып, үй салған. Шаруашылықта 50-ге тарта ірі қара 15 шақты жылқы бар. Алла сәтін салып, Сексенбай ағамызбен кездесіп, әңгіме-дүкен құр­дық. Әңгі­меміздің төркіні аңшы­лық туралы болды.

– Менің әкем де, нағашыларым да аңшы болған адамдар. 3-сынып оқып жүргенде аң аулау­ға алып шығатын. Мылтықты сол кез­де атып үйрендім. Содан кейін аңшы­лық­­қа құмарттым. Мектеп бі­тір­ген­де аңшылық куәлігін алдым. Кө­­бінесе түз тағысын атуға ма­шық­тандым. Осы күнге дейін санайтын болсам, 219 қасқыр атыппын. Ал­ғашқы қасқырды да бала күнімде атып алдым. Менің балалық шағым Кеңес заманында өткендіктен, түз тағылары ауылшаруашылық саласына көп зиянын тигізетін. Ол кезде мал да, қасқыр да көп еді. Ілкіде әкеміз бен анамыз 1969-1970 жылдары Бершімбай соры маңындағы Түйеқұдық қыстағында қой бақты. Әке-шешеміз әртүрлі шаруамен қойды бізге тастап кете беретін. Бір күні ата-анамыз бір шаруаларымен ауданға кетті. Өзімнен кейінгі Жұмақ есімді ініміз екеуміз қой бағып жүрміз. Бір кезде қырдың қабағынан бес ит түсіп келе жатыр. Түсі көк, немістің овчаркасы секілді, бірінен-бірі аумайды. Інім ит деп ойлап: – Кә, кә, – деп айқайлап шақырып, алдарынан жүгіре жөнелді. Ал мен ол иттерге ішім жылымай, қарап отырмын. Бір уақытта қойдың шеті дүрліге түсіп, жиналып қалды. Әлгі иттер қойды қоршай әр жерге отырып алды. Шауып барған інім де қаша жөнелді. Иттің біреуі қойға қарай тіке шапты. Менің қолым­да әкемнің мылтығы бар болатын. Ол кезде шопандарға 16 калибрлы дара ауыз мылтық береді. Ит қойға жақындай берген кезде мылтықпен көздеп тұрып, шүріппені басып кеп қалдым. Мылтық гүрс етті. Оқ тиген ит қыңсылап, тоңқалаң аса құлады. Әкем келген соң: – Әке, қойға ит шауып, мен атып алдым, – дедім. Атқан итімді көрген әкем: – Бершімбай сорындағы Тоқал аралы – қасқырлардың мекені. Бұл ит емес, қасқыр. Қасқырдың қаншығы екен, – демесі бар ма? Бұл 1970 жыл болатын. Ең алғашқы атып алған қасқырым сол еді.

Ағамыздың үйінде қатырылған түз тағысының мүсіні бар. Бұл қас­қыр туралы сұрағанымызда ол: – 2008 жылы Қалабай қыстағының малшыларына қасқырлар маза бер­меді. Сол қасқырды ауыздықтау үшін бір күн жүрдім. Ақыры тұзаққа түсір­дім. Аңшылықтан бір ескерткіш бо­лып қалсын деп терісін еш жерге тапсырмай, төрге қойғаным ғой, – деді ағамыз.

Жалпы, ол кісінің айтуынан аң­­ғарғанымыз, даланың жазықсыз аң-құс­тарын ретсіз атуға тыйым сал­ған дұрыс. Көбіне облыстан арнайы кел­ген аңшылар ағамызды жер жағ­дайын білесің деп бірге алып шы­ғады екен. Алайда жер жағдайын көр­сеткен ағамыз дала заңдары­ның жөн-жобасын да қалалықтарға көр­сетіп отыруға тырысады.

Ағамыздың тағы бір қасиеті – мер­гендігі. Мерген болғанда көздеп емес, қолмен ататын қолмерген. Бұл да бір аңшылықта керек ерекшелік. Із кесуде де Сексенбай ағадан асқан шебер жоқ. Ағаның аңшылық туралы әңгімесін сағаттап, жалықпай тыңдай беруге болады.

«Текті тегіне тартып туады» де­мек­ші, ағамен әңгіме соғып отыр­ға­нымызда қасымызға немересі жү­­гі­ріп келіп: – Ата, аспанда құстар ұшып барады. Қаз ба, үйрек пе? Атып алайық, – деп қыран-топан күл­кіге баттық. Расымен, үйден шы­­ғып қарасақ, қаздар ұшып бара жа­тыр екен.

Әңгіме соңын ағамыз: – Аңшы тек аң атушы ғана емес, ол жан-жа­нуарды суық қолдардан қорғаушы да болуы керек, – деп түйді. Шыны­мен де даланың сұлу және өр жануарларын әр кез қорғап жүру – әрқай­сымыздың парызымыз болса керек.

 

Қайрат ЖАҚЫП

 

Батыс Қазақстан облысы,

Қазталов ауданы