Аймақтар • 07 Маусым, 2021

Батыста браконьерлерден 35 тонна балық тәркіленді

485 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің батысында «Бекіре-2021» балық қорғау акциясы аяқталды. Екі айда  браконьерлерден 35 тонна балық тәркіленді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыста браконьерлерден 35 тонна балық тәркіленді

Балық шаруашылығы комитеті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, балық қорғау акциясы 1 сәуір - 31 мамырда Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары аумағындағы Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында өтті. Акция кезінде балық қорғау заңнамасын бұзудың 1262 дерегін анықталды. Оның ішінде Атырауда – 952, Маңғыстауда – 137,  Батыс Қазақстан облысында 173 құқық бұзушылық тіркеліп отыр.

«Осы кезеңде 862 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 114-іне сот тәртібімен 56 қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп бұзушыларға 15,4 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 35 тоннадан астам балық тәркіленді. Оның 4,6 тоннасы – бекіре тұқымдас балық түрлері. Сондай-ақ, 908 аулау, 95 жүзу, 23 көлік құралы алынды. Жайық-Каспий бассейнінің су қоймаларынан синтетикалық моножіптен дайындалып,  заңсыз орнатылған 3035 аулау құралы табылды», деп мәлім етті Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметінен.

Балық қорғау акциясы кезінде бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз тасымалдаған, сақтаған деректер де бар.

«Мәселен, 15 сәуірде Атырау облысындағы Жанбай ауылының маңында жалпы салмағы 100 келі бекіре тұқымдас балық тасымалдаған автокөлік ұсталды. Сол күні Атырау қаласында жергілікті тұрғыннан 812 келі 247 дана бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Ал, 17 сәуірде «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы тыйым салынған жерде кәсіпшілік балық аулауды жүзеге асырған 2 адам анықталды. Шағын көлемді кемені тексеру кезінде 2,2 тонна балық табылып, тәркіленді. Ұсталған адамдарға тиесілі судан аулау құралы (вентер) алынды. Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында 26 сәуірде 148,55 келі бекіре тұқымдас балықты заңсыз тасымалдаған жергілікті тұрғынның басқаруындағы автокөлік тоқтатылды» деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Ал, Батыс Қазақстан облысында рұқсат құжаттынсыз балық тасымалдаған 16 автокөлік жүргізушісі ұсталыпты. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде 15 тоннаға жуық балық тәркіленіп, 15 қылмыстық іс қозғалып отыр.

Акция кезінде базарлар мен мамандандырылған дүкендерде синтетикалық моножіптен жасалған балық аулау құралдарының заңсыз сатылуына мониторинг жүргізілді. Оның  нәтижесінде 29 сәуірде Атырау қаласындағы базарлардың бірінде тыйым салынған 79 аулау құралын сату дерегі анықталып, тәртіп бұзушыға ҚР Әкімшілк құқықбұзушылық туралы Кодексінің 196-бабымен 72,9 мың теңге айыппұл салынды.