Бокс • 01 Маусым, 2021

Азиядағы сәтсіздікке кім жауапты?

207 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Біріккен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырылған бокстан кезекті Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Сары құрлықтың ең мықты деген былғары қолғап шеберлері Дубай қаласында бас қосып, он күн бойы жанкүйерлерге тамаша бокс кешін сыйлады. Өкінішке қарай, Токио Олимпиадасының қарсаңында ұйымдастырылған ең соңғы байрақты бәсекеде бірде-бір қазақстандық боксшы Әнұранымызды шырқата алмай, елімізге алтын медальсыз оралды.

Азиядағы сәтсіздікке кім жауапты?

Бұл – қазақ боксшыларының елге алтынсыз келген алғашқы Азия чемпионаты емес. Бұған дейін біздің жуан жұдырықты жігіттеріміз мұндай сәтсіз­дік­ке 2002 жылы Малайзияның Серембан қаласында ұйымдас­тырылған XIX сары құрлық бәсекесінде ұшыраған болатын. Сол жылы 12 салмақта бақ сы­­наған жерлестеріміз 1 күміс (Бақ­тияр Артаев), 4 қола медаль (Аман Матыбаев, Самал Бей­сенов, Андрей Пер­мяков, Мақ­сат Бақтыбазаров) ол­жалап, жал­пыкомандалық есепте Азия­дағы 27 елдің ішінде небәрі 8-орынды қанағат тұтқан еді. Ал біздің алдымызды Иран (3 күміс), Малайзия   (1 алтын), Қытай (1 алтын, 1 күміс, 2 қола) және Оң­түстік Корея (1 алтын, 2 күміс, 1 қо­ла) құрамалары орап кеткен-тін. Өзбек боксшылары 5 алтын және 2 қола медаль жеңіп, Азияның үздігі атанса, Тай­ланд боксшылары 2 алтын, 2 күміс, 4 қоламен екінші оры­нды иеленді. Ал 2 алтын, 1 қо­ламен Пәкістан құрамасы үздік үштіктің қатарынан көрінді.

Міне, араға 19 жыл салып Қазақстан құрамасы Азия чемпио­натында екінші мәрте алтынсыз қалып отыр. Әрине, төрешілер күні кеше өткен финалдық ай­қаста өнер көрсеткен кемі екі жі­гі­тіміздің алтын медалін тартып алды, әйтпегенде жүлде жиынтығы бойынша өзбектермен бір деңгейде тұра­тындай-ақ әлеуе­тіміз бар еді деп уәж айтуыңыз мүмкін. Бірақ рингте төреші қа­зақ­стандық боксшының қолын кө­тер­мегеннен кейін «жау кеткеннен кейін қылышыңды тасқа шаптың» кері болмақ.

Азия чемпионатының финалынан кейін жанкүйерлер әлеуметтік желіде бокс­шыларды жер-же­біріне жеткізіп сынап жатыр. Алай­да бұл сәтсіздікке боксшыларды кінәлау орынсыз секілді. Негізі мұн­дай абыройсыздыққа бокстан ұлттық құраманың бас жат­тық­ты­ру­шысы Ғалымбек Кенжебаев пен оның бапкерлік құрамы жауап беруі тиіс. Өйткені өз салмақтарында бірінші нөмірлі боксшылардың орнын ал­мастыра алатын білекті жігіттердің бар екенін біле тұра, жарыстарға қайта-қайта бір құрамды апара беріп, боксшыларды шаршатып алды. Оған әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовтің жеңілісі дәлел бола алады.

Сондай-ақ ел біріншілігінде 52 кило салмақта топ жарған Сабырхан Мах­мұд пен Серік Темір­жановты (негізгі салмағы 57 кило) өздеріне үйреншікті емес, салмағы жетпейтін 56 мен 60 килоға шығарды. Өкінішке қарай, ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионатына қатысқан Сабырхан бірінші айналымда Үндістан өкілі Мохаммад Хуссам Уддинмен кездесіп, тартысты өткен жекпе-жекте төрешілердің бірауыздан шығарған шешімі бо­йын­ша 5:0 есебімен жеңіліп қалды. Серік Теміржанов та дәл осындай жағ­дайдың «құрбаны» болды. Алайда ол қарсыласының өзінен ірі, бұл сал­мақта өзінің «бөтен» боксшы екеніне қарамастан тар­тысты жекпе-жекте аянып қал­мады. Тең дәрежеде өт­кен айқаста төрешілер ирандық бокс­шы Даниял Шахбахшының қолын көтерді. Есеп – 2:3. Бапкерлер Мах­мұд пен Теміржановты не үшін салмағы өзінен жоғары бокс­шы­лардың жемтігі етіп алды­на салып бер­генін біз де, жан­күйерлер де түсіне алған жоқ. Бәлкім, Кенжебаев елге оралған соң неге мұндай қадамға барғанын түсіндіріп берер.

Ал Азия біріншілігіне 64 кило салмақта барған Зәкір Сафиуллин Қазақстан чемпионаты, Спарта­киада, Президент кубогы сияқты ішкі жарыстарда топ жарып жүр­генімен, ешқашан әлемде, Азияда мықты боксшылардың қа­тарында болмаған. Тек 2015 жылы ғана Азия чемпионатында күміс жүлде алғаны болмаса, қалған ешбір ірі додада бірде-бір мәрте дара шықпапты. Зәкір биылғы құрлық бәсекесінің екінші айналымында болашақ Азия чемпионынан жеңілгенін ескерсек, оның бұл сәтсіздігіне еш кінә таға алмаймыз. Өйт­кені Сафиуллиннің бар деңгейі осы болды. Отандасымызды 4:1 есе­бі­мен ұтқан моң­ғолиялық Баатар­сухийн Чинзориг финалда үнді бокс­шысын жеңіп, чемпион атанды.

Сонымен қатар 52 килода жұ­ды­­рық­тасқан Сәкен Бибосынов та чем­пио­наттағы өзінің лайықты жүлдесін алды. Жартылай финалда Азияның бірінші нөмірлі боксшысы Амит Пангалмен кездескен ол осымен екінші мәрте үндістандық саңлақтың осал тұсын таба алмады. 2019 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатының жартылай финалында дәл осы Пангалға есе жіберген жерлесіміз бұл жо­лы Азия біріншілігінің жартылай финалында жеңілді. Амит фи­налда өзбек боксшысы Ша­хобиддин Зоировтан ұтылды. Бір айта кетерлігі, Олимпиада және әлем чемпионатының алтынын олжалаған Зоировқа сары құр­лықтың алтын медалі жетпей тұр еді.

Енді Азия чемпионатының фи­на­лында жұдырықтасқан бокс­шыларға тоқталып өтсек. Жалпы биыл чемпионатта жанкүйерлер үмітін де, бап­керлердің сенімін де ақтаған бір боксшы болса, ол – 19 жастағы Даниал Сәбит. Батыс Қазақстан облысында туған талантты боксшы 16 жасында бокс әліппесін үйреніп, 18 жасында ересектер арасында Қазақстан чем­пионы атанды. Ал 19 жасында Азия біріншілігінің күміс жүлдесін қанжығасына байлады. Кезінде аса ауыр салмақта жұдырықтасқан Мұхтархан Ділдәбеков те боксқа өте кеш келіп, бірер жылдан кейін Олимпиаданың және әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып еді. Бәлкім, Даниал да 2024 жылғы Париж Олимпиадасында атой салар.

Олимпия ойындарында қазақ­тың салмағы атанып кеткен 69 килода өнер көрсететін Абылайхан Жүсіпов Азия чем­пионатының финалында өзбекстандық Бобо-Усмон Батуровпен кездесіп, төре­шілердің шешімі бойынша жеңіліп қалды. Бірінші раунд­тың аяқталар тұсында отан­да­сымыздың қабағы жарылып, дәрігер­лер жарысты әрі қарай жал­ғастыруға рұқсат бермеді. Тө­ре­шілер алғашқы раундта Жү­сіповке қарағанда өзбек боксшысы белсенді болды деп есептеп, алтын жүлдені Батуровқа ұстатты. Олимпиаданың күміс жүл­дегері Шахрам Гиясов Өзбекстан құра­масынан кеткеннен кейін 69 килоға ие болып қалған Бобо-Усмон қазақ боксшыларын қоғадай жапырып келеді. Ол 2018 жылғы Азия ойындарының финалында Асланбек Шымбергеновті жеңсе, енді міне, Абылайханнан айласын асырды. Алайда Батуров жеңе алмай кеткен бір қазақ бокс­шы бар. Ол – Садриддин Ахмедов. 2017 жылы елордада өткен Қазақстан Президенті кубогының финалында екі боксшының жолы түйісіп, жекпе-жек Ахмедовтің жеңісімен аяқталған еді.

Финалдық сайыста 75 кило мен 91 кило салмақта жұды­рықтасқан отандастарымыз Аман­құл Әбілхан мен Василий Левит қарсыластарынан жеңілді деп айту қиын. Бірақ төреші біздің жігіттердің қолын көтермеген соң жеңді деп айтуға аузымыз тағы  бармайды. Әбілхан ақтық сында Өзбекстанның екінші н­өмірлі бокс­шысы Саиджамшит Жафаровты жеңе алмады. Екінші раундта қарсыласын нокдаунға түсірсе де, жекпе-жек соңында төре­ші­лер өзбек боксшысының қолын кө­терді. Айта кетейік, Жа­фа­ров жар­тылай финалда Азия­ның тағы бір мықты боксшысы, әлем чемпио­натының күміс жүл­дегері филиппиндік Эумир Мар­сьяльді қапы қалдырған болатын.

Ал Азия чемпионатында жүлде алу жағынан рекорд ор­­­нат­қан (5 медаль) Ва­силий Ле­виттің төрт дүркін Азия чемпио­ны атануына үндістандық бокс­шы Санжит мүмкіндік бермеді. Жекпе-жек бойы Левит басымдық танытқанымен, төрешілер 4:1 есе­бімен Санжиттің жеңіске жет­кенін мәлімдеді.

Төрешілер мен ұйымдастыру­шы­ларға наразылығын білдірген Василий марапаттау рәсімінде күміс жүлдесін мойнына тақпай қойды. Ал финалдық жекпе-жектер аяқталғаннан кейін Бақтияр Артаев осы жекпе-жектердің шешімі туралы төрешілерге шағым түсіргенімен, екі кезде­судің есебі 4:1 болған соң айқасты қайта қараудың қажеті жоқ деп табылған. Негізі ереже бойынша жекпе-жек есебі 3:2 болған жағдайда ғана шағым қайта қа­ралады.

Ал Қамшыбек Коңқабаев пен Баходир Жалолов арасында өткен алыптар айқасында өзбекстандық боксшының мерейі үстем болды. Үш раунд бойы Жалоловқа қарсы еш айла таба алмаған отандасымыз алғашқы раундтың соңында нокдаунға түсіп қалды. Бұл кездесуде өзбек боксшысы ешкімге күмән қалдырмай, таза жеңіске жетті. Осы­лайша, екі боксшы арасындағы жетінші жек­пе-жекте Баходир басым түсті. Жалпы есеп – 4:3, Баходир Жалоловтың пайдасында.

Ерлер арасындағы Азия чем­пио­­натының қорытындысы бойын­ша жалпыкомандалық есепте Өзбекстан құрамасы (6 алтын, 1 кү­міс, 3 күміс) топ жарды. Кейінгі орын­дарға Моңғолия (3 алтын, 2 қола) және Үндістан (1 алтын, 2 күміс, 2 күміс) бокс­шылары жай­­ғасты. 5 күміс, 1 қола медаль иеленген Қазақ­стан құрамасы төртінші орынға та­бан тіреді.