Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша республикада 180 мыңнан астам бала құлақ және емізік тәрізді өсінді ауруларына шалдыққан. Бұл жалпы балалар ауруының 3 пайызын құраса, туа біткен кемістігі барлар 160 мыңнан, атрезия мен микротия патологиясымен туылғандар 600-ден асады. Ал екі жақты атрезиямен 60-тан астам бала тіркелген.
Микротия – құлақ қалқаншасының дамымай қалуынан өрбитін ауру. Мұндайда құлақ қалқаншасының көлемі кішірейіп, деформацияланған болуы немесе мүлдем болмауы да мүмкін. Бұл кемістік жаңа туған 8-10 мың баланың бірінде ғана кездеседі. Әдетте, микротия атрезиямен, яғни есту каналының болмауымен қатар кездесетін жағдайлар кездеседі. Осының салдарынан балалардың сөйлеу, көру қабілеті және интеллектуалды дамуы тежеледі. Медицина деректері бойынша микротияның 3 түрі тіркелген. Оның 90 пайызында баланың бір құлағы ғана жетілмей туады. Көптеген зерттеулерде осындай патологиялық жағдайларда құрылымы, анатомиялық және генетикалық тұрғыда байланыс болатындығы дәлелденген.
Білікті маман соңғы он жылдан астам уақыттан бері туабітті патологияларды емдеп, осы бағыттағы тәжірибесін әрі қарай жетілдіре түсуде. Операция барысында адам қабырғасынан алынған материалдан құлақ қалқаны жасалады. Елімізде мұндай патологиясы бар балалардың біразы біржақты атрезияға шалдыққандар, яғни екінші құлағы еститіндер. Атрезия есту түтігін ашумен байланысты болса, микротия жағдайында құлақтың сыртқы бөлігіне ота жасалады. Дәрігер атап өткендей, мұндай оталарды бір рет жасауға болады. Өкінішке қарай, елімізде техникалық тұрғыдан өте күрделі отаны жасау әдісін оқытудың шығындары қаржыландырылмайды. Қазіргі кезде микротия мен атрезияға шалдыққан қазақстандық балаларды ата-аналары (туа біткен немесе құлақ каналдарының кейіннен бітеліп қалуы) шетелдерде емдетуге мәжбүр болып жүр. Қазақстанда бұл бағыт жақсы дамымағандықтан, құлақсыз жүрген ересектер де кездеседі екен. Ал білікті хирургтің балалар мен ересектерге операция жасау үшін тиісті лицензиясы бар. Мұндай операциялар Америкада – 100 мың, ал Еуропада шамамен 60-70 мың доллар тұрады.
Құлақсыз өмірге келген балаларға үміт отын жағып, заманауи әдістерін қолданып жүрген Н.Сатылғанов қыруар қаражатты шетелге шашқаннан гөрі, балаларды елімізде емдетіп, керісінше шетелден келетін науқастарды қабылдайтын деңгейге жету керектігін айтады. Сонымен бірге ерін жырығы, таңдай ісігі сияқты туа бітті өзге де патологияларды емдеп жүрген ол мұндай ота түрлерін жасау жауапты іс болғандықтан, бұл бағытты зерттеп, біліктілігін арттырып отырудың өзіндік қиындығы бар екенін де алға тартты.
Қазіргі кезде Н.Сатылғановтың есімі шетелдерде қолданылатын озық тәсілдерді игеріп, отандық медицинаға жаңа леп әкелген білікті маман ретінде танылып келеді. «Жүре келе құлақ тесігіне де ота жасауды қолға алмақ ойымыз бар», деген тәжірибелі хирург құлақ патологиясымен өмірге келген балалармен қатар ересектерге де қабырға шеміршегінен құлақ жасау әдісін қолға алған. Мұндай күрделі оталарды жасау үшін шеберлік сағаттары, семинарлар мен курстардан өтіп, қажетті оқулықтар, видеолар пайдаланудың маңызы зор.
Еуропа тәжірибесінен машықтанған маман қабырғадан алынған материалдың әзірге косметикалық тұрғыда жасалатындығын айтады. Жаңадан жасалған құлақ әуелде бас мүшесіне жабыстырылып, бір жылдан кейін ажыратып, қайта құлақ етіп тігіледі. Ал қабырғада ешқандай өзгеріс болмайды. Бүгінде мұндай операция түрі көрші Ресейде де кеңінен қолданыс таба бастады. Ал АҚШ пен Еуропа хирургтері бұл бағытта Қазақстаннан көш ілгері кеткен.
Он жылдан бергі аралықта Талдықорған Шымкент, Ақтөбе, Атырау Оралда туа бітті жырық ерін мен таңдайсыз туған балаларды емдеуге байланысты кеңестер беріп жүрген білікті маман мойын мен жақты түзету операцияларымен қатар қатерлі емес ісік түрлерін емдеуде жылына әртүрлі бағытта 200-ден астам ота жасайды. Алдағы уақытта үстіңгі және астыңғы жақ сүйектеріне ортогнатикалық ота жасауды жоспарлап отырған хирург дентальды имплантация бойынша Шанхайда, Кореяда білім алып, Латвияда өткен ортогнатикалық хирургия симпозиумына қатысып қайтқан. Ресейде гемангиоманы лазермен емдеу тәжірибесін меңгерген. Ол әрі балалар бас сүйек дәрігері, имплантолог.
Қолы шипалы, жүрегі дарқан ақ халатты абзал жанды қала тұрғындары ғана емес, еліміздің барлық өңірінен де іздеп келетіндер саны артып келеді. Қазірдің өзінде білікті дәрігердің кеңесі алды Қытай, жақыны Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген сырқаттарға шипа болуда. Ал елімізде туабітті патологиямен кезекте тұрған балалар отандық дәрігерлердің осы бағыттардағы заманауи жетістіктеріне үміт артады.
АЛМАТЫ