Әдебиет • 02 Маусым, 2021

Жазушы Оразбек Сәрсенбай туралы бір үзік сыр

975 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиет аспанында жасындай жарқ еткен бір шоғыр жас буын жарық жұлдыздардың ортасынан ойып тұрып орын алған Оразбек Сәрсенбай, «Өлең – сөздің патшасы сөз сарасы» деп ұлы Абай айтқандай, алғаш қазіргідей қара сөздің емес, сара сөздің саңлағы болып танылғанын көзіқарақты оқырман қауымы жақсы біледі. Білгенде де ақын Оразбектің сол 1962 жылы республикалық жастар газеті «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») бетінде жарық көрген «1961 жыл» публицистикалық поэмасы әдебиеттің айналасында жүрген жайсаңдардың өздерінің төбелерінен жай түсіргендей айды аспанға бір-ақ шығарғанынан да, соңы үлкен шу мен дау-дамайға айналғанынан да хабардар болатын.

Жазушы Оразбек Сәрсенбай туралы бір үзік сыр

Мәселе жалындаған студенттік жігіт шағында-ақ жойқын жырларымен қазақ әдебиеті аспанында қақырата найзағай ойнатқан, шабытының шабысынан шашасына шаң жұқтырмаған ақын Оразбек Сәрсенбайдың поэзиядан прозаға кілт бұрылып, қара сөздің қара нарларының біріне айналып шыға келгендігінде болып отыр. Осының бәрі Орекеңнің университет қабырғасынан бірден туған топырағы – Шиеліге тартып отырып, орта мектептің қатардағы мұғалімі болып жүрген жерінен «Лениншіл жасқа» қызметке шақырылғанға дейін «Даңқ», «Жалғыз күрке» повестері жарық көріп, елге жазушы ретінде танылып үлгерген кезінен басталған. Одан әрі шығармашылық шыңына қамшы салдырмай шеру тартқан Оразбек Сәрсенбай қаламынан туған «Таңбалы тас», «Сағым», «Ыбырай түбегі», «Гүлжаһан», «Тамыр», «Бақыт құсы», «Уәде», «Жиде гүлдегенде» повестері мен әңгімелері, «Шамшырақ», «Шеңбер» романдары, «Жарық дүние» өлеңдер мен поэмалары, «Өмірнама» мемуарлық романы, «Менің мекенім» әдеби-сын мақалалары мен естелік, эсселер жинағы, «Адамның құны қанша?» рисалалар және басқа кітаптары оқырман жүрегіне жол тауып, халқының сүйіспеншілігіне бөленгені аян.

Бұл шығармаларын Орекеңнің көзі тірі кезінің өзінде Тахауи Ахтанов, Ғафу Қайырбеков, Әзілхан Нұршайықов, Жұмекен Нәжімеденов, Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Герольд Бельгер, Әнес Сарай сынды көрнекті қаламгер замандастары жоғары бағалап, оқырман оң бағасын бергендіктен тағы да ой таразысынан өткізіп, талдап жатуды мақсат тұтпасам да, алпысыншы жылдардағы ақын Сәрсенбайдың поэзиясына бірер пікірімді білдіре кетуді парыз санап отырмын. Себебі Орекеңнің алғашқы повестері баспа бетінен жарық көре бастағаннан әдеби қауымның өзі де оны прозашы ретінде ғана танып, поэ­зиясы туралы тіптен жақ ашуды да қойған. Бәлкім, бұған өлеңдері мен поэмаларын кітап етіп бастырып шығаруға асықпаған Орекеңнің өзі де «кінәлі» шығар?!

Мен оқушы кезімде көзім көріп, одан қолдан қолға өтіп, кейін ізін таппай қалған «1961 жыл» поэмасын студенттік жылдарымда бір оқып шығуға соншама құмартып, Орекеңнің өзінен сұрағанымда: «Соның қай қағаздың арасында жүргенін қайдам» дегендей немқұрайды жауап беріп, неге екенін білмедім, әйтеуір, көрсетуге онша құлықты болмады. Мүмкін, кей тұстарын қайта қарағысы келіп жүріп, құлықсыздық танытуының мәнісі сонда ма екен деген ой келді де, мұнан әрі мазалауды қойып, бір күні Ұлттық орталық кітапханаға барып, «Лениншіл жастың» сол жылдардағы тігінділерін ақтарып отырып тауып алдым да, бас алмастан оқып шықтым. Кім білсін, оқушы кезімде оқығанымда тап сол кездегідей парқын түсінер ме едім, әлде түсінбес пе едім. Басты түйгенім, оны жайбарақат оқу мүмкін еместігі. Ақын қиялында көзі ілініп бара жатқан сәтінде «Қалғыма!» деген дауыс селк еткізіп, салмағымен жерді де солқылдатып, мың мотордың даусындай зор үнімен:

«Көкжамбас боп жата бермей тұр, ақын!

Менің атым – Уақыт...

Күтпе менен рақым.

Арқасын аяз қарыған,

Дүниені бар жылыт! –

Сығып алып жүрегіңнің қуатын...» – деп өктем тіл қатқан Уақытпен сырласып, ол сыйға тартқан жұмбақ бөлме ішіндегі алды-артында қаптаған тетіктердің әрқайсысын басқан сайын бірде ғарышты шарлап, бірде Жерге түсіп, енді бірде қаламының ұшымен қияндағы қара құрлықтың дұшпандарын түйресе, келесі бір кезекте мұхиттың арғы жағындағы алпауыттарға сес көрсетіп, тағы бірде сол 1961 жылы өмірден өткен ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке оралып, оған арнаған тарауында:

«...Құшағына алады да – жер нетсін!

Көзден жасы ағады да – ел нетсін!

Көзің қиып қалай оны көмбексің?

Сәл кідірші! Жарық дүние тербетсін!

Асықпашы,

Жарық дүние тербетсін,

Ақтық рет жаңбыр көктен селдетсін.

Гүлдер оның аяғына жығылып,

Ақтық рет бетін оның жел де өпсін.

Төксін оған аспанда Күн, Ай нұрын...

Уа, әлеумет, бүгін кімнен айырылдың?

Қайда сенің Сарыарқадай байлығың?

Қайда сенің саңқылдаған шешенің?

Қайда сенің топ бастаған көсемің?

Тағдыр, сенің шатасты ма есебің?

Қайран қылды халқымызды осы өлім...

...Мұң басады даланы, ымырт жапты қаланы.

Алдымдағы экран күңгірт тартып барады...

Мұхтар жазған кітаптардың әр беті

Әлденеге күрсіне дем алады»,

– деп күңірене жыр толғайды.

Ал поэмадағы:

«Бір тетікті басып едім,

Әзер-әзер билеп алып еркімді –

Көз алдымда дөңгеленіп Жер тұрды:

Полюстерді орап алған көк дауыл,

Қанатымен мұхиттарды желпиді.

Күннің қанжар сәулелері

Бұлтты тесіп түйгіштейді тас басын.

Бір қиырда нажағайлар қамшылап,

Көк аспанның тіліп жатыр таспасын.

Мұнар толқын арасында дөңгелеп

Айналады жұмыр Жер,

Бір беті – ыстық, бір беті

Оның сап-салқын.

Жер тарихын аңыз етіп, ән қылып,

Галактика тұрды биік, жаңғырып.

Тіршіліктің тарам-тарам қолдары

Құшақтасып қалған, сірә, мәңгілік...» – деген жолдар ақын жүрегінен қып-қызыл от болып бұрқ-сарқ қайнаған лава тәрізді ақтарылып жатқандай көрінді маған. Поэзияның қуатты күші де, тегеурінді рухы да осында жатқан жоқ па?!

Орекеңнің 2005 жылы жарық көрген «Жарық дүние» атты жыр жинағына енген қай толғауына да мін таға алмасыңыз кәміл. Бұл толғаулардағы теңіздің жал-жал асау толқындарындай буырқанып жатқан жолдар мен алай-дүлей сапырылысқан сезімдер, өңменіңнен өтер өткір ойлар мен өзекті жара өрілген образдар, сартап болған сананың сірескен сеңін бұзған суреттер мен тегеурінді теңеулер Сәрсенбаев поэзиясының шоқтығын биіктетіп, абыройын асқақтатып тұрғаны айқын.

«Жарық дүние» жыр кітабын оқи отырып, маған осы Орекең жеке тақырыптағы өлеңнен гөрі поэма, толғау жазуға келгенде бауыры мен құлашын жаза түсетіндей, рухтанып, шабыты шарықтай түсетіндей көрінеді де тұрады. Дегенмен, поэзия әлеміне шу дегеннен шамырқанған шабытының шаңын бұрқыратып, ақындық арынымен атойлатып енген Орекең прозаға біржола бет бұрып, қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгеріне айналғанынан бастап, өлеңмен мүлдем ат құйрығын кесіскендей сыңай танытып, әңгіме, повесть, романдары қабатында әдеби сын мақалаларын тоғытуға көшкен. Десек те, «Жарық дүниесін» ашып қарасаңыз, көңілдің күйі келген сәттерде өлеңнің ауы­лынан да қара үзіп кетпей, қара сөздің қарбаласында жүріп те ара-тұра ат ізін салып тұрғанының куәсі боласыз.

Ал егер де ағымыздан жарылып айтар болсақ, бұл өлеңдерінде негізінен бұрынғы поэтикалық буыр­қаныстан гөрі прозаның табиғатына тән сал­қынқандылық басым түсіп жататыны байқалады. Кітаптың бұл беташар тарауына оқырман алдын орап, «Өзім үшін жазылған өлеңдер» деп айдар тағуы да Орекеңнің өзіне-өзі сын көзімен қарап, мұндағы жырларына альбомдық дүниелер тұрғысынан баға бергенін аңғартса керек. Есесіне оның романдарынан поэзияның буы бұрқырап, шығарманың шырайын аша түсіп тұратынын да айтқанымыз дұрыс болар. Мысалы, «Шамшырақ» романының ең соңын шамшырақ туралы аңызбен түйіндеуі соның айғағы дер едік.

Әрине, Орекеңнің прозасы мен басқа да жанрларда жазған шығармалары туралы өзінің көзі тірісінде де, өмірден өткеннен кейін де аға буын жазушылар, замандас әріптестері мен кейінгі толқын інілері құнды пікірлерін айтып, үкімет тарапынан да жоғары бағаланып, мемлекеттік марапаттарға ие болғандығын да оқырман қауым жақсы біледі. Айталық, Орекең туралы қазанама жариялаған басылымда өзінің қаламдас достары Әбіш Кекілбаев: «...Соғыс тұсындағы Сыр бойының шындығын өз басым алғаш Оразбектен таныдым. Құдайға шүкір, қаулап өсіп жатқан әдебиет орманында өз бағыт-бағдарын түзеп, қазақ руханиятында бүгін бар, ертең жоғалып кетпейтіндей баян­ды жол сала алған азғантай әдебиет сүлейлерінің бірі Оразбек екені даусыз», десе, Әнес Сарай: «Ол өмір бойы әдебиетке адалдығынан, әдебиеттің қамынан ауытқымай, ұлт руханиятын дүниежүзілік деңгейге шығаруға барынша атсалысқан адам. Қазақ әдебиетіне әкелген оның дүниелерінің көбі өлмейтініне мен кепілдік бере аламын. Оразбек Сәрсенбай шын мәнінде халқымыздың қажетіне жарайтын туындылар жасады», деп ағынан жарылған. Осы орайда ақын інісі Жүрсін Ерманның Орекеңнің: «Рисалаларының әрқайсысы бір-бір философиялық трактат тәрізді, ойдың терең тұңғиығына батыратын», деген пікірін де көрегендікпен айтылған әділ баға деп білемін.

Сондықтан оның прозалық туындылары туралы талдап айтып, оқырман қауымға онсыз да кеңінен таныс әдеби сын, көркем публицистика, тарих, мәдениет, философия саласындағы жарияланымдары, қазақ тіліне аудару ісіне өзі тікелей атсалысқан «Құран Кәрім», «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері», «Шайтаннан сақтану жолдары», «Сиқырдан сақ­тану және емделу жолдары», «Адал мен арам», «Мұсылмандық әдеп сабағы» кітаптары немесе украин, орыс, эстон, якут, мары, тува, венгер, қытай, корей, ағылшын, өзбек, қырғыз, татар тілдеріне аударылған шығармалары туралы да сыр толғап, сәуегейлік жасап жатуды артық санадым.

Мәселен, әлем мойындаған Расул Гамзатовтың «Менің Дағыстаным» еңбегімен деңгейлес «Адамның құны қанша?» рисалалар кітабы немесе бүгінгі өмірдің шындығын шырқыратып жазған «Шеңбер» романы туралы да қалай келістіріп жазсаңыз да жарасары хақ. Дегенмен, әзірге мұны, халық жадынан өшпейтін екінші өмірі басталып, әдебиетіміздің алтын қорынан лайықты орнын алған Оразбек Сәрсенбайдың шығармалары туралы әділ төрелігін айтып, талдап-таразылауды болашақ зерттеушілері мен кәсіби мамандардың еншісіне қалдырғанымыз дұрыс болар деп түйдім. Ал менің: оның шынайы өмірдің жаршысына айналған шығармалары әрқашан Шындықтың шамшырағындай жарқырап, әлі талай ұрпақты әділдік пен адалдыққа, ізгілік пен имандылыққа тәрбиелеп, жарқын болашаққа бағыт-бағдар беретініне сенімім кәміл.

 

 Мұрат КҮЛІМБЕТ