Спорт • 07 Маусым, 2021

Елдос Жұмаханов жартылай финалға шықты

611 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дзюдодан Мажарстанның астанасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Елдос Жұмаханов жартылай финалға жолдама алып, жүлделі орын үшін таласу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елдос Жұмаханов жартылай финалға шықты

66 кило салмақ дәрежесінде белдескен ол алғашқы кездесуін Еуропа чемпионы Адриан Гамбочқа қарсы өткізді. Қос мықты ұзақ тіресті. Төрт минут аралығында бірде-бір ұтымды әдіс жасалмағаннан кейін бәсеке қосымша уақытқа ұласты. Осы орайда, қазақ балуаны белсенділік танытқанын айта кетуге тиіспіз. Қарсыласы тек уақыт созып жүріп алды. Нәтижесінде төреші Гамбочқа үшінші ескерту берді.

Елдос екінші кезеңде аустралиялық Натан Катцты қапы қалдырса, үшінші айналымда моңғолиялық Херлен Гандболдан айласын асырды. Одан кейін қандасымыз беларуссиялық Дмитрий Минковты ұтып, жартылай финалға шықты.

52 кило салмақтағы Нұрсұлу Ералиева Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы бельгиялық Шарлин ван Сникке сан соқтырғанда ерекше шаттанған едік. Бірақ қазақ балуанының одан әріге әлі жетпеді. Нұрсұлу Моңғолияның дзюдошысына есе жіберді.