Жергілікті тарихшылар көне жәдігерді ежелгі түркі дәуіріне тиесілі деп отыр. Абай – Шардара тасжолының бойындағы «Шекертөбе» егістік алқабынан табылған тас атақты қолбасшыға арнап жасалған сияқты. Өйткені бетінде әскери бас киім анық бейнеленген.
Көне жәдігерді тапқан Нүркен Төребеков оны орнына қайта қойып, арнайы қоршау жасатқан. Мұндай жәдігер Шардара өңірінде алғаш рет табылып отыр.
«Осы жерде қой айдап бара жатқан кезде жерде жатыр екен, байқап қалдым. Кітаптардан, теледидардан көргенбіз ғой. Не екен деп түртіп, аударып тастадым. Қарасам, көздері, сұлбасы көрінді», деді Шардара ауданының тұрғыны Нүркен Төребеков.
«Шардара ауданы аумағында орналасқан өте көне тарихи нысан. Тарихи орын. Түркілірдің ғұндар жауынгерінің мүсіні соның құрметіне арнайы дайындалған мүсін деп ойлаймын», дейді аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Нұрлан Смайылов.