Тәуелсіздік • 08 Маусым, 2021

Машина жасау – маңызды сала

1189 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Былтыр пандемияны пысқырмаған саланың бірі – машина жасау. Экономиканың өзге секторлары шетінен сетінеп жатқанда, дәл осы сала ғана айрықша өсім көрсетті. Әрі бұл кездейсоқтық емес. Бұл – тәуелсіздік алғалы бері салаға төгілген тер мен теңгенің жемісі. Бұл – дағдарысқа бас имейтін қуатты кешен құрылғандығының айғағы.

Машина жасау – маңызды сала

1 жұмыс орны = 5-6 жұмысшы

Қазақстан үшін машина жасау – индус­трияландырудың негізгі діңгегі. Өйт­кені экономиканың өзге бағыттары дәл осы салаға тәуелді. Маши­на жасау агроөнеркәсіп, энергетика, ме­тал­лургия, көлік секілді іргелі сектор­лардың жұмысын жандандырып отыр. Тәуелсіздіктің отыз жылында отандық машина жасаушылар шығаратын өнімдердің тізбегі де кеңейді, көбейді. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы машина жасау кешені тарихи тұрғыдан алғанда өте қысқа мерзім ішінде құрылған. Мәселен, Қазақстан машина жасаушылар одағының мәліметінше, бүгінде еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі бұл саланың үлесі 14 пайызды, ал жалпы өнеркәсіптегі үлесі 7 пайызды құрап отыр.

Әсіресе машина жасау саласы ин­дустрияландыру бағдарламасы қабыл­данғаннан кейін ерекше қарқын алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бағдарламаның бірінші бесжылдығы дағдарысқа қарсы жұмыс істегенін білеміз. Сондықтан ол экономиканың барлық саласын қам­тыды.

Бұл қатарда машина жасау да бар. Әуелгі мақсат секторларды дамыту болғанымен, сол кезеңде жинақталған қуатты жоғалтпаудың өзі үлкен олжа еді. Солай болды да. Сондай-ақ елдің өнеркәсібін бірыңғай желіге қосу міндеті тұрды. Бұл үшін қажетті көлік, энергетика және өнеркәсіп инфрақұрылымы жасалды. Машина жасау саласы да осы бағыттағы маңызды қадамдардың біріне айналды.

Индустрияландырудың екінші бес­жыл­дығында машина жасау сала­сы­ның бағыттарын барынша қолдауға ба­­сым­дық берілді. Бұл ретте саладағы не­­гіз­гі алты секторды – автомобиль жа­сау, электр жаб­дығы, мұнай-газ, тау-кен, ауыл ша­­руа­шылығы және темір жол ма­­ши­­на­сын жасауды қолдау тетіктері әзірленді.

«QazIndustry қазақстандық индуст­рия және экспорт орталығы» АҚ салалық даму дирекциясының басшысы Әсет Адахаевтың айтуынша, машина жасау өнеркәсіп салалары арасында қосылған құны жоғары өнім ұсынуда жетекші орынға ие. Химия және фармацевтика өнеркәсібімен қатар, машина жасау сала­сы да экономиканы сапалы әрта­рап­­тан­дырудағы ең бір әлеуетті бағыт болып саналады. Мұнда құрылған бір жұмыс орны автоматты түрде тікелей байланысы бар өзге салаларда бес-алты жұмыс ор­ны­ның пайда болуына жол ашады.

– Машина жасау нарығы Қазақстанда тауарлар тобы бойынша бірінші орында тұр. Мәселен, біздің елдегі тауарлардың жалпы импорты 35,4 млрд доллардан асады. Мұның жартысына жуығы, яғни 48,9 пайызы машина жасау өнімдерінің импортына тиесілі. Бұл дегеніміз – 17,3 млрд доллар, – дейді Ә.Адахаев.

 

Он жылдағы оң бағдар

QazIndustry орталығының дерегіне сүйенсек, 2009-2020 жылдар аралығында машина жасау саласындағы өндірісінің қаржылық көлемі 6,4 есе өсіп, рекордтық деңгейге жеткен – 1,8 трлн теңге.

Индустрияландыру жылдарында ма­ши­на жасау саласында жаңа тауарлар пайда болды. Бұл қатарға электровоз­дарды, жолаушылар вагондарын, қуаты аз тракторларды, автотіркегіштер, пресс-жинауыштарды, желдеткіш жабдық­тарды, темір жол дөңгелектерін, осьтер мен темір жол саласына арналған басқа да жиынтықтауыштарды жатқызуға болады. Бұдан бөлек, өндірісі Орталық Азия нарығы үшін бірегей болып саналатын қуатты трансформаторлар, модемдер мен коммутациялық жабдықтар және тағы басқа да өнім бар.

Мәселен, бір ғана Alageum Electric компаниялар тобы жыл сайын 300-ге жуық жаңа өнім түрін игереді. Өйт­кені сұраныс өсіп келеді, сатып алушы­лардың күтер дүниесі де көп. Олардың жабдықтарға қатысты талаптары да артуда. Мұның бәрі компанияларды өнімдерін жетілдіруге, өзінің тауарлық желілерін әзірлеуге ынталандырады.

– Біз тәуелсіздік жылдары бұған дейін Қазақстанда қанатын кеңге жай­маған секторларды дамыта алдық. Бұл – үлкен жетістік. Мемлекеттің дұрыс саясаты мен отандық өндірушілерді қолдау шараларының нәтижесінде жаңа қуаттарды іске қостық. Қазақстан­ның машина жасау саласы қосылған құн­мен жаһандық өндірістік тізбектер­ді құру­да үлкен әлеуетке ие. Мұндай әлеует 90-жылдары болған жоқ. Енді, міне, қазіргі уақытта бірқатар отан­дық кәсіп­орын әлемдік машина жасау­дағы ірі бренд­термен бірлесіп жұ­мыс істейді. Бұл – тәуелсіздіктің жемі­сі. Мәселен, Өскемен қаласындағы «Силумин Восток» кәсіпорны «Шнайдер Электрик» компаниясымен бірлесіп электр машина жасау өнімдерін өндіріп, экспорттайды. Сондай-ақ Алматы вентилятор зауыты мен әлемге әйгілі LG Electronics компаниясы арасындағы ауаны баптау және желдету жүйесін әзірлеу бойынша бірлескен өндірісті атап өткен жөн. Мұндай мысалдар жетіп артылады, – дейді Ә.Адахаев.

 

Жарылқаған жаңа өндірістер

Былтырғы дерекке сүйенсек, машина жасау саласында 3 007 кәсіпорын тіркелген. Оның 63-і – ірі, 102-сі – орта және 2 842-сі – шағын кәсіпорындар. Ин­дуст­рияландыру бағдарламасы шамамен 14,2 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүм­кіндік берді. Ең ірі кәсіпорындар қата­рында «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «Степ­ногорск ЕПК» АҚ, «Қайнар-АКБ» ЖШС, «Кентау трансформатор зауы­ты» АҚ, «Агромашхолдинг KZ» АҚ, «Аты­раумұнаймаш» АҚ, «Алматы ауыр ма­шина жасау зауыты» АҚ және «Пет­ропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бар. Бұл жердегі мультипликативті әсер­ді ескерсек, шамамен 70-80 мың жұ­мыс орнын құру мүмкіндігі барын атап өткен жөн.

Индустрияландыру бағдарламасы қабылданғанға дейін сала кәсіпорын­дарының саны 1 700-ден аз болды. Іс жүзін­де машина жасау өндірістерінің саны 10 жылда 76,8 пайызға өсті.

Индустрияландыру жылдарында салаға құйылған инвестициялар ағыны 565,3 млрд теңгені құрады. Бұл ретте былтыр 74,3 млрд теңге тартылған. Әсі­ресе салаға соны серпін берген фран­цуздың Alstom компаниясының тех­но­логиясы бойынша электровоз өнді­ретін «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС-ын (2012 жыл), әлемге әйгілі өндіруші Kudu Industries Inc негізінде бұрандалы сорғыларды шығаратын «Куду Индастриз Қазақстан» ЖШС-ын (2015 жыл), Алматы қаласындағы Hyundai жеңіл көліктерді құрастыру өндірісін (2020 жыл) бөле-жара атап өтуге болады. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда күштік транс­­фор­маторлардың («Алагеум Групп» АҚ компаниялар тобы), модемдер мен коммутаторлардың жаңа түрлері­нің өн­дірісі іске қосылды. Петропавл ауыр ма­ши­на жасау зауытында рефри­же­ра­­тор­лық вагондар және «Вектор Пав­ло­дар» ЖШС-де алюминийден дөңгелек дискі­лер шығарыла бастады.

Машина жасау саласын дамытуға түрлі мемлекеттік бағдарламалар, сұ­ран­ыс пен экспортты қолдау шара­лары, жеңілдетілген автонесиелеу бағ­дар­ламасы, техника лизингі бойынша арнайы талаптар, жобаларды қамтамасыз етуге арналған жеңілдетілген қаржы құ­рал­дары мен гранттар оң ықпал етуде.

 

Еңсе тіктеген экспорт

Қазақстандағы машина жасау өн­дірісі ішкі нарыққа бағдарланған. Соған қарамастан, индустрияландыру жыл­дарында машина жасау өнімдерінің экспорты көлемі айтарлықтай өсті. Мәсе­лен, 2009 жылдан бері экспорт көле­мі 3,3 есе өскен. 2009 жылы экспорт көле­мі 395,3 млн долларды құраса, былтыр 1 309,4 млрд долларға жеткен. Өткізу нарықтары да кеңейтілді. Еуразиялық эконо­микалық одақтан бөлек, отандық өнім­дер Әзербайжан, Түркіменстан, Тә­жік­стан, Өзбекстан, Грузия, Қытай, Бірік­­кен Араб Әмірліктері, Бенин, Люк­сем­­бург, Мажарстан секілді таяу және алыс шет­ел­дерге экспортталады. Экспорттың не­гіз­­гі бөлігін электр жабдықтары, мұ­­най-газ машина жасау секторы, темір жол техникасы өнімдерін жеткізу құрайды.

Сонымен қатар бірқатар кәсіпорын­ның технологиялары мен жабдықтары шы­нымен ескіргенін атап өткен жөн. Сон­дықтан олар бәсекеге қабілетін жо­ғалтады. Бұл мәселені шешу үшін өн­ді­р­істі жаңғырту бойынша әртүрлі ынта­лан­­­­ды­рушы әдістер әзірленіп, қолданы­лу­­да. Олар кәсіпорындарға тауарлар ж­е­лі­­сін жаңарту үшін сондай-ақ жаңа та­­уар­­­ларды шығаруды ұлғайту үшін қа­­же­т­­ті рә­сім­д­ерді жүргізуге мүмкіндік береді.

Автоөнеркәсіптің экспорты 2020 жылы 8 122 бірлікті құрады. Экс­порттың негізгі бағыты – Өзбекстан мен Ресей. 2010 жылы біз тек 3 маши­наны экспорттаған екенбіз. Біздің авто­өнеркәсіп әзірше ішкі нарықты қана­ғат­тандыруға бағытталған. Осы күнге дейін 77 400 автомобиль жиналды, со­ның тек 8 122-сі ғана экспортқа кетті. Биыл автомобиль жасау көлемін 100 мың­ға дейін жеткізу жоспары тұр. Бұ­ған ішкі нарықтағы тұтынушыларға жеңіл­детілген несие беру, сондай-ақ ішкі ком­мер­циялық автопаркті жаңа автомобильдермен қамтамасыз ету, экспортты дамыту бағдарламалары арқылы қол жеткізуге болады.

 

Кадр әлеуеті қандай?

Машина жасау саласын тілге тиек еткенде, кадр мәселесіне мән беру маңыз­ды. Бұл ретте Korn Ferry зерттеуіне назар аудар­ған дұрыс. Зерттеу нәтижелері бо­йын­ша 2030 жылға қарай дамыған елдер­де мамандардың тапшылығы айқын сезіл­мек. Түрлі бағалаулар бойынша атал­ған жағдай әлемдік экономиканың баяулауына алып келеді және шамамен 8,5 трлн доллар көлемінде шығынға ұшыратады. Түптеп келгенде бұл барлық саладағы технологияның баяулауына кері әсер етеді. Сондықтан Korn Ferry сарапшылары кәсіпорындарды кадрлық әлеуетті арттыруға шақыруда.

Кадр – өндірістегі маңызды фактор. Бүгінгі таңда өзге салалар секілді машина жасау бағыты да біліктілігі жоғары кадрлардың жетіспеушілігі мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Тапшылық жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды дамыту мен жаңғыртуға, жаңа өндірістер мен жаңа технологиялық құрылыстың пайда болуына байланысты қалыптасуда. PriceWaterhouseCoopers ел аумағындағы 60 кәсіпорынға сауалдама жүргізген екен. Олардың 90 пайыздан астамы бі­лікті кадрлардың тапшылығы бар еке­нін айтқан. Атап өтерлігі, бұл мәселе кәсіп­орындар белгіленген пробле­ма­лардың ішінде бірінші орында тұр. Оның қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Машина жасау саласында жол картасы іске асырылып жатқаны белгілі. Осыған сәйкес 2024 жылға дейін саланы білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету міндеті қойылған. Бұл ретте өндірістік тәжірибеден өту кезінде шығындарды бірлесіп қаржыландыру үшін дуалды білім беру жүйесін жетілдіру жоспарлануда. Яғни шығындардың 70 пайызын мемлекет немесе оқу орны, ал 30 пайызын жұмыс беруші өтейді.

Кәсіпорындардың оқу орындарымен тығыз ынтымақтастығы оң нәтиже бере бастады. «Тәлімгерлікке» алу арқылы кадр тапшылығын шешу тәжірибесі өзін-өзі ақтады. Бірқатар кәсіпорындар машина жасау бағытындағы салалық білім беру мекемелеріне толық иелік етуді де қолға алды. Кәсіпорындар жергілікті жоғары оқу орындарымен, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерімен келісімдер жасауда. Онда нақты даму жоспары құрылған. Кадрларға қатысты нақты талаптар да бар.

Мәселен, Қазақстанның ірі электр техникалық компаниясы – Alageum Electric компаниялар тобының Кентау қаласында білікті жас кадрларды да­йындайтын жеке білім беру мекемесі бар. Инженерлер колледж оқытушыларымен тікелей жұмыс істейді, оқу процесіне қаты­сады. Олар әр сабақты тәжірибе тұр­ғы­сынан көрсетіп, заманауи әрі қы­зық­­ты етуге тырысады. Сонымен қатар бұл өн­дірістік процестен ажыратылған нақ­ты білімді үйретуге мүмкіндік береді. Тиісін­ше, студенттер де қайда жұмыс істеу керегін, қалай жұмыс істеу қа­жетін біліп отырады.

Өндіріс пен оқу орны арасындағы тығыз білім беру процесін жолға қою еңбек нарығының дамуына серпін береді. Бизнес әзірлеген әрі үнемі жаңартылып оты­ратын салалық біліктілік талапта­ры мен білім беру стандарттарына бейім­делген машина жасаудағы кәсіби стандарттар бұл бағытта маңызды рөлге ие.

 

Жоба-жоспар жақсы-ақ...

Өткен 10 жыл ішінде мемлекеттің басым­дықтары машина жасау кәсіп­орындарын қолдауға арналды. Индуст­рияландырудың үшінші кезеңі экспортқа басымдық беретін жобаларды дамытуға ба­ғыт­талған. Сондықтан таяудағы бес жыл­да мемлекеттің назары мен қол­­дау шаралары әлемдік нарықта бә­се­­ке­ге қабілетті өнім шығара алатын нақ­ты кәсіпорындарға қатысты бол­­мақ. Яғни ішкі нарықты сапалы өнім­­­мен молықтыруға және оны одан әрі экспорт­тауға ниетті кәсіп­орын­­дарға басымдық беріледі. Жаңа ин­дус­трия­ландырудың үшінші бесжыл­дығында терең өңдеу деңгейі және қосылған құны жоғары өнімдер назарға алынады. Мемлекеттік қолдау өндірісті кешенді түрде ынталандырады және кәсіпорындардың бұған қол жеткізу мүмкіндігі жоғары. Тиі­сінше, мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар өнімді шығару және сату бойынша міндеттемелерін арттырып, оны уақытында орындауы керек.

Ел билігі Индустрия және инфрақұры­лым­­дық даму министрлігі мен өнер­кәсіп са­ла­ларының алдына үшінші бес­жыл­дық­та елеулі индикаторларға қол жет­кізу міндетін қойып отыр. Атап айт­қан­да, 2020-2025 жылдары экспорт көлемі екі есе, еңбек өнімділігі 1,6 есе, негізгі ка­пи­­тал­ға салынған инвестиция 1,6 есе өсуі тиіс.

Қостанай облысында ірі машина жасау кластерін қалыптастыру бойын­ша ауқым­ды жоба іске қосылады. Онда ауыл шаруашылығы техникасы мен авто­­мо­­бильдерге арналған ком­понент­­тер шы­­ғары­лады. Мұнда бөл­­шектер мен торап­тар­дың мыңға жуық түрі шы­ға­рылмақ. Бұл ав­томобиль өн­дірісін оқшау­лауды ұлғай­тады және ма­мандардың жаңа құзы­рет­терді игеруі­не ықпал ететін болады.

Қостанай өнеркәсіптік аймағында «КамАЗ» қозғалтқыштарына арналған жинақтауыштарды құю өндірісінің құрылысы басталды.

«Сайман корпорациясы» ЖШС ас­пап­тар жасау зауытын салуды жос­пар­лап отыр. Осы жылы Kaspy Service ЖШС мұнара крандары мен лифтілер шы­ғаратын зауыт салуды жоспарлауда. Бұдан бөлек,  United Energy Qazaqstan ЖШС жел генераторларын шығаратын зауыт құрылысын бастамақ.

Жасыл тренд пен экологиялық таза көліктің дамуымен Қазақстанда элект­ромобильдерді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Еуропа, Жапония, Канада, АҚШ-тың негізгі тұтыну нарықтарында экологиялылық бағытқа көшу жүріп жатыр. Бұл тренд біздің ел үшін де өзекті.

2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан На­зар­­баевтың «Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілетті­лік» атты Жолдауында қажетті инфра­құры­лым құруды көздей отырып, экспорт­қа бағ­дарланған электромобильдер өнді­рі­сін одан әрі дамыту мәселесін пысық­тау тап­сы­рылды. Соған сәйкес, Индус­трия және ин­ф­рақұрылымдық даму ми­нистр­лігі өн­дір­істі дамыту және қажетті инфра­құры­лым құру жөніндегі жол картасын бекітті.

Бүгінгі таңда қазақстандық «Сары­арқаАвтоПром» зауыты JAC iEv7S элект­ро­мо­билінің сериялық өндірісін іске қосу­­ға дайын. JAC iEv7S электромобилі Ре­сей Федерациясындағы автополигон­да сер­ти­фикаттық сынақтардан өтті. Сон­дай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аума­ғында автокөлікті айналысқа шыға­ру­ға мүмкіндік беретін Кеден ода­ғы көлік құ­­ра­л­ы­ның типін мақұлдау сертификатын алды.

Бүгінгі таңда электромобиль құны­ның бір бөлігін субсидиялау, электро­мобиль­дер­дің автобус жолақтары бо­йынша қоз­ғалы­сын қамтамасыз ету, тұрақ орын­дары­мен қамту шаралары қарасты­рылуда.

ТҮЙІН: Тұтастай алғанда, Қазақстанның машина жасау әлеуеті өте жоғары. Импортты алмастыру есебінің өзінен ғана жылына 16,6 млрд доллардың өнімін шығаруға мүмкіндік бар. Әсіресе мұнай-газ машинасын жасау, электр жабдықтары, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары бағытындағы игерілмеген кеңестік көп. Қысқасы, әлеует – үлкен, жоба-жоспар – жақсы-ақ. Тек, соның бәрі қалмаса дейміз ақсап.