Әлем • 09 Маусым, 2021

Fastly интернетті әбігерге түсірді

174 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сейсенбі күні жер-жаһанға танымал көптеген сайт бір сәтте ашылмай қалды. Олардың қатарында Ақ үй сайты мен gov.uk секілді танымал сайттар да бар. Ақ үйден бастап, Даунинг стритке дейінгі мемлекеттік мекемелерді дүр сілкінткен оқиғаның туындауына кінәлі – Fastly Inc компаниясы.  

Fastly интернетті әбігерге түсірді

Fastly-дағы ақауларға байланысты қолданушылар жиі пайдаланатын ин­тернеттегі парақшалар бұғатталып қалған. Көп ұзамай компания бірқатар қиындыққа кезік­кенін мойындады. Біраз уақыт өткен соң зардап шеккен сайттар біртіндеп қалпына келе бастады.

Мәселенің мәнісі мынада: компания интернетте контент жеткізу жұмысымен (CDN) айналысады. Қарапайым тілмен ай­т­қанда, ғаламтордағы ақ­парат­ты жедел таратуға көмек­те­седі. Шартараптың түкпір-түк­пірінде аталған компанияның сер­верлері бар. Интернетке жүк­­телген сайттардың бәрінің кө­шір­месі сонда орналасқан.

Мәселен, Қазақстанда отырып АҚШ-тағы сайтты ашсақ, баяу көрсетілетін еді. Ал Fastly мәлі­меттің тез жүктелуіне жәр­дем­деседі. Сондықтан қазір­гі­дей интернет ғасырында бұл – таптырмас құрал.

Оның үстіне, компания бірнеше ірі CDN провай­дер­лерінің бірі саналады. Сондай-ақ Cloudflare және Amazon-ның CloudFront жобасы бар. Бірақ Fastly-дің қаншалықты қажет екенін мынадан-ақ аңғара беріңіз. Amazon жеке сайтын өз­дері жасаған CloudFront-ке жүк­теудің орнына Fastly арқылы жұмыс істеткенді жөн көреді.

«Осындай оқиғалар интер­нет­тің әлсіздігін, оның бөл­шек­­телген технологияға тәуелді­лі­гін көрсетеді. Бұған қоса, ға­лам­тордың әлеуеті мен қан­шалықты тез қалпына келетінін де айғақтайды. Оның үстіне, сайттардың жаппай ашылмай қалуы бүкіл әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдарында ең көп талқылануы – оның қаншалықты сирек кездесетінінің де дәлелі», дейді CCS Insight-тың бас талдаушысы Бен Вуд.

Зардап шеккен сайттардың саны жетіп артылады. Мәселен, Ақ үйдің ресми сайтынан бөлек, Ұлыбританиядағы gov.uk до­менін пайдаланатын бар­лық мем­лекеттік веб-сайт өшіп қал­ды. Соның салдары­нан салық қыз­меттері, қазына­шы­лық де­пар­таментінің кірістері мен ке­дендік органдарына жыл­дық декларацияларды тапсыратын онлайн-жүйе біраз уақыт тоқтап қалды.

Сонымен қатар Тұманды Альбион тұрғындары коро­навирусқа тест тапсыру үшін онлайн тіркелуден өте алмай қалған. Бұл аз десеңіз, Англияға шетелден келетін жолаушылар толтыруы тиіс жүйе де істен шыққан екен.

Twitter-дегі ресми gov.uk аккаунты мәселеге байланысты түсі­ніктеме беріп, «Бұл – басқа да үкі­меттік емес сайттарға қатысты жағ­дай. Біз шұғыл түрде тексеріс жүр­гізіп жатырмыз», деп хабарлады.

Ашылмай қалған сайттар­дың қатарында Amazon, eBay және Boots та бар. Amazon мен Boots компанияларының Ұлы­британиядағы жылдық табысы 25 млрд фунт стерлингті құ­райды. Ендеше, олар бір сағат ішін­де орташа есеппен шамамен 3 млн фунт стерлинг пайда кө­реді. Яғни интернеттегі қиын­дық салдарынан компаниялар осыншама қаржыдан қағылды.

Сондай-ақ Amazon-ның бұлт­­ты есептеу құралы Amazon Web Services те, жұмыс істемей қал­­ды. PayPal төлем провайдері де бі­раз уақыт бұғатталып тұр­ды. Бұл да компания үшін үл­кен шы­ғын. Мәселен, төлем провай­дері 2020 жылы 936 млрд дол­лар транзакция жасаған. Ша­ма­мен сағатына 106 млн доллар қаражат PayPal-дан өтеді.

Бұдан бөлек, бірқатар әлем­дік бұ­қаралық ақпарат құра­лы да қиындыққа тап келді. Financial Times, CNN, Al Jazeera, BBC, The Guardian, Bloom­­berg, Independent және Evening Standard секілді медиа құры­лым­дарының сайттары біраз уақыт жабық тұрды.

Google-дің AdSense платфор­масының мәліметтеріне сәй­кес, бұқаралық ақпарат құрал­дары бұғатталу кезінде шамамен 300 мың доллар ақшадан айырылды. Connective3 маркетинг агенттігінің есептеуінше, әсіре­се жарнамаға тәуелді медиа сайттар көп кірістен қағылған.

Ең танымал қызметтердің бірі – Spotify музыкалық плат­фор­масы да ашылмай қал­ды. Ком­пания былтыр Ұлы­бри­та­нияда 836 млн доллар пай­да тапқан. Ендеше, кірісі са­ға­тына 100 мың фунт стер­линг­ті құрайтын Spotify қомақ­ты қа­ражаттан айырылды деген сөз.

Бұдан бөлек, Reddit сайты, Pinterest-тің сурет бөлісу сайты бұзылды. Компьютерлік ойынға тікелей эфир жасауға мүмкіндік беретін Twitch, сұранысқа ие бейнеплатформалар –Hulu мен HBO Max та зардап шеккендер қатарында.

Зардап шеккен көптеген веб-сайттар цифрлы жарнама­дан табыс табады. Kantar медиа өлшеу фирмасының мәліметтеріне сай, бұғатталған кезеңде дү­ние­жүзіндегі компаниялар саға­тына 29 млн доллардан астам цифрлы жарнамадан түсетін кірістен қағылған.

Ақпарат агенттіктері сайттары ашылмай қалған соң мәлімет тара­тудың ерекше тәсіліне жү­гінді. Танымал Verge сайты Google Docs қызметін қолданып, жаңалық таратқан. Ал Guardian-ның Ұлыбританиядағы техно­логиялық редакторы туындаған мәселелер туралы туиттерде ақпарат бөлісіп отырды.

Интернет-трафиктің басым көп­шілігі үш CDN арқылы өтеді. Олар: Fastly, Cloudflare және Amazon-ның CloudFront қыз­­меті. Киберқауіпсіздікпен ай­­на­лы­­сатын F5 Labs компа­ния­­сы­ның өкілі Дэвид Уорбур­тон­ның айтуынша, мұндай орта­лық­т­ану жаңа мәселе туындатуы мүмкін.

Жалпы, осыншалықты көп­те­ген сайтқа әсер еткен оқиғаға кім­­­нің немесе ненің кінәлі екені нақ­­­ты белгісіз. Әзірге түрлі бол­­жам ай­тылып жатыр. Fastly ком­па­­ния­сы өкілінің айтуынша, жер-ж­аһан­ды дүр сілкінткен бұға­т­та­лу болмашы қателіктен туындаған.

«Біз мәселенің неден шық­қанын анықтап, оны қалпына кел­тірдік. Енді біздің қызметіміз қайта іске қосылып жатыр», деді компания өкілі.

Сондай-ақ бұл хакерлердің шабуылы болуы мүмкін деген де әңгіме бар. Таяуда АҚШ-та­ғы мұнай құбырымен айналы­са­тын компанияға кибер шабуыл жасалып, мұхиттың ар­ғы бетін әбігерге түсіргені ұмыты­ла қойған жоқ.

Естеріңізде болса, кибер шабуыл салдарынан елдегі ең үлкен мұнай құбырының бірі – Colonial Pipeline істен шық­қан. Аталған компания шығыс жағалаудың 45 пайызын жанармаймен қамтамасыз етеді.

Colonial Pipeline-нің жалпы ұзындығы 9 мың шақырымға жуық, АҚШ-тың 14 штатын басып өтеді. Құбыр, негізінен, көлік жанармайы, дизель жет­кізумен айналысады. Ел­дегі 7 әуежайға күніне 400 млн литр жанармай жет­кі­зеді. Осын­дай алпауыт кор­по­ра­ция­ның жұмысына ке­дергі келтірген – қарапайым компью­терлік вирус. Осы оқиғаны алға тарт­қан кей сарапшылар бұл хакер­лердің жымысқы әрекеті болуы мүмкін екендігін де жоққа шығармайды.

Қалай дегенмен, бұл оқиға Батыс­тағы интернет пен техно­логия­лық компанияларға қатыс­ты түсінікті түбегейлі өзгер­тетіні анық. Былтыр Еуро­палық ко­миссия цифрлы экономикаға қатыс­ты жаңа ережелерді та­ныстырған болатын. Соған сәй­кес, алпауыт тех­нологиялық ком­­пания­лар­дың ықпалын азай­ту­ға арнал­ған Цифрлы қыз­­­мет актісі (DSA) және Цифр­­лы на­рық актісі (DMA) қабыл­дан­ды. Осылай­ша, Apple, Amazon, Facebook, Google секіл­­ді корпо­ра­ция­лар­дың бизнес­ке ықпалы төмендетілмек.

Аталған құжаттар цифрлы технологиядағы монополияны жоюға бағытталған. Ал алпауыт компаниялар Еуропалық одақ қойған талаптарды амалсыз орындайды. Өйткені қарт құр­лық заңнамаларының жаһан­дық ықпалы бар. Бұл – «Брюссель әсері» деп аталатын феномен.

ЕО – әлемдегі ең үлкен тұ­тыну­­шы нарығының бірі. Сон­дықтан  көптеген трансұлттық корпорация осы нарыққа кіру үшін одақтың бизнеске қойған ережелерін қабылдауға мәжбүр. Сонымен қатар шартараптың басқа түкпірлерінде түрлі заң­намаларға жүгіне бермес үшін Еуропалық одақтың ережесін жаппай қабылдайды.

Оған қоса, бір жыл бұрын АҚШ-та Өкілдер палатасының сот ко­митеті цифрлы нарықтағы бәсе­келестік туралы есеп жа­рия­лап, осы салаға өзгеріс қа­жет екенін атап көрсеткен-ді. Сөй­тіп, АҚШ-тағы монополияға қар­сы заң туралы пікірталас қай­та жанданды.

Қысқасы, бүкіл әлемнің ин­тер­­нетін бір сәтке өшіріп тас­та­ған ақау келешекте де қай­та­­­­­лануы мүмкін. Сондықтан Еу­ро­­­палық одақ мұндай әре­кет­­тің қай­талануына жол бере ал­­майды. Әсіресе, CDN секілді жү­­йе­ге жа­уапты компаниялар санау­­лы ғана болса, қарт құрлық қы­­сым­ды күшейтетіні айтпаса да түсінікті.