Қазақстан «жасыл аймаққа» өтті
Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы айта келіп, елімізде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғанын атап көрсетті.
Оның айтуынша, Қазақстан COVID-19 таралу қарқыны бойынша «сары аймақтан» «жасыл аймаққа» өтті. Бір апта ішінде сырқаттану деңгейі 30%-ға, вирустың репродуктивтік индексі 0,84-ке дейін инфекциялық төсектік орындардың жүктемесі 24%-ға дейін, реанимациялық төсектік орындардың жүктемесі 21%-ға дейін төмендеді. «Қызыл аймақта» тек Нұр-Сұлтан қаласы қалды. «Сары аймақта» – 6 өңір: Алматы қаласы, Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстары бар. Қалған 10 өңір – «жасыл аймақта».
Бүгінгі таңда 2,4 миллионға жуық адам вакцина бойынша бірінші компонентті, 1,3 миллионға жуық адам екінші компонентті алды.
Үкімет басшысы әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігіне жазғы кезеңде, әсіресе Маңғыстау, Ақмола, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында вакциналау қарқынын барынша арттыруды тапсырды. «Барлық деңгейдегі әкімдер вакциналау мәселелерін жеке бақылауға алуы тиіс», деп атап көрсетті А.Мамин.
Инвестициялар көбейіп келеді
Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды.
Экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты жағдай туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, өнеркәсіп пен энергетика секторын дамыту туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдай туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтың айтуынша, елімізде инвестициялардың өсуі байқалады. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға инвестициялардың өсуі 25,5%-ды құрады. Инвестициялардың өсуі құрылыста – 2,3 есе, өңдеу өнеркәсібінде – 82%, оның ішінде тамақ өнімдері өндірісінде – 24%, ақпарат және байланыста – 53%, ауыл шаруашылығында – 47%, сауда – 46%, жылжымайтын мүлікпен операциялар – 29% және көлік 19% деңгейінде көрсетті.
Биылғы қаңтар-сәуірде сыртқы сауда тауар айналымы 28,1 млрд долларды құрады, оның ішінде экспорт – 16,7 млрд доллар. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 16,2%-ға өсіп, 5,4 млрд долларға дейін жетті. Тауарлар импорты 11,4 млрд долларды құрады. Осылайша 5,3 млрд доллар деңгейінде оң сауда балансы қамтамасыз етілді. «Өңдеу өнеркәсібі өндіріс динамикасындағы үрдістерді айқындауды жалғастыруда. Өсу 7,2%-ды құрады. 14 өңір өңдеу өнеркәсібінде оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсу – Алматы қаласында, Алматы облысында және Нұр-Сұлтан қаласында байқалды», деді Ә. Ерғалиев.
Ұлттық экономика министрі атап өткендей, көптеген өңір жоғары инвестициялық белсенділік танытқан. Ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалады. Құрылыс саласы да дамып, атқарылған жұмыс көлемі 11,3%-ға ұлғайған.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарының жоғарғы деңгейі – Түркістан, Қызылорда және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында. Соның ішінде тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Биыл қаңтар-сәуір қорытындысы бойынша 4,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға жоғары. Осыған байланысты барлық өңір оң өсім көрсетті.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Қазақстан экономикасы оң өсім көрсетіп отыр. Осы жылдың 5 айында өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ды құрады. Негізгі драйверлер өңдеу өнеркәсібі (7,2%), машина жасау (21,1%), оның ішінде автомобиль жасау (26,4%) және локомотивтер мен вагондарды қоса алғанда, басқа да көлік құралдарын шығару (54,9%) болды. Өңдеу секторында химия өнеркәсібі (9,8%), жеңіл өнеркәсіп (5,5%), металлургия (2,7%), фармацевтика (25,7%) және мұнай өңдеу (3,4%) секілді салалар жоғары динамика көрсетті. Құрылыс секторында (11,3%) және тұрғын үйді пайдалануға беруде (12,5% немесе 4,6 млн м²) өсім қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығында да тұрақты өсу байқалады (3,1%).
Биылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындылары бойынша Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласы барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етті. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар және Түркістан облыстары 6 көрсеткіш бойынша, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары 5 көрсеткіш бойынша өсім көрсетті. Ең төменгі өсім – Батыс Қазақстан облысында.
Үкімет басшысы Асқар Мамин өңірлердің әкімдіктеріне мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, өнім өндіруді ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсу фактілеріне жол бермеу тапсырылды. Премьер-Министр министрліктер мен әкімдіктер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық экономика өсіміне қол жеткізу бойынша тапсырған міндеттерін іске асыру бойынша тиісті шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Егіс науқаны аяқталды
Үкіметтің селекторлық отырысында көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысы қаралды. Бұл мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндама жасады.
Биыл Қазақстанда көктемгі дала жұмыстары оңтайлы мерзімде аяқталды. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша егіс алқабы былтырғыдан 78,2 мың гектарға артып, жалпы жиыны 22,7 млн гектарды құрады. Соның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,7 млн гектар алқапқа егілді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау, рентабельділігі жоғары дақылдардың өнімділігін арттыру, импорт алмастыру бойынша жұмыстар шеңберінде майлы дақылдар алқабы 2,9 млн гектар (былтырғыдан 11,9 мың га артық), жемшөп дақылдары алқабы 3,4 млн гектар (+104,2 мың га), көкөніс-бақша дақылдары алқабы 275,2 мың гектар (+10,6 мың га), картоп алқабы 198 мың гектар (+5,8 мың га) жерге егілді.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақытында жүргізу үшін қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша қажетті шешімдер қабылданды», деді ол.
Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ республикалық бюджеттен 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлді. Соңғы қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-дан аспайды. Бөлінген қаражат 3,3 млн гектар егіс алқабын қамти отырып, 2600 АӨК субъектісін қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Бюджеттік кредитпен қатар биыл ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу үшін бөлінетін қаражат көлемі 24,5 млрд теңгеден 47 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне нарықтық бағадан 14%-ға төмен бағамен 380 мың тонна дизель отыны бөлінді, 405,3 мың тонна тыңайтқыш тиелді. Бұл ретте мемлекет ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алуға жұмсаған шығындарының 50%-ына дейін субсидиялады. Егіс науқанының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының 2,5 млн тонна кондициялық тұқымы себілді.
Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, агрохимикаттар мен минералды тыңайтқыштардың және арзандатылған дизель отынының қажетті көлемін уақытында беруді қамтамасыз етуді тапсырды. Экология министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, қысқа мерзімде еліміздің оңтүстігінде фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу бойынша жоспарланған іс-шараларды өткізу міндеттелді.
Құрылыс материалдарының бағасы негізсіз өспеуі керек
Үкімет отырысында қаралған құрылыс материалдарына баға белгілеу мәселесі туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасады.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында бастапқы тұрғын үй бағасының өсуі – 8%, екінші қайталама тұрғын үй бағасының өсуі 13%-ды құрады. Ал отандық құрылыс материалдары бағасының өсімі биылғы қаңтар-сәуірде 16% болды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ҚазҚСҒЗИ) деректері бойынша жыл басынан бері бетонға (12%), цементке (5%), полиэтиленді құбырларға (10%), силикатты кірпішке (6%) бағаның өсуі байқалды. Әсіресе, ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 50%-дан аспайтын арматура, шыны сияқты импортқа тәуелді материалдар бағасының едәуір өсуі тіркелді.
Құрылыс материалдары нарығына қатысушылардың өздері хабарлағандай, 2021 жылғы қаңтардан бастап баға өсуінің негізгі себептері электр энергиясының, жанар-жағармай мен магистралды теміржол желісі қызметінің қымбаттауы болған.
Құрылыс материалдары бағасының алыпсатарлық өсуімен күресу мақсатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кірпіш, цемент, арматура, қиыршық тас, полиэтилен құбырларын өндірушілер мен жеткізушілерге бұзушылық белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы 26 хабарлама жіберді. Нарық қатысушыларына бағалық әсер ету үшін 10 құрылыс материалын өндірушімен монополияға қарсы заңнама нормаларын сақтау туралы комплаенстар жасалды.
Тұрғын үй құнының өсуіне құрылыс материалдары бағасының өсуі ғана емес, сондай-ақ сұраныстың артуы да әсер етті. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша жыл басынан бері жасалған келісімдер саны былтырғымен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тұрғын үй нарығында дүрлігу мен бағаның өсуіне жол бермеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 14 құрылыс компаниясына бағаны төмендету туралы хабарлама жіберілді.
Аталған мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Құрылыстың жоғары қарқыны құрылыстағы барлық шығынның үлесі шамамен 50%-ды құрайтын құрылыс материалдарына қажеттілікті ұлғайтады. Осыған орай бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және нарықта қатаң бақылауды қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдау өте маңызды болып отыр», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жосықсыз өндірушілер мен өнімді жеткізушілерге қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, құрылыс салушылар мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасында ұзақ мерзімді сатып алу келісімшарттарын жасау мүмкіндігін пысықтауды тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, құрылыс саласында импорт алмастыру бойынша жоспарланған жобаларды уақытында іске қосу міндеттелді.