Өздерін Covid-19 инфекциясынан қорғау үшін дәрігерлер, мұғалімдер, құқық қорғау саласының қызметкерлері алдын ала кезекке тұрып екпе алып жатыр. Әу бастағыдай екпеге үрке қарамайды. Қауіптің алдын алу үшін істеліп жатқан шара екенін түсінгендей тұрғындар. Ауыл тұрғындары да дендеген дерттен құтылудың бір жолы екпе деседі. Алтай ауданы, Средигорное орта мектебінің мұғалімі Алена Сычук «ХХІ ғасыр обасынан» құтылудың басқа құралдары жоқ деп барып екпе алған.
– Әркімнің пікірі әртүрлі. Екпенің пайдасы болмаса зияны жоқ. Қай мемлекет өз еліне жамандық жасайды?! Өз денсаулығым мен айналам үшін барып, вакцина алдым. Індеттің емі шыққанына өте қуаныштымын. Бәрі бір кісідей екпе алса екен. Басты байлық – денсаулық емес пе?! – дейді орта мектеп мұғалімі.
Айта кетерлігі, Алтай ауданында мұғалімдер вакцинаны алғашқылардың бірі болып алды. Өйткені олардың қызметі балалармен тығыз байланысты. Осы орайда аудандық білім бөлімінің кәсіподағы мұғалімдерге Алакөлде тынығып қайтуға 20-дан астам жолдама бөлді.
«Казцинк» ЖШС компаниясының кәсіподағы өз тарапынан екпе алуға өз еркімен ниет білдірген және вакцинаның екінші компонентін алған қызметкерлерге сыйақы тағайындады. Қызметкер аяқасты науқастанып, жұмысқа келе алмай қалса да жалақы толық төленеді. Сондай-ақ 50 пайыздық жеңілдікпен туристік базаларға жолдамалар ұсынылады. Сондай-ақ екпе алғандар үшін жаттығу залы тегін болады.
– «Казцинк» ЖШС компаниясының басшылығы бірінші кезекте жұмысшылардың денсаулығына алаңдайды. Бәрі білікті мамандар. Сондықтан аталған кәсіпорынның қызметкерлері екпе алуға белсенді қатысты. Жұмысшыларға ыңғайлы болуы үшін мекеменің ішінде егу пункті орналастырылды, – дейді Алтай қаласының «Казцинк» ЖШС қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Наталья Горбачева.
Жалпы Шығыс Қазақстан облысында екпе егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оның үстіне жаз маусымында демалыс орындарына екпесі бар азаматтарды ғана кіргізбек. Қоғамдық орындарда Ashyq жобасы да іске қосылды.
Шығыс Қазақстан облысы,
Алтай ауданы