Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, қазақстандық жұп Франция ашық чемпионатының ширек финалында монаколық Хьюго Нис пен германиялық Тим Пюцпен күш сынасты. А.Бублик пен А.Голубев матчты бірден брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 5:2. Бұдан кейін монаколық-германиялық жұп есепті қысқартқанымен, сет қазақстандықтардың еншісінде кетті – 6:4. Жерлестеріміз екінші сетте де 2:0 есебімен алға шығып алды. Кейіннен қазақстандық жұп матч соңына дейін осы басымдықты сақтап, кездесуді сәтті аяқтады – 6:4. Бәсеке 1 сағат 16 минутта аяқталды.
Қазақстандық жұп финалға шығу үшін испаниялықтар Пабло Андухар – Педро Мартинеспен шеберлік байқасады.