Медицина • 08 Маусым, 2021

Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті

826 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дәрі-дәрмекті сатып алу бойынша нозология­лар тізімі үш есе өсті. Бұ­ған кепілдендірілген меди­циналық көмек пен әлеу­меттік сақтандыру сеп бол­ды. Бұл туралы «СҚ-Фар­мация» ЖШС басқарма тө­рағасы Ерхат Есқалиев айт­ты.

Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті

Бірыңғай дистрибьютор 2019­ жылы амбулаториялық дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз ету шең­берінде 45 нозология бойынша (ТМККК шеңберінде) дәрі-дәр­мек сатып алды. Бұл 114 млрд тең­геден астам соманы құрады. Ал 2020 жылғы 1 қаңтардан бас­тап МӘМС шеңберінде 27,2 млрд теңге сомасына 105 және 130,3 млрд теңге сомасына 32 нозология енгізілді. Осылайша, ТМККК және МӘМС шеңберінде нозологияларды қамту 3 есеге кеңейтілді.

«ТМККК және МӘМС жүйе­сі шеңберінде 2021 жылы дәрі­лік заттар мен медициналық бұйым­дардың 1 439 түрі сатып алынады. Оның ішінде бірыңғай дистрибьютор тізіміндегі барлық позиция ста­ционарлық көмек көрсетуге ар­налған. Бірыңғай дистрибьютор амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 2 млн-нан аса қазақстандықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 662 түрін сатып алады. Жалпы, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС енгізілуімен 700 мыңға жуық сақтандырылған тұрғынды амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қол жеткізілді», деді Е.Есқалиев.

«СҚ-Фармация» дәрі-дәрмек жет­кізумен байланысты мәсе­ле­лер­ді шешіп, Бірыңғай дистри­бьютордың қоймаларында екі ай­лық азаймайтын қорды қам­тама­сыз етті.

«Денсаулық сақтау министрлігі 6,4 млрд теңге сомаға COVID-19 ауруынан емдеу үшін азаймайтын қордағы дәрілердің 38 позициясын бекітті. Осы позициялар бойынша көлем 60 мың пациентті емдеумен қамтуға мүмкіндік береді. Медициналық ұйымдарда да дәрі-дәрмек жеткілікті. Өткен жылдан бастап еліміздің медициналық ұйымдарына COVID-19 ауруын емдеу хаттамасына сәйкес дәрі-дәрмек үздіксіз жөнелтілуде, бұл – 91 позиция. Осы атаулар бойынша қалдық жыл басында 9,1 млрд теңгені құрады. 2021 жылдың басынан бастап ауруханаларға 8,7 млрд теңгеге дәрі-дәрмек жіберілді. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тіз­бесі 5 атауға («Парацетамол» және «Ибупрофен» ыстықты түсіретін препараттар, антикоагулянттар) кеңейтілді. 2021 жылғы кезеңде республика емханаларына 2 млрд теңгеге аталған дәрі-дәрмектер жөнелтілді. Сонымен қатар тұр­ғындарға рецепт бойынша 500 млн теңгенің дәрі-дәрмегі берілді», деді «СҚ-Фармация» басшысы.

Сондай-ақ ол коронавирусқа қар­сы вакцинаның төрт түрін таң­дау мүмкіндігі бар екенін еске сал­ды. «Спутник-V» вакцина­сы­ның 10 млн 280 мың дозасы сатып алынды. Оның ішінде биыл 1 ақпаннан бастап өңірлерге бірінші компоненттің 1,9 млн дозасы және екінші компоненттің 14 млн дозасы жөнелтілді. 10 маусымға дейін бірінші компоненттің 1 млн 200 мың дозасын және екінші компоненттің 525 мың дозасын жөнелту аяқталады.

QazVac вакцинасының 2 млн дозасы сатып алынды. Өңірлерге отандық вакцинаның 100 мың дозасы жеткізілді. Келесі жеткізілім мау­сым айының соңына дейін жоспарланған. Hayat-Vax-тың­ 1 млн дозасы сатып алынды және өңірлерге жөнелтілді. Бұ­дан басқа, Sinovac Biotech ком­пания­сы өндіретін Coronavac вак­цинасының 500 мың дозасы сатып алынды. Өңірлерге 12 маусымнан кейін жөнелтіледі.

Е.Есқалиевтің мәліметінше, бүгінде өңірлерге COVID-19 вак­­­ци­насының 4 млн 400 дозасы жеткізілген. Вакциналарды аймақтарға бөлу Денсаулық сақ­тау министрлігі санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау коми­тетінің тапсырысы бойынша жү­зеге асырылады.