Аймақтар • 11 Маусым, 2021

Екібастұзды дамытудың стратегиясында қандай кедергілер бар?

1012 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Биылғы қаңтар айында өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моноқалаларды дамытудың орта мерзімді стратегиясын әзірлеу қажет екенін айтып, «Екібастұзда энергетика мен өнеркәсіп саласында білікті техникалық мамандар көп.

Екібастұзды дамытудың стратегиясында қандай кедергілер бар?

Осыған дейін жинақталған кадрлық әлеуетті жоғалтуға жол бермеу керек. Сондықтан Екібастұзды дамытудың орта мерзімді стратегиясы керек» деді.

Өткен айда Екібастұз қаласына Үкімет басшысы Асқар Мамин да келіп кетті. Жұмыс сапары кезінде Президенттің «Екі­бастұзды дамытудың 2021-2025 жыл­дарға арналған кешенді жоспарын əзір­леу жөніндегі» тапсырмасының орын­далу барысымен танысты. Сапар ба­ры­сында Екібастұзды қайта жаңғырту туралы маңызды құжат экономиканың нақ­ты секторын дамыту, қала халқын жұ­мыспен қамтамасыз ету, əлеуметтік мәсе­ле­лер шешімін табу, түгелімен тозған инже­нерлік инфрақұрылымды жаңарту және қоршаған ортаның экологиялық жағ­дайларына сай назар аудартатын 118 іс-шара бөліктерінің түзілгені белгілі болды.

Екібастұзды дамытудың орта мерзімді стратегиясы осы жылдың алдағы алты ай ішінде ұсынылуы тиіс. Облыстық әкімдік қаланы дамытудың барлық бағытының әлеуетін зерттеу қа­жеттігіне жоғарыдан жедел тапсырма берілген күннен бастап кірісіп кеткен-ді. Бастысы, 2025 жылға қарай өңдеу өнеркəсібінің үлесін 20%-ға дейін арттыру арқылы қала экономикасының отын-энергетика кешеніне жəне тау-кен өн­дірісі саласына тəуелділігін төмен­де­ту көзделген. Машина жасау, ІT-тех­но­логиялар, көмір химиясы, қызмет көрсету салаларында 16,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылады. Жос­парды іске асыруға 932,3 млрд теңге қарас­ты­рылған, оның 84%-ы – жеке инвес­ти­циялар.

Биыл құны 55 млрд теңгеден асатын ферроқорытпа зауытының құры­лысын EkibastuzFerroAlloys бастайды. Кəсіпорынның құрылысы кезінде 1,5 мың адам жұмысқа келеді. Ал Ansa Silicon компаниясы жобаның құны 40 млрд теңгеден астам техникалық кремний өнді­ретін зауыт құрылысын бастайды. Екі зауыт 2023 жылы пайдалануға берілмек.

Осы жерде бір мәселе бар: қы­руар қаражат бөлінетін сансыз жобалар­дың орындалуына, іске асуына екібастұз­дық­тар қаншалықты сенімді деген ой ке­леді. Бұған себеп те жоқ емес. Мысалы, Үкі­мет отырысында Президент Екібастұз қала­сын дамытудың орта мерзімді стратегия­сын әзірлеу қажеттігін айтып, «Өңірде энергетика және өнеркәсіп саласының мамандары аз емес, олай болса, бұл адами әлеуетті жоғалтуға болмайды» деді. Бірақ біз жоғалтып алдық. Қазір қаланың ортасында қаңырап бос тұрған «Отын-энергетика саласына қажетті мамандар даярлайтын өңірлік орталықтың» алып ғимарат кешені үшін кінәлілер қашан жауапқа тартылады деген сұрақ бар. Бұл мәселені бүкіл екібастұздық күтіп отыр. Бұл жайында біз «Егеменге» бірнеше мәрте жаздық.

Қазір қаңырап бос тұрған орталыққа республика бюджетінен 4,5 млрд теңге бөлінген. Орталық 14 бөліктен, яғни 14 жеке ғимараттан тұрады. Әрқайсысы 240 орындық екі жатақхана, 100 орынды қонақүй, спорт ғимараты, әкімшілік корпусы, 3 оқу ғимараты, 2 шеберханасы бар. 2009 жылы Жансейіт Түймебаев министр, Бақытжан Сағынтаев облыста әкім болып тұрған кезде Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен «Отын-энергетика саласына мамандар даярлайтын өңірлік орталықтың» құрылысы басталды. Жоғарыда қаржы қолды болмасын деп жазғанымыз да осы еді.

Алып кешеннің құрылысына алаң­даған екібастұздық Аманқос Өтегенов бастаған бұрынғы депутаттар 2011 жылы сәуір айында сол кездегі Премьер-ми­нистр Кәрім Мәсімовке шұғыл түрде хат жазғанын да білеміз. Үкімет басшысы сол жылы өткізген Үкімет отырысында «Тендерді жеңіп алдыңдар ма, сол қаражатқа салып бітіріңдер, артық ақша сұралмасын» деген болатын.

Мәселенің мәнісіне келсек, орталық­тың құрылысын жүргізетін мердігер компанияны таңдау да ұзаққа созылды. Бас мердігер деп танылған «НИКО» ЖШС 2011 жылы өздерін банкрот деп жария­лап, жұмысты тоқтатып кетіп қалады. Мердігерді таңдаған да – Білім және ғылым министрлігі.

Соңғы жүргізілген сараптама қоры­тын­дысына сәйкес, құрылыстың 70%-ы дұрыс салынбағаны анықталды. Жоба талаптарға мүлде сай емес. Бастапқыда оқу орталығын 2011 жылы ашу жоспарлан­ған еді. Алайда нысанды пайдалануға бе­ру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Құрылысы аяқталмаған ғимаратты белгі­сіз біреулер бөлшектеп, тонап кеткен де болатын.

Өкінішке қарай дейміз бе, орталық сол қалпы іске қосылмай әлі тұр. Орталық құрылысына кеткен қыруар қаражатқа обал. Еліміздің құқық қорғау орындары Екібастұздағы бұл мәселені жабулы күйінде қалдырды. Жоғарыда аттары атал­ған екі азамат Екібастұзға келіп, өз­дері тапсырыс берген жобаның қандай күй­де қалғанын көріп, халықтан бір кеші­рім сұрауы керек шығар деп ойлаймыз.

Бұл күндері облыста 50 кәсіп бойынша 26 кәсіптік лицей және 84 мамандық бойынша білім беретін 32 колледж бар. Екібастұз политехникалық колледжі бол­са Ресейдің Сібір индустриалдық универ­ситетімен, Томскі ұлттық зерттеу уни­вер­ситетімен, Томскі мемлекеттік уни­верситетпен, Екатеринбург көлік және құрылыс колледжімен әріптестік байланыста.

Ал қаладағы Қ.Сәтбаев атындағы ин­женерлік-техникалық институты елі­міз­дегі энергетикалық кешен, ірі өнді­ріс­тер орналасқан аумаққа қарасты өңірлік оқу орны саналады. Институтта 2 мыңнан аса студент білім алуда. Оқу техникалық және экономикалық профильдегі 14 мамандық бойынша жүргізіледі, 20 жыл ішінде өңір кәсіпорындары үшін 6 971-ден аса маман даярланды.

«Облыста, аудандарда, Екібастұздың өзінде кәсіптік мамандықтарға оқытатын бірнеше оқу орны бола тұра алып орталық жобасын салудың, бос қалдырып кетудің қандай қажеттігі болды?» деген сауал бар.

Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, қала­ның бүкіл инженерлік инфрақұ­ры­лымы тозған. Бұған инженерлік, әлеу­меттік және спорттық инфрақұрылым, қоғамдық көлік, құрылыс, инвестициялар тарту мәселелерін қосыңыз.

Үшіншіден, қаланың айналасында отырған үлкенді-кішілі 30-ға жуық ауыл бар. Өзіміз жуырда барғанда көріп қайтқандай, ауылдары адам шошыр­лық­тай әбден тозған, жергілікті билік назарынан тыс қалған. Бір тірек ауылын таба алмайсыз-ау. Солнечный және Шідерті деген өндірістік кенттері және бар. Яғни даму әлеуеті Үкіметте қаралған қаланың ауылдық аумақтарында да өмір сүру сапасын жақсарту қажет-ақ. Тіпті Екібастұздың ауылдарына жанашырлық жасайтын бір бағдарлама керек. Бұрын қала әкімінің ауыл жөніндегі орынбаса­ры болған еді, қазір де осы лауазымды қайта оралтып, тозған ауылдарын назарға алмаса, ауылдан ел көшіп кетері сөзсіз.

Жалпы, бұл – Үкіметтің Екібастұз­дың даму стратегиясына жекелей көңіл бө­луінде үлкен мән бар деген сөз. Страте­гияны іске асыруға 932,3 млрд теңге қарастырылыпты.

Мұның бір себебі, адамзат тірші­лі­гінде «жасыл экономикаға», басқа да заманауи технологияларға ден қо­йы­лып жатыр. Қазір еліміздің көмір өнді­рісіндегі көр­сет­кіштері төмендеп келеді. Басқан же­рінен кені мен көмірі көрінетін Екібас­тұз үшін де сынақ уақыты келіп жеткен­дей. Бұ­ған мысал, Ресейдің электр стан­са­ла­ры­ның екібастұздық кө­мір­ден бас тартуы, электр энергиясы экс­портын шек­теуі.

– Өйткені болашақта көмір өнеркәсібі тиімсіз болып қалуы да әбден мүмкін. Әлемдік трендтегі көмір генерациясынан біздің еліміз де артта қалып қоймай, отандық кәсіпорындарды химиялық ба­ғытқа қарай қайта құруды ойлау керек. Көмірден химиялық жолмен бояу да, дәрі-дәрмек, пластмасса, иіс май, басқа да түрлі өнімдер жасауға болады. Сол үшін көмір өнеркәсібі саласын әртараптандырып, көмірді химиялық өңдеуге, газдандыруға алмастыруға жа­қын­дай беруіміз қажет, – дейді химия маманы Елдос Қаженов.

Отандық кәсіпорындарды химиялық бағытқа қарай қайта құру демекші, Үкімет басшысы Асқар Маминге Екібастұздағы жуырда ашылған индустриялық аймақта іске асыру жоспарланған, жалпы құны 227,5 млрд теңгеге есептелген тау-кен өн­дірісі, металлургия, көмір-химия жəне өңдеу өнеркəсібі саласындағы инвести­циялық жобалар таныстырылды.

Бұл маңызды құжат үшін қаланың даму стратегиялық тұжы­рымдамасын әзірлеуге беделді консал­тинг­тік агент­тіктер шақырылуда. Қала­ның орта мер­зімді даму стратегиясын жасаушы топ Индустриялық аймақ құру, кластерлік даму, энергетикалық жаң­ғыр­ту, білім беру жүйесі, инновациялар мен шағын және орта бизнес Екібастұз экономикасын әртараптандырудың драй­верлеріне айналдыруы тиіс.

Бағдарламалық құжаттың мазмұнын­да қаланың барлық саласын, өнеркәсіп­тен бастап әлеуметтік мәселелерге дейін дамыту жөніндегі қажетті шараларды көрсетеді. Кешенді жоспардың негізінде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, тұрғындар табысының өсуі, жаңа өнді­рістер құру, жаңа инвесторлар тарту, қала экономикасын әртараптандыру қол­ға алынуы тиіс. Сонда ғана адамдар Екі­бастұздың болашағына сенеді.

Облыс орталығындағы Торайғыров университетінде стратегияны әзірлеу­ге, іске асыруға қажетті барлық ресурс бар екені хабарланды. Бірақ бұл айтыл­­ғандардың бәрі де Екібастұз үшін жаңа­­лық емес, қала тіршілігі онсыз да әуел­ден тынымсыз, өндірістері, шағын және орта бизнес тоқтап қалған жоқ, өз ырға­ғымен жұмыс жасауда. Өңір бойынша ең жоғары еңбекақы Екібастұзда екені белгілі.

Сонымен қатар арзан электр энергия­сы және тұрақты тариф Екібастұздың басты артықшылығы екені белгілі. Мы­салы, «KEGOG» АҚ қосалқы стансасы аймағында индустриялық аймақ құру үшін облыста қажетті инфрақұрылым, ірі бизнес және тұтыну нарығы бар.

Жаңа өндірістер демекші, қалада жыл сайын жаңа өндірістер қатары кө­беюде. Бірақ 2011 жылы ашылған «Қазақ­стан вагон жасау компаниясы» ЖШС осы күнге дейін дұрыс жұмыс жасаған жоқ, бірде тоқтайды, бірде жү­реді. Басшылық ұжымды таратуға да мәж­бүр болған еді. Өйткені «Қазақстан темір жолы» ҰК мен оның еншілес компанияларынан тапсырыстардың болмауынан осындай жағдайда қалып отыр. Сонымен қатар теміржол дөңгелекте­рін жасайтын «Проммашкомплект» ЖШС, теміржол осьтері мен доңғалақ жұпта­рын шығаратын «RWS Wheelset» ЖШС, бағыттамалы бұрмаларға арналған бі­леу­лер шығаратын «RWS Concrete» ЖШС, «Ферро Транс Трейд» ЖШС сияқты кәсіп­орындарда да тұрақты жұмыс үшін кездескен мәселелер болды.

Үкімет басшысы Асқар Мамин бұл жолғы сапарында өзіне өте жақсы таныс бүкіл жұмыстары теміржол саласына арналған құрал-жабдықтар жасайтын осы өндіріс орындарының жұмыс ырғағын байқап, аралап көрді.

Бұған дейін 2012 жылы Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында елімізде моноқалаларды дамыту бағдар­ламасы қолға алынды. Өндірістік әле­уеті жоғары қалаларды әлеуметтік-эко­номикалық тұрғыдан ілгерілетуге бағыт­талған моножобаға біздің өңірден Екі­бастұз, Ақсу қалалары қосылған. Сол кезде-ақ Жаңаөзен, Жаңатас, Абай, Кен­тау, Қаратау, Зырян, Курчатов, Арқалық сияқты экономикалық әлеуеті артта қал­ған шағын қалалармен өндірістік әле­уеті жоғары Екібастұзды, Ақсуды са­лыс­тыруға келмейтінін «Егеменге» жаз­дық. Өйткені Екібастұз бен Ақсу бір ғана кәсіпорынға тәуелді емес, екі қалада да ENRC құрамындағы алып кәсіпорындар, «Богатырь» көмір кеніші, ГРЭС-1, ГРЭС-2 стансалары, үлкенді-кішілі бір емес, бірнеше есе, көптеген өндіріс орындары шоғырланған. Қос қалада шағын және орта бизнес те жақсы дамыған. Екі қала да қала ғана болып қалып отырған жоқ, қазір азайып кеткені болмаса, сол кездері әрқайсысының 30-40-тан ауылдары болды. Екі қалаға қарайтын ауылдық аумақтар қос қаланы ауылшаруашылық өнімдерімен, көкө­ніс, картоппен қамтамасыз етеді. Облыс орталығынан Екібастұз 140, Ақсу 50 ша­қы­рым жерде орналасқан.

Сондай-ақ Екібастұздың аумағында өндірісті Бозшакөл, Төртқұдық, Шідерті, Қарасор, Қалқаман ауылдары, әлемге әйгілі ГРЭС-2 стансасы орналасқан Сол­нечный кенті бар.

Жуырда біз де Екібастұзға барып қайттық. Қала әкімі Ардақ Қаңтарбаевтың айтуынша, қала әкімдігі өңірдің Эко­номика және бюджеттік жоспарлау бас­­қармасымен бірлесіп, Ұлттық эко­но­ми­ка министрлігінің, салалық минис­т­р­лік­тердің ұсыныстары мен ескертуле­­рін ес­кере отырып, қаланың орташа даму жоспар жобасын әзірлеген. Жоспар 2013-2015 және 2015-2017 жылдарға ар­нал­ған кешенді даму жоспарларына ұқсас әзірленіпті.

– Қаланың Бас жоспарына түзету ен­гізу, сондай-ақ инженерлік-көлік ком­му­никацияларын инвентаризация­лау жоспарлануда. Экономиканы әртарап­тандыруға, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ өңірдің агроөнеркәсіптік ке­шенін дамытуға бағытталған іс-шара­ларды қамтиды, – деді А.Қаңтарбаев.

Тіпті қала әкімдігі маңызды жоба­ны әзірлеу барысында мыңнан аса қала тұр­­ғынының қатысуымен сауалдама ұйым­­дастырылып, 1,5 мыңға жуық ұсы­ныс қа­­былданыпты. Сондай-ақ сала маман­да­ры­мен 130 сарапшылық сұхбат өткізіп үлге­ріпті.

Бірақ Ақкөл ауылының әбден тозған жолы емес, демеушілер қаражатына жаң­ғырту жұмыстары жүргізілген ауыл жа­нын­дағы «Исабек Ишан Хазрет» кесене­сі­нің тағы да жаңғырту жұмыстары стра­­­тегиялық жоспарға енгізілгенін бай­қадық.

Сөз соңында айтарымыз, Екібастұз тіп­ті де моноқала емес, бұл ерекше ма­ңызы бар қала. Өңірлік қана емес, респуб­ликалық экономиканы дамытуда ерекше орын алады. Алдағы уақытта Үкімет ұсын­ған орта мерзімді даму стратегиясы сенімді, серпінді экономикалық жағынан сауатты түрде жүзеге асырылсын десек, біз талдап жазған біраз мәселелерге де назар аударылса дейміз.