Хоккей • 06 Маусым, 2021

Айдында айбынымыз асқақтады

235 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Латвия астанасы – Ригада өткен шайбалы хоккейден ке­зекті әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жаһандық доданы сәтті бастаған жерлестеріміз, өкінішке қарай топтық кезеңнің соңғы ойынында Норвегия хоккейшілеріне есе жіберіп, плей-офф кезеңінен қағылды. Сөйтіп жалпы есепте әлем біріншілігін 10-орынмен аяқтады. Бұл – Қазақстан хоккейшілерінің әлем чемпионаттарындағы ең үздік нәтижесі.

Айдында айбынымыз асқақтады

Егер Қазақстан құрамасының плей-офф кезеңіне сынық сүйем қалғанда сүрініп, сәтсіздікке ұшырағанын есепке алмасақ, биылғы әлем чемпиона­ты жерлестеріміз үшін табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені біз­дің хоккейшілер топтық кезеңдегі жеті ойынның екеуінде негізгі уақытта жеңіске жетсе, тағы екі бәсекеде қар­сы­ластарынан буллит сериясында (хок­кейдегі пенальти) басым түсті. Осы нә­ти­жесінің арқасында жерлестеріміз 16 құ­раманың ішінде Швециямен бірдей (10) ұпай жинап, 10-орынға табан тіреді! Қазақстанға қарағанда өз қақпасына аз шайба өткізген (14) Швеция құрамасы біздің алдымызға шығып кетті.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, бұ­ған дейін сегіз әлем біріншілігіне қа­тыс­қан Қазақстан хоккейшілерінің ең үз­дік нәтижесі  12-орын болатын. 2005 жылы Аустрияның Вена мен Инс­бурк қалаларында өткен байрақты бә­секеде D тобында өнер көрсеткен жер­лестеріміз бірінші турда Германияны (2:1) ұтқанымен, кейінгі бәсекелерде Швейцария (1:2) мен Чехияға (0:1) есе жіберді. Екінші кезеңдегі ойындарда Беларусь (0:2), Ресей (1:3) және Словакия (1:3) құрамаларына жол беріп, әлемдік доданы 12-орынмен түйіндеген болатын. Ал өзге жарыстардағы нәтижелеріміз мынадай: 1998 жыл – 15-орын, 2004 жыл – 13-орын, 2006 жыл – 15-орын, 2010 жыл – 16-орын, 2012 жыл – 15-орын, 2014 жыл – 16-орын және 2016 жыл – 16-орын. Міне, осы нәтижелерден-ақ биылғы бәсеке біз үшін қаншалықты табысты болғанын бағамдай беруге болады. Оның үстіне жерлестеріміз Ригада­ғы тартыста жарыс қожайындары Латвия­ны (3:2), өткен жылғы әлем чемпионаты­ның жеңімпазы Финляндияны (2:1), Қазақстан құрамасымен жолыққанға дейін топтық кезеңде үш тур бойы қар­сылас шыдатпаған Германияны (3:2) және Италияны (11:3) қапы қалдырып, әлемдік доданың сенсациясын тіркеді. Сондай-ақ, Қазақстан биылғы әлем чемпионатында бір ойында ең көп (11!) шайба соққан жалғыз құрама болды.

Тағы бір айта кетерлігі, Латвияға Қазақстан құрамасын 11 жылдық үзі­лістен кейін алғаш рет жергілікті бапкер Юрий Михайлис бастап барды. Оған дейін ұлттық құрама тізгінін Өс­ке­мен хоккей мектебінің түлегі Ан­дрей Шаянов ұстаған еді. 53 жастағы ма­­ман 2010 жылы Германияның Кельн, Мангейм және Гельзенкирхен қала­ларында ұйымдастырылған 74-ші әлем біріншілігіне Қазақстан құрамасы­ның бас бапкері ретінде барып, барлық ойын­да қарсыластарына жол берген еді. Тіп­ті элиталы кезеңде қалуға мүмкіндік бе­ретін қосымша ойында да жеңіске жете алмай, жарысты соңғы – 16-орынмен түйіндеп еді. Осы әлем біріншілігінен кейін отставкаға кетіп, кейіннен Ресей азаматтығын алған Шаянов араға екі жыл салып ұлттық құрамаға қайта оралды. Сөйтіп 2012 жылы Финляндия мен Швеция астаналары – Хельсинки мен Стокгольмде жалауы желбіреген әлем чемпионатына Қазақстан құрамасымен екінші әлемдік додасына қатысып, бұл жолы да бірде-бір ойында жеңіске жете алмай, жанкүйерлерді жерге қаратты. Шаяновтан кейін ұлттық құрама тізгінін қолына алған ресейлік Андрей Хомутов (2010-2011) пен Владимир Крикунов (2012-2013), финляндиялық Ари-Пекка Селин (2013-2014), тағы бір ресейлік маман Андрей Назаров (2014-2016), Беларусь Эдуард Занковец (2016-2018) пен Андрей Скабелка (2018-2020) Қазақ­стан құрамасын өрге сүйрей алмады.

2020 жылға дейін «Барыстың» қо-­
с­алқы құрамын және шайбалы хоккей­ден Қазақстан жастар құрамасын жат­тықтырғанымен, әлем чемпионаты се­кілді ірі жарыстарда тәжірибесі жоқ Юрий Михайлис ҚХЛ-дың былтырғы маусымында елорданың «Барысын» плей-офф кезеңіне алып шықса, міне биыл өзінің ұлттық құраманың бапкері ретіндегі алғашқы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасын бұрын-соңды жетпеген биігіне шығарды.

Сонымен қатар бұған дейін Қазақ­стан ұлттық құрамасының негізі ше­­телдік легионерлерден құралып кел­гені жасырын емес. Дегенмен, Ю.Ми­хайлис биылғы әлем чемпионатына апарған 28 хоккейшінің басым көп­шілігі жергілікті хоккей мектебінің тү­легі саналады. Тек 10 хоккейші ғана ше­телдік легионерлер. Нақтылап айтар бол­сақ, Алексей Маклюков, Егор Ша­лапов, Павел Акользин, Дмитрий Шев­ченко, Дмитрий Гурков, Егор Пету­хов Ресейде, Даррен Диц, Джесси Бэ­кер және Кертис Волк Канадада, Вик­тор Сведберг Швецияда туып-өсіп, Қазақ­стан азаматтығын алған спортшылар. Қалған 18 хоккейші өз түлегіміз. Олар­дың арасында ел құрамасының ертеңі саналатын ағайынды Самат және Саян Даниярлар да бар.

Егер қазақстандық хоккейшілер ал­дағы уақытта осы қарқынмен тәжіри­белерін шыңдап, легионерлерден тәуір ойын көрсете беретін болса, бәлкім, 3-4 жылдан кейін шетелдік ойыншыларды ұлттық құрамаға шақырудың қажеттілігі туындамай қалатын шығар.

Әлем чемпионатын қорытынды­лап, қазақстандық спортшылардың жекелей нәтижелеріне тоқталар болсақ, Роман Старченко биылғы біріншіліктегі Қазақстан құрамасының үздік сұрмергені болды. Жеті матчтың бәріне қатысқан капитан 7 (3+4) ұпай жинады. Ал қор­ғаушылар арасындағы ең үздік нәтиже Виктор Сведбергке тиесілі. Ол 6 ойында 4 (1+3) ұпайға ие болды.

Әлихан Әсетов – чемпионат қо­ры­тындысы бойынша ұлттық құрама­ның ең пайдалы ойыншысы атанды. Ол әріп­тестеріне үш мәрте нәтижелі пас асырды. Шабуылшы Артем Лихотников – ең дәл соққы жасаған спортшы. Яғни Артем өзінің 4 соққысының екеуін қақпаға дәл тоғытқан.

Қорғаушы Даррен Диц Қазақстан құрамасы сапында ең көп ойын өткіз­ген хоккейші атанды. Диц әр матч­та орта есеппен 26 минут 16 секунд ойна­ған. Сонымен қатар ол жеті матчта қарсы­ластарының қақпасына 27 мәрте соққы жасаған. Өкінішке қарай, оның бірде-біреуі қақпа торынан табылмады.

Ал осы жылғы чемпионатта өзін жақ­сы қырынан көрсетіп, ұлттық құраманың бірінші нөмірлі қақпашысы болуға лайық екенін дәлелдеген Никита Бояркин орташа есеппен әр ойында 2,27 шайба өткізіп алса, 92,93% өз қақпасын голдан аман сақтап қалды. Юрий Михайлиске дәл осы қақпашыны ҚХЛ-дің алдағы маусымында «Барыстың» екінші қақпашысы ретінде командаға шақыруға болады екен.

Шайбалы хоккейден келесі әлем чемпионаты 2022 жылдың мамыр айын­да Финляндияның Хельсинки және Там­пере қалаларында өтеді. Финляндия әлем­дік доданы осымен тоғызыншы мәр­те қабылдамақ.