Министр сөзінің басында 2020 жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалғанын хабарлады. Зейнетақылар, жәрдемақылар уақытында төленді, азаматтарға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылы азаматтарды қолдау үшін зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері екі есеге артқанын атап өтті. Ынтымақты зейнетақының өсімі 12%-ды, ал базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың өсімі 10%-ды құрады. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы қайтадан индекстелді. Нәтижесінде, ынтымақты зейнетақы 7%-ға, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы 5%-ға өсті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделудің ақысын төлеуге немесе жеке компаниялардың басқаруына беруге мақсатты пайдалану мүмкіндігін беру бойынша жұмыс жүргізілді. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу құқығын БЖЗҚ-ның шамамен 1 млн салымшысы пайдалана алады. 2021 жылғы 4 маусымдағы жағдай бойынша 1,4 трлн теңге сомасына біржолғы зейнетақы төлемдеріне 313,6 мың өтініш мақұлданды.
2020 жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен жұмыс істейтін 6,3 млн азамат қамтылды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік сақтандыру жүйесінде еңбек өтілі мен әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы өзара байланыс күшейтілді. Нәтижесінде, әлеуметтік қатер туындаған кезде әлеуметтік төлемдер мөлшері орта есеппен 50%-ға арттырылды. Оның ішінде еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайына төлемдердің өсімі 69%, асыраушыдан айырылу бойынша 41% және жұмыстан айырылу бойынша 44%-ды құрады.
Сонымен қатар ведомство басшысы төтенше жағдай режімі және Covid-19 пандемиясына байланысты карантиндік шектеу шаралары кезеңінде ұйымдастырылған әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтып берді.
– Алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер енгізілді. Біріншіден, қызметін шектеуге байланысты табысынан айырылған азаматтар үшін ең төменгі жалақы мөлшерінде төлемдер енгізілді. ТЖ және карантин кезеңінде оларды 476 млрд теңге сомасына 4,6 млн адам алды, екіншіден, жұмыста Сovid-19 жұқтырған дәрігерлерге және медицина қызметкерлері қайтыс болған жағдайда олардың отбасыларына төлемдер қарастырылды. 9,5 мың адам 20,5 млрд теңге сомасында төлем алды. Бұдан басқа ай сайын әлеуметтік жағынан осал санаттардағы 1 млн-нан аса азамат жалпы сомасы 25 млрд теңгеге азық-түлік жиынтығы түрінде қолдау алды. Инфекцияның көбею қаупін азайту үшін 600 мыңнан аса адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар 55,5 мың адамға жәрдемақы төлеу мерзімдері автоматты түрде ұзартылды, – деді министр.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы 650 мыңға жуық адам қамтылды, олардың 319 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. 70 мыңнан аса адам қысқа мерзімді курстарда оқумен және техникалық-кәсіптік біліммен қамтылып, 33 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.
Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін 13 мыңға жуық жеңілдікті микрокредит және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 45 мың қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген. Оның ішінде 1,4 мың микрокредит көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілген. Микрокредит алушылар 13,7 мың қосымша жұмыс орнын ашты.
Сондай-ақ өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында 239 мың адам жұмысқа орналастырылған, олардың көпшілігі – халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздар. ЖҚЖК аясында 6,7 мың әлеуметтік маңызы бар нысан іске қосылған.
Биыл ЖҚЖК-ны іске асыруға 300 млрд теңге қарастырылған, олар төрт негізгі бағытқа бағытталады: халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ШОБ үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ өңірлерде агроөнеркәсіптік кешен мен бизнесті дамыту. Осы бағыттар аясында шамамен 41 мың жұмыс орны құрылады, олардың 69%-ы тұрақты жұмыс орындары болады.
С.Шәпкенов атап өткендей, бөлінген қаражаттың 42,5%-ы (127,5 млрд теңге) халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады. Шамамен 33,3%-ы (100 млрд теңге) агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және 24,2%-ы (72,5 млрд теңге) өңірлерде бизнесті дамытуға және «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен микроқаржы ұйымдары арқылы микрокредит беруге пайдаланылады.