Медицина • 10 Маусым, 2021

Екпе салып, ертеңін ойлаған озады

279 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиялық ахуалды бағалау көрсеткіші бойынша «жасыл аймақты» ауыстырмай, індетті жеңу мақсатында тұрғындары барлық талапты орындауға тырысып жатқан Түркістан облысында коронавирусқа қарсы вакциналау қарқынды жүргізілуде. Облыста 234 мыңнан астам адам екпе қабылдауға ниет білдірген. Екінші компонентпен 83 мыңға жуық адам салдырған.

Екпе салып, ертеңін ойлаған озады

Бүгінде өңірде 128 екпе салдыру пункті жұмыс істейді. Сондай-ақ көшпелі егу бригадалардың саны – 80-ге жетті. Медициналық ұйымдардағы дәрілік заттар қо­ры 60 күнге, арнайы қорғаныш құрал­дары 55 күнге жетеді. Өңірде дәрі тапшылығы байқалмайды. Ақпан айынан бастап жалпы 207 100 вакцина, мамыр айында «Hayat-Vax» вакцинасының 43 мың дозасы жеткізілді. Жалпы өңірде пандемия белең алғалы 766 мыңнан астам азаматтан ПТР-сынамалары алынған. Облыс бойынша 1 200 инфекциялық және 300 карантиндік және 188 реанимациялық төсектік орын ұйымдастырылған. «Түркістан облысында пандемия басталғаннан бері COVID-19 індетімен тіркелген жағ­дайлар саны 6 356 болса, жазылып шыққандар саны – 5 910. Коронавирус инфекциясының әр­түрлі сценариіне байланысты инфек­циялық төсек-орын санын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар», дейді облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов.

Екпе салудың маңызын бағам­даған жұрт ертеңгі күннің қамын да ескеруде. Яғни сақтандыру жүйе­сіне де сенім артушылар қа­тары артқан. Облыстың 1,6 млн тұрғыны медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы. Жүйеде әлі күнге дейін сақтандырылмаған 400 мыңға жуық адам ақысыз қыз­меттерден тыс қалып отыр. Сақ­тандырылмағандардың көпшілігі тұрақсыз төлеушілер. Яғни олар үшін қандай да бір аударымдар және жарналар тұрақты түспейді, не болмаса төлем дұрыс жүргізілмеген. Соның салдарынан жүйеде қарызы қордаланып, мәртебесінен айырылады. Демек, төлемдердің жүйе­лілігін сақтау маңызды. «Жүйеге қа­тысатындардың ішінде 15 жеңіл­детілген санаттар мемлекет тарапынан қамтамасыз етілген. Алайда ақпараттық жүйелерде аталған санаттардың әлеуметтік мәртебелері анықталмағандықтан сақтандырылу құқығынан айырылып қалып отыр. Осы ретте, жеңілдетілген санатқа жататын азаматтар тіркелген емханасына барып әлеуметтік мәр­тебелерін анықтағандары жөн», дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Түркістан облысы бо­йынша филиалының директоры А.Бейсенбаев.

Жыл басынан бері «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасында 174 ша­ғын және орта бизнес қыз­мет­керіне, 3 380 жеңілдетілген са­наттағы тұрғындарға уақытша мәртебе берілген. Бұл мәртебе оларға растайтын құжаттарды ұсынуға және жеңілдік санатына оралуға мүм­кіндік береді. Содан кейін олар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді.

Сондай-ақ өңірдің денсаулық сақтау саласында жаңа нысандардың салынып, заманауи қондырғылармен жабдықталуын жұрт бүгінмен шектелмей ертеңді ойлаған әрекетке балауда. Түркістан қаласында салынып жатқан, жалпы аумағы 16 гектар 8 қабатты көпсалалы, 570 төсектік орынға шақталған, заманауи емдеу кешені еліміздегі ең ірі 20 аурухананың алғашқысы болмақ. Инвестициялық жобаны Денсаулық сақтау министрлігі арқылы мемле­кет-жекеменшік әріптестік аясында «YDA Group» түрік инвесторы жүзеге асыруда. Нысанның құны 188 млрд теңгеден асады. Алдыңғы жылы басталған құрылысты 2022 жылға қарай аяқтау жоспарлануда. Әлемдік стандарттарға сай салынып жатқан аурухана толық пайдалануға берілгеннен кейін 2 мыңнан астам медицина қызметкері тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаға сәйкес, мұнда 13 бейінді бөлімше, сондай-ақ жүрек-қантамыр және коронарлық реанимация, гематология, оның ішінде күйікпен емдеудің 2 қарқынды терапиясы (ICU) төсегі жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа көпсалалы аурухана қабырғаларында – 16, оның ішінде 13 жоспарлы және 3 шұғыл көмек көрсетілетін операциялық бөлме бар. Сондай-ақ Түркістандағы 200 төсек орынға арналған жұқпалы аурулар ауруханасының жоба­лау сметалық құжаттамасы әзір­леніп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Мемлекеттік сарап­тама­ның қорытындысын тамыз айында алу жоспарлануда. Ауысымда 500 адам қабылдайтын 3 емхана, жедел медициналық жәрдем стансасы, Ана мен бала орталығы салынады. Яғни облыс орталығы 2018 жылы Шымкент қаласынан Түркістанға көшірілуіне байланысты, жаңа медициналық орта­лықтар, аурухана мен емханалар са­лу мәселесі бас­ты назарға алынып, қар­қынды жұмыс­тар атқарылып келеді.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекет­тік бағдарламасы аясында Түркістан облысы бойынша медициналық ұйымдар «Дамумед» медициналық ақ­параттық жүйесімен жұмыс ат­қаруда. «Қазіргі таңда облыс тұр­ғындарының түгелі электрондық пас­портпен қамтылып, дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылу, дәрігерді үйге шақыру бойын­ша электронды түрде қызмет атқа­рылуда. Заман талабына сай меди­циналық ұйымдарға цифрлық рент­гендер, эксперттік УЗИ, видеоэн­дос­копиялық аппараттар сатып алы­нып ота жасауға оң ықпалын ти­гізуде. Медициналық ұйымдарға цифр­лы медициналық ақпараттарды, бейнелерді өңдеу, сақтау және бе­ру бойынша 7 медициналық ұйым PACS жүйесіне қосылған және жүйеге енгізу жұмыстары жүр­гізі­луде. Өкпені жасанды желдету аппараты 178-ден 368-ге дейін артты және жедел-жәрдем қызметіне 122 автокөлік жеткізілді. Сонымен қатар 12 жылжымалы медициналық кешен жиынтығы сатып алынып, аудандарды қамтамасыз ету көрсеткіші 100% болды. Биыл облыстық бюджет есебінен 2 компьютерлік томогра­фия алу жоспарлануда», дейді М.Паши­мов.

Осындай және дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу сынды басқа да ауқымды шаралардың септігі тиген де болар, өңірде індет жұқтырушылар саны азая түсуде. Мысалы, өткен тәулікте 8 адамда COVID-19 індеті анықталды.

 

Түркістан облысы