Талас өзенінің бойында орналасқан «Тектұрмас» этнотарихи кешені – облыс орталығындағы жаңа салынған нысанның бірі. Ол этнографиялық туризмді дамыту мақсатында салынған. Бұл жердегі ұлы Батыс түркі қағандарының бейнесі кешенге терең тарихи мазмұн беріп тұр. Ал алып тұлғалы Әулиеата ескерткіші аңыздан сыр шертетін символикалық бейне ретінде көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Аталған кешен ғажайып архитектуралық шешімдерді сабақтастыруымен де құнды.
Талас өзенінің бойын жағалай салынған «Көне қамал» да келушілерге ерекше әсер сыйлайды. Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев нысанға арнайы барып, онда жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. «Көне Тараз» этномәдени кешені мен «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің жұмыстары 2018 жылы бұрынғы өңір басшысы Асқар Исабекұлының бастамасымен басталған. Ол бірінші кезең болса, біз соны жалғастыра түстік. Мынау екінші кезеңі. Әрі қарай үшінші кезең бойынша да жоспарлы жұмыстар атқарылатын болады. Жібек жолының тарихы, тарихи шайқастар, өңірімізде туы тігілген Қазақ хандығы, Тәуелсіздік жылдарындағы маңызды оқиғалар сияқты құндылықтарды біз осы кешен арқылы қонақтарға таныта түспекпіз. Халықтың жаяу аралауы үшін жағдай жасалады. Ең бастысы, әрине, болашақ ұрпаққа тарихымызды жеткізуіміз керек. Осы кешен сол мақсатқа қызмет етеді», деді Б.Сапарбаев.
Жалпы, «Тектұрмас» этнотарихи кешені мен «Көне Тараз» нысанындағы жағалаудың ұзындығы 1423 метрді құраса, қоршап тұратын қорғанның ұзындығы – 220 метр. Нысанға кірген кездегі оң жақ қабырғасы жасанды тастармен көмкеріліп, ол жерлерге көне түркі жазулары жазылып, петроглифтер салынған. Нысанның кіреберісінен жағалаудың соңына дейін сан түрлі түстегі самаладай жарқырайтын шамдармен көмкерілген 86 аралық ағаш баспалдақ орналасқан. «Біздің негізгі мақсатымыз – Тараз қаласының тарихи мүмкіндіктерін пайдалана отырып, туризмді дамыту. Ол үшін Әулиеата жеріндегі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, біріншіден, өз жерлестерімізге, екіншіден, өзге өңірлерден келетін қонақтарға танытуымыз керек.
Сондай-ақ биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай біздің өңірімізде де көптеген жобалар жүзеге асуда. Мәселен, біз былтырдан бастап, өңірімізде «Асарлатып үй салу» жобасын жүзеге асырып келеміз. Ондағы мақсат – елді мекендерде тұратын жастардан бастап, ақсақалға дейін ұлтына қарамастан біріктіріп, сол ауылдардағы аз қамтылған көпбалалы отбасыларға асарлатып үй салып беру. Өткен жылы біз 99 үй салдық. Ал биыл кем дегенде 170-180 үйге жеткізсек дейміз», деді Б.Сапарбаев.
Өңір басшысы «Жомарт түлек» жобасының маңыздылығын да атап өтті. Бұл жоба өңірден шыққан табысты, танымал түлектерді біріктіру арқылы туған өлкелерін көркейтуге, әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосуға шақыра отырып, олардың өмір жолдарын өскелең жастарға өнеге ретінде таныту мақсатында қолға алынған.
«Азаттықтың 30 жылдығына орай қолға алынған маңызды жобамыздың бірі – «Таразға тарту» жобасы. Облыс орталығын туризм орталығына айналдыру керек. Сол үшін көне шаһарды жан-жақты дамытуымыз керек. Сондықтан да «Таразға тарту» жобасын жүзеге асырудамыз. Ондағы мақсат – кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды тарта отырып, аудандар мен басқармаларды және барша жерлестерді жұмылдырып, саябақтар мен скверлерді, көшелерді жөндеуден өткізіп, көркейту болып отыр», деді
Б.Сапарбаев.
Бұған қоса, облыс әкімі Елбасы тапсырмасына сәйкес салынған «Қазақ халқына мың алғыс!», «Біз біргеміз!» монументтерінің мазмұны мен тағылымына тоқталып, «Төрткүл» керуен сарайын да жандандыру керектігін жеткізді.
Жамбыл облысы