Талғат Байсуфинов баптайтын Қазақстан құрамасына бұл кездесуде таблодағы көрсеткіштен бұрын, қосалқы құрамдағы және құрамаға жаңадан шақырылған футболшыларды күздегі негізгі матч алдында сынақтан өткізіп алу маңызды болды. Дегенмен бірінші таймда негізгі құрамда жаңа ойыншылардан Еркін Тапалов шыққанымен, өзге ойыншылардың барлығы тегіс ұлттық құрама намысын қорғап жүрген болатын. Бірінші таймның алғашқы 30 минутын тәуір өткізген жерлестеріміз матчтың 34-минутында Абзал Бейсебеков өз алаңымызда тәртіп бұзып, төреші 11-метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиді сәтті орындаған Эгзиян Алиоски есепті ашты. Ал бірінші тайм аяқталар тұста Серікжан Мұжықов қарсылас ойыншысына қарсы өрескел тәртіп бұзғаны үшін бас төреші тарапынан «қызыл қағазбен» жазаланып, алаңнан қуылды.
Екінші тайм басында бас бапкер қақпашы Стас Покатиловтың орнына Мұхаммеджан Сейсенді, Руслан Валиулиннің орнына Ғафұржан Сүйімбаевты, Алексей Щеткиннің орнына Роман Мұртазаевты алаңға шығарса, кейіннен Әлібек Қасым, Бауыржан Байтана, Михаил Габышев секілді ұлттық құрамаға жаңадан келген ойыншыларды матчқа араластырды. Өкінішке қарай, кейбір жас ойыншылардың ұлттық құрама деңгейінде ойнауына әлі ерте екені байқалып қалды. Бірінші таймда әрең дегенде пенальтиден гол соққан алаң иелері екінші таймда қақпамызға тағы жауапсыз үш гол салды. Бұған С.Мұжықовтың алаңнан қуылуы да себеп болғаны анық. Қорытынды есеп – 4:0.