Коронавирус • 14 Маусым, 2021

Ұстаздар ұжымдық иммунитетті қолдайды

160 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жасыл аймақ» деп жайбарақат жүргенімізбен, Шығыс Қазақстанда күн сайын 60-тан астам адам жаман індетке шалдығып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, облыс аумағында жалпы коронавирус инфекциясының 28 мыңнан астам жағдайы тіркелген.

Ұстаздар ұжымдық иммунитетті қолдайды

Өткенде бір күнде COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 70 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 16 жағдайы ковидті пневмония екен. Дәрігерлердің айтуынша, өкпеге жабысқан кеселдің көбі өскемендіктерден анықталған. Індеттің кезекті толқуына облыс­та дайындық қарқынды жүрген­дік­тен, науқастарға төсектік орын жеткілікті. Медициналық көмек дер кезінде көрсетіліп келеді. Індеттің алдын алу үшін екпе егу үшін де жан-жақты шаралар атқарылып жатыр. Кейбір кәсіпорындар вакцина алған жұмысшыға бағалы заттардың сертификатын берсе, енді бірі демалыс орындарына жолдама ұсынып жатыр. Ең бастысы, екпе алып, аурудың алдын алсаңыз болғаны. Екінші жа­ғы­нан Ashyq бағдарламасы орна­тылған орындарға кедергісіз кіріп-шығуға мүмкіндік бар көрі­не­ді.

Ақ желеңді абзал жандардың пікірінше, вакцина адамды COVID-19 инфекциясы­нан қорғайды. Жұқтырып ал­ған күннің өзінде, сырқат ана­­ғұрлым жеңіл өтеді. Айта кетсек, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда вакцинаның бірінші компонентін 155 мыңнан астам адам алса, екінші компонентін 73,6 мың адам алған. Вакцина алған­дардың ішінде әйгілі спортшы Ольга Рыпакова да бар.

– Вакцина – ковидтің асқынуы­нан қорғайтын сенімді әдіс. Мен өзімді және жақындарымды қор­ға­­ғым келетіндіктен екпе сал­дыр­дым. Бұрынғы үйреншікті өмірімізге қайта оралғымыз келсе, шетелге емін-еркін саяхатқа шығып, алаңсыз жүру үшін вакцина алуымыз керек, – деді әйгілі атлет Ольга Рыпакова.

Шығыс Қазақстанда халықты жаппай вакциналау жалғасып жа­тыр. Еске сала кетсек, еліміз­де кезең-кезеңімен иммундау 1 ақпаннан басталған. Коро­на­вирусты жұқтыру қаупі жоға­ры аумақта жұмыс істейтін дәрі­гер­л­ер, мұғалімдер, полиция қыз­меткерлері, созылмалы ауру­ла­ры бар адамдар вакцинаны алғаш­қылардың бірі болып ала бас­таған.

Мектеп мұғалімдері де коро­на­вирусқа қарсы вакциналау­дың маңызын түсінген көрінеді. Өйткені жаппай екпе алып жатыр. Бүгінгі таңда өңірде 12 мыңнан астам мұғалім иммундаудан өтті. Өскемен қаласының №2 жалпы білім беретін мектебінің директоры Жанат Омарованың айтуынша, 1 сәуірден бастап мектеп ұжымы мүшелерінің 50 пайыздан астамы вакцина алды.

– Вакциналаудың басталғаны туралы хабарлаған кезде біздің қыз­­мет­­керлеріміз екпе алуға дай­ын екендіктерін білдірді. Әлеу­­­меттік сала қызметкерлері, оның ішінде педагогтер мұның ма­ңыз­дылығын түсінеміз. Әрине, оқу­­шы­ларымыздың мектепке оралып, дәстүрлі форматта оқы­­ғанын қалаймыз. Бұл үшін ұжым­­дық иммунитет қалып­тас­ты­руымыз керек, – деді мектеп ди­ректоры Жанат Мұхтарқызы.

Шығыс Қазақстанның қалала­ры мен аудандары бойынша айтар болсақ, облыс орталығында 1800-ден астам педагог, Семейде 1900-дан астам, Үржар ауданында 1 мыңға жуық, Аягөз ауданында 900-ге жуық педагог вакциналанды. Жарма, Катонқарағай, Көкпекті, Тарбағатай және Алтай аудандарында 600-ден астам мұғалім коронавирусқа қарсы вакцина алды. Зайсан ауданында 500-ден астам мұғалімге екпе жасалды. Глубокое және Бородулиха аудандарында 450-ден астам, Ұлан ауданында 440-тан астам, Абай ауданында 420-ға жуық, Риддерде 350-ге жуық, Бесқарағай ауданында 295-ке жуық оқытушы COIVD-19-дан қорғалды.