– 1930-жылдары жаппай ашаршылыққа неғұрлым ұшыраған ауыл еңбекшілері болды. Біздің отандық архивтерде ашаршылық құрбандары туралы деректер бар ма? Олардың аштықтың құрбаны болғандығын растайтын фотоматериалдар сақталған ба?
– Өкінішке қарай фото материалдар аз. Украинадағы ашаршылықты бейнелеген фотолар сияқты түсірілген суреттер жоқтың қасы. Ашаршылық оқиғалары туралы шығарылған естелік кітаптардың бірінде бір орыстың баласы арбаға тиелген өліктердің артынан қарап: «Шіркін, фотоаппарат болса ғой түсіріп алатын, мынаның барлығы тарих үшін керек қой деп мұңайып тұратын» дейді.
Ал дәл ашаршылық салдарынан қаза болғандарды көрсететін құжаттар бар. Мысалы, аштықтан қаза болған адамдарға (халық тергеушісі ауыл төрағасымен бірге) жасалған актілер мен ауыл фельдшерлерінің медициналық қорытындыларында аштықтан қаза болған адамдардың аты-жөні, тұрғылықты жерімен қоса, сыртқы бейнесі де суреттелген: көзі бақырайған, іші ісіп кеуіп кеткен, терісі сүйекке жабысқан, яғни аштан өлгендігін дәлелдеген белгілерді анықтап жазған. Бірақ әрбір құрбан үшін мұндай актілер жасалмаған. Бірлескен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) жинақтарында адамдардың адамдарға, кішкентай балаларға шабуыл жасаған, сойып жеп ұсталған бірлі-жарым немесе топтасқан адамдардың қылмыстары туралы деректер кездеседі.
Балалар үйлері балаларының тіркеу карточкалары да арнайы сөз етуге тұрарлық. Онда әрбір тәрбиеленуші туралы толық мәлімет және ауру белгілері, диагнозы мен қаза болу себептері айқын көрсетілген. Олардың диагнозының сипаттамасында қанды іш өту, диарея, яғни ұдайы аш жүргенде болатын ауру белгілері жазылған. Осылай қаза болған жетпіс бала анықталды. Президент Архивінде коммунистік партиялық құжаттар сақталған. Ашаршылық құрбандарының аса көп бөлігі партиялық құжаттардан табылды. Шығыс Қазақстан облысы Ертіс ауданы Сталин атындағы колхоз басшысының 1932 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Сотына ауылдағы ауыр жағдайды келтіре отырып, жазған хатында бір ғана ауылда бір-екі айдың ішінде 300 адамның аштан қаза болғанын, соның 173-ін аты-жөндерімен көрсеткен тізім (латын әрпімен) берілген. Мұндай қаралы тізім Қазақ өлкелік партия комитетінің қорында да кездеседі. 1934-1935 жж. партия билігі барлық облыс бойынша партиялық билеттер мен есепке алу карточкаларын түгендеу жұмысы барысында із-түзсіз жоғалғандар, партиядан шығарылғандар мен қаза болғандардың тізімдері түзіледі. Алдыңғы және кейінгі жылдарда мұндай тізімдер жоқ. Өйткені ол жылдары жаппай ашаршылық өлімі болған жоқ.
Мұндай құжаттар «Қазақстандағы 1930-1933 жылдардағы ашаршылық» ғылыми-іздестіру жобасы аясында барлық облыстық архивтен жинақталған еді.
– Архив жүргізген ірі жобаның бірі – «Қазақстандағы 1930-1933 жылдардағы ашаршылық» ғылыми-іздестіру жобасы. Ол бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
– Бұл жобаны Президент Архиві 2016 жылдың наурызынан бастап жүргізіп келеді. Жобаның мақсаты – тарих ғылымы үшін қасіретті кезең проблемаларының зерттелуін оңтайландыру, заманауи деректік ресурстармен қамтамасыз ету. Осы жоба аясында ХХ ғасырдың 30-жылдары ашаршылық құрбандарының республикалық электронды мәліметтер базасы құрылды. Ол арнайы ашылған Ашаршылық.кз. сайтында жұмыс істеп тұр. Жоғарыда келтірілген қаралы құжаттардың барлығы зерделеніп, ғылыми сараптамасы жасалып, осы базаға енгізілді. Мәліметтер базасының дереккөздері жекелеген адамдардан түскен естеліктер, ашаршылық туралы естеліктер жинақтары, сондай-ақ архив материалдары болып отыр.
– Жалпы, «Ашаршылық құрбандары» электронды деректер базасы қоғамға не береді?
– Бұл деректер базасын өткен ғасыр қасіретінің құрбандары туралы заманауи көрінімді халық жады десе болады. Деректер базасының мақсаты – нәубет құрбандарының есімдерін, этностық құрамын анықтау. Базада әрбір анықталған құрбанға қысқаша жеке басты мәліметтері берілген. Әрбір езілген еңбекшінің өмірбаянында тарихи шындық жатыр. Сондықтан да қазіргі кезде Қазақстан тарих ғылымы қарапайым адамдардың күнделікті тіршілігін зерттеуге ден қойды. Өңірлерден келген зерттеушілер архивке осындай тақырыптармен келіп, зерттеп жатыр. Сол сияқты 30-жылдары үлкен апатқа ұшыраған қара халық та ғылыми назардан тыс қалмауы тиіс.
Мәліметтер базасында «Балалар үйі» деген тарау бар. Онда балалар үйлерінде аштықтан қаза болған тәрбиеленушілердің тізімі құрастырылған. Ашаршылық жылдарындағы оқиғалар туралы естелік кітаптарда «бауырымыз балалар үйіне тапсырылып еді, содан күні бүгінге дейін хабар жоқ» деп еске алатындар көп. Осы тізім бауырын жоғалтқандарға оның тағдыры туралы мәлімет береді.
Бүгін де осы «Ашаршылық құрбандары» мәліметтер базасының маңызы артып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында «Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн», деп атап көрсеткен болатын. Зерттеушілер мәліметтер базасындағы құрбандардың этностық құрамына назар аударып, ғылыми пайымдау жасауына болады. Онда 2000-нан аса ашаршылық құрбандарының есімдері мен жеке мәліметтері анықталған. Дегенмен, бұл –уақытты, табандылықты, материалдық күшті талап ететін ауқымды ғылыми жұмыс. Бірегей деректер банкі – 1930 жылдардағы ашаршылық құрбандарына деген құрмет және ол жұртшылықтың тарихи танымын кеңейтуге ықпал етеді. Бұл өскелең ұрпақтың патриотизмін арттырады.
– Архивте ашаршылық туралы құжаттарды зерделеуде тағы басқа қандай жетістіктер бар?
– Архив өз міндеттерінің бірі ретінде құжаттарды археографиялық өңдеу және ғылыми жариялау жұмысын іске асыру аясында түрлі тақырыптағы құжаттар жинақтарын шығарады. Осындай еңбектің бірі – «Трагедия казахского аула. 1928-1934 гг.» атты аштық зұлматына байланысты нақты фактілерді, ресми құжаттарды жариялаған екі томдық құжаттар жинағы. Үшінші томы баспада кезегін күтіп жатыр. Жарыққа шығуын Мәдениет және спорт министрлігі, Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығы және Қазақстан Президенті Архиві ұйымдастырған. Жинаққа ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының өмір сүру өзегі – мал шаруашылығы болған әлеуметтік құрылысын түбегейлі өзгерту барысында халықты алапат апатқа ұшыратқан большевиктік саясатты көрсететін Орталық мемлекеттік архив пен Президент Архиві қорларының құжаттары енгізілген. Кітаптың 1-томы 2013 жылы жарыққа шыққан, 1928-1929 жылдардың сәуір айына дейінгі кезеңін қамтиды. Онда байлардың мал-мүлкін тәркілеу жөніндегі үкіметтік қаулылар, директивті нұсқамалар, оның жүзеге асырудағы түзілген құжаттар енгізілген. 2-том 1929–1932 жылдарды қамтиды. 2 бөлімнен тұрады. Мұнда бай-құлақтарды тап ретінде жою, күшпен отырықшыландыру, колхоздастыру жұмыстарының барысы туралы орталық, республикалық, жергілікті билік органдарының директивалық нұсқаулары, қаулылары, жоспарлары мен есептері, баяндамалар, орталық билікпен болған хат алмасулар бар. Сондай-ақ, БМСБ (ОГПУ) Қазақстан бойынша Өкілдігінің жинақтары құжаттардың бірегейі болып табылады және олар кітапта алғаш рет жарияланып отыр. БМСБ-нің құжаттарында қасіретті жылдары әкімшілік-әміршілдік жолмен жүзеге асырылған астық дайындап өткізу, ет дайындау барысындағы еңбекшілердің мойнына салынған салықтар, кеңес үкіметіне қарсы болған бас көтерулер және олардың аяусыз басылуы мен жазалануы, халықтың жаппай шекаралас елдерге босуы туралы деректер көрсетіледі. Директивалық және ақпараттық құжаттар «аса құпия» деген грифпен белгіленген. Құжаттардың түпнұсқалары орыс тілінде болғандықтан, кітап орыс тілінде құрастырылды. Өте аз мөлшерде қазақ тілінде де деректер бар.
– Президент Архивіндегі ашаршылыққа алып келген алғышарттар мен оның салдарларын суреттейтін құжаттар кешені қандай нақты мәселелерді қамтиды?
–1928-1929 жылдарда асыра сілтеумен жүргізілген ірі және орта қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру барысында ауыл тұрғындарының мойнына салынып, қалжыратқан ет, астық, жүн, тері, тағы басқа салықтар, қазақ шаруашылығын ұжымдастыру мәселесі, халықтың жаппай эпидемиялық ауруға ұшырауы, өлім-жітім фактілері бар. Сондай-ақ 1930 жылдың соңынан бастап шекаралас шетелдерге халықтың жаппай босуы – босқыншылық мәселесі, қасіретті жылдардағы панасыз, көшеде қалған балалар мәселесі, билікке қарсы халық толқулары тұтас құжаттар кешенін құрайды.
Осындай тақырыптар бойынша еліміздің тарихшылары архивтік құжаттарды зерделеп, өздерінің ғылыми еңбектерін жариялады, сондай-ақ шетелдік ғалымдар тарапынан да үлкен қызығушылық артып отыр. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарын зерттеген көбінесе америкалық ғалымдар болып отыр. Дегенмен әлі де өз зерттеушілерін күтіп тұрған құжаттар да бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ
Суретте: Қыс. Семей қ. 1933 жыл, 8 наурыз. Суреттің артқы бетінде: «№6 барақта түсірілген карточка. Сіздер әлсіреген қазақтардың 4 күн бойы мәйіттердің жанында жатқанын көресіздер». Шығыс Қазақстан облысы Жұмысшы-Шаруа Инспекциясы-Бақылау Комиссиясы (қолтаңба)».