Қоғам • 04 Маусым, 2021

TikTok-та танылған талант

468 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Заманауи қоғамның тамырын дөп бас­қан талантты жастардың қата­рында Ұлан Үсенов те бар. Ол – «Қа­зақ­станның 100 жаңа есімі» жо­­ба­сының жеңімпазы, Алматы қа­ла­­сындағы High Tech Academy ин­но­­вациялық мектебінің химия пәні мұғалімі.

TikTok-та танылған талант

Ұлан: «Мұғалім болуды мақ­сат етпедім, бірақ балаларға химия пәнінің ерекшелігін түсіндіре жү­ріп, ұстаздық деген киелі кәсіптің әліп­пе­сін жылдам меңгеріп кеттім», дейді.

Бала күнінен қызығып көретін «Наруто» жапон анимелерін химия пәні сабағында қолдану арқылы TikTok әлеуметтік желісінде 300 мың­нан астам көрермен жинаған 28 жастағы талант жайлы жыл басында ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Осы кезде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те жас дарынға ыстық лебізін жолдаған еді. Енді, міне, Ұлан Үсенұлының ұтқыр әдіс-тәсілдері республикаға мәлім болып отыр.

Ұланның TikTok аккаунтын ашып, алғаш хоббиден басталған бейне­са­бақ­т­ары оқушылар іздеп жүріп кө­ретін білім беру құралына айналған. Химия пәніне қатысты қы­зықты мә­лі­меттерді бөлісіп, сабақ үй­ретуді күнделікті жұмысының маңызды бөлігіне айналдырған креа­тивті мұ­ға­лімнен оқушылар мазмұнды кон­тент күтеді.

Ол көптен бері шағын сабақтарын Мinecraft ойыны арқылы түсіндіруді жоспарлап жүргендігін айтады. Алғаш хобби ретінде басталған кә­сібі балалардың қызығушылығын арт­тырып, әрі қарайғы ізденістеріне жол ашты. Осылайша, жас ұстаздың бей­не­сабақтарына қызыққандар қатары көбейе берді. Бірте-бірте сапалы контент жасауға көшкен жас маман бейнежазбаларын жапон анимациясымен жалғастыра беруді қажет деп тапқан.

Ұлан жастайынан журналист, актер немесе режиссер болғысы кел­ге­нін айтады. Алайда цифрландыру кезеңі биология, физика, химия, т.б. мамандықтар саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Осы орайда оның Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетіне оқуға түсу жайындағы ойын атасы мен әжесі де қуана құп­таған. Әсия әпкесінің де ақыл-кеңесі зая кеткен жоқ. Өкінішке қарай, ауған соғысының ардагері болған әке­сі баласының жетістіктерін көре алмай кетті. Ал құқық қорғау құры­лым­да­рын­да еңбек ететін анасына ұлының әрбір жетістігі – зор мәртебе.

Әрдайым ізденісте жүретін жас маман магистратурадан кейін жоғары оқу орнында оқытушылықпен айналысуға да болатын еді дейді. Алайда әрі қарай білімін жетілдіруді мақсат ете отырып, Санкт-Петербургте, одан кейін Жапонияның Сайтама, Американың Кливленд, Ұлыбританияның Кэм­бридж қаласында тәжірибеден өткен Ұлан үшін білім әлемінде жаңа мүм­кіндіктерге жол ашылды. Білім мен ғылымның межесіне инженер-технолог болып баруға шешім қабылдап, бір жыл көлемінде Сайтама уни­вер­си­тетінен шақырту күтіп жат­қан жас маман Талдықорған қала­­сындағы Назарбаев зияткерлік мек­те­біне химия пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. «Зияткерлік мектепке келгеннен кейін мұғалімдікке бірте-бірте қызыға бастадым. Қатардағы мектептерде де пәндерді қызықты етіп өткізуге болады. Ал талантты да талапты балаларды оқыған ортасына қарап, бөліп-жарып қарай алмаймыз. Әрине, қатардағы мектептерде мұндай бей­не­сабақтар басқаша мазмұнда жа­салуы мүмкін. Ол балалардың санына, тапсырманың деңгейіне де байланысты болады. Тек оларға пәнді қызықты етіп өткізе білу керек», деген Ұлан Үсенұлы зияткерлік мек­теп­тер­дің бірінде химия пәнінен сабақ беретін жұбайы Гүліммен сабақ барысына қатысты ойларының ортақ екенін айтады.

Жаңашыл мұғалімнің TikTok-та танымал болған кезі қашықтан оқытумен тұспа-тұс келді. Ол әрбір оқушыға сабақ барысын түсіндіруде ерекше әдіс-тәсілдерді меңгеру қа­жет­тігін түсінді. «Пәндерді баламен бетпе-бет отырып оқытудың ұтымды тұстары көп. Ал бейнесабақтар не­гіз­­гі пәндерді алмастыра алмай­ды әрі академиялық салмағы да бә­сең. Дегенмен жаңашыл ізденіс­тер – мұндайда таптырмайтын құ­рал. Балалар үшін аниме, поп-мә­де­­ниет тәсілдерін қолдану пән тақы­рыптарын түсіндіруде тиімді», дейді ол. Креативті ойдың иесі әрі қа­рай өз контентінде сабақ түсін­діру әдіс­темесін бөлісе келе, бір бейне­жаз­баға шамамен үш сағаттай уақыты кететінін айтады. Бұл жай ғана бейне­сабақ емес, пән бағдарламасын бір минутқа сыйдыру үшін, идеясы, материалына назар аударумен қатар, монтажға да аса ыждағаттылық керек. Оқушылар алғашында бейнежазбаның пән сабағы екенін түсінбей де қалады. Ойын-сауықпен басталған сабақ бірте-бірте баурап әкетері сөзсіз. Ал үйрету үшін де, үйрену үшін де ынта керек.

Осылайша, жас ұстаздың ізденім­паздығы балалардың ғана емес, ата-аналардың да назарын аудара бастады. Күрделі деген формулалардың өзін балалар қызыға меңгеретін бол­­ды.

«Химияны оқығысы келмей жүр­ген балаларда ынта пайда болды. Интерактивті технологияларды жетіл­діру мен игеру – бүгінгі цифр­лы қоғамның талабы. Геймификация және дербестендіру сияқты ұғымдар да өзекті. Балалар көп уақытын әлеуметтік желілерде өткізетіндіктен, бұл платформаларда оқушылар үшін пайдалы контенттердің көп болғаны тиімді. Олардың назарын аудару үшін TikTok, Instagram, Netflix сияқты алаңдарда қызықты ақпараттар жүктеу маңызды. Осы орайда болашақ мамандар үшін жаңа технологияларды игере отырып, жо­ғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларында біліктілікті арттыру курстары, киберпедагогикаға, сандық және тағы басқа дағдыларды меңгеруге бағытталған кешенді бағ­дарламалардың болғаны абзал», дейді Ұлан Үсенұлы.

Химия, биология, физика сияқты қолданбалы пәндерді тәжірибесіз меңгеру мүмкін еместігін алға тартқан жас маман алдағы уақытта химияға қы­зығатын балаларға тәжірибе ала­ңы мен зертханалық жұмыстар үшін арнайы зертхана жасауды жос­парлап жүр. Ал алдағы он шақты жылда білім саласында жұмыс іс­теу­ді жал­ғас­ты­руды мақсат ете оты­рып, бүгінде білім саласында әлі де игерілмеген салалардың көп еке­нін айтады. Оның айтуынша, балаларды физика, математика, хи­мияға жақсылап үйретуге болады. Ал нәтижесі баланың мектепте алатын бағасымен байланысты емес. Ең бастысы – оның көңілін табу, оқуға деген ынтасын ашу. Мұғалімі жақсы болғанмен, өзіне сенімсіздігі басым балалар да бар. Осы орайда мұғалімнің де, ата-ананың да міндеті – баланың өмірінде бақытына айналатын бағытқа бағдар беру. Кез келген өзгеріс қалыпты жағдайдан шығып, күйзелістен, жұмысбастылықтан ары­луды қажет етеді. «Биыл білім сапа­сының төмендеп кеткенін пән олимпиадаларынан білдік. Де­ген­мен де алға жылжу байқалады. Қа­­шықтан оқытудың да ұзаққа созыл­май­тыны белгілі. Десек те өмір бойы мектеп табалдырығын аттамай, қа­шықтан оқитын балалар да бар әрі оқытушысы шетелде тұратын курстар да өз тиімділігін көрсету үстінде. Ал елдегі пандемия жағдайы қашықтан оқытуға мамандануға ықпал етті. Біз осыдан көп тәжірибе жинадық. Мектеп – шәкірт үшін қателесуге болатын және қатесін түзеуге мүмкіндік беретін орта. Сонда ғана балалар қиындықты жеңіп, қызыға оқитын болады. Ал мұғалім – сол қателіктермен жұмыс істеуге жол көрсететін кәсіби маман», деп ойын түйіндеді ол.

 

АЛМАТЫ