Әлем • 03 Маусым, 2021

Vogue журналы Малаланың суретімен шығады

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Пәкістандық белсенді Малала Юсафзайдың суреті британиялық Vogue сән журналының мұқабасында басылды.

Vogue журналы Малаланың суретімен шығады

Бүгінде Oxford университетінің түлегі бірнеше жыл бұрын Талибан саясатының қысымына ұшырап, оқу, дәрігерге көріну сынды негізгі қажеттіліктерінен айырылған болатын. Кейін бұл туралы ашық айтып, әлемдік аренада Ауғанстандағы жағдайды бүкпесіз жеткізуге мүмкіндік алды.

17 жасында Нобель сыйлығын иемденген Малала бүгінде бірқатар белсенді қызбен дос екенін айтады. Олардың қатарында экобелсенді Грета Тунберг, Эмма Гонсалез бар.

Vogue журналының шілде айындағы нөмірі Малаланың суретімен шықпақ. Малала фотоға Stella McCartney сынды әлемдік деңгейдегі сән үйінің көйлегін кигенімен, басына пуштундарға тән орамал тағып түсіпті. Малаланың өзі «басымдағы орамал – мұсылман әйелдердің бас киімі әрі пуштундардың этностық киімі» деп түсіндірді.

«Мұсылман әйелдер, пуштундық немесе пәкістандық қыздар ұлттық киім кигенде көрінбейтін кейіпке еніп, патриархалды қоғамның ережелерін ұстанады. Мен бәріне мәдениетіңізге қарамай, өз ойыңыз бен пікіріңіз бола алатынын айтқым келеді», дейді ол.

Сонымен қатар әлеуметтік желідегі парақшасында бұл тәжірибе оған қызық көрінгенін, үйреншікті болмағанын жазыпты. Журналдың жаңа жұлдызы «Мұны көрген қыздар әлемді өзгерте алатынын біліп жүрсін дегім келеді», деп жазыпты.

Малала Юсафзай Oxford университетінің саясаттану, философия және экономика бөлімінде оқыды. Жақында өзінің продюсерлік орталығын ашты. Қазір қыздардың білім алуы, әйел құқығы сияқты деректі фильмдермен қатар, балаларға арналған фильмдер, анимация мен комедия жанрындағы кино түсірумен айналысады.