«Біз жүйелі түрде жұмыс істейтін мәселелердің бірі – әлеуметтік тұрғын үйлер құрылысы. Бүгін Есіл ауданының Жағалау шағын ауданында орналасқан бірқатар қолжетімді тұрғын үйдің құрылысы қалай жүргізіліп жатқанымен таныстым.
Құрылыс қарқынын үдетуді, үйлердің сапасына және айналасының абаттандырылуына мән беруді тапсырдым. Бұдан бұрын үйлердің бірінші қабаттарын бизнеске бермей, тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандар: оңалту орталықтарын, медициналық орталықтар, балалардың бос уақытын өткізетін орталықтар, полиция тораптарын ашу туралы шешім қабылдағанбыз», деп жазды Алтай Көлгінов.
Елорда әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді тұрғын үйді көбірек салынуда. Мысалы, кезекте тұрғандар үшін 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер салынса, 2019 жылы – 2900, 2020 жылы 7 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салынған. Биыл ерекше сұраныстары бар балаларды өсіріп отырған аналарға, мүгедектерге, басқа да мұқтаж жандарға арнап 10 мыңнан астам пәтер салынады. Бұл тізімге «Отбасы банкінің» («Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі») кезекте тұрған салымшылары да кіреді. Мұқтаж жандарға жеңілдікті пәтерлер кілті жыл бойы тапсырылады.
«Әлеуметтік тұрғын үйлер қаланың барлық ауданында, айталық, Отау, Жағалау шағын аудандарында, Ш.Құдайбердіұлы, Р.Қошқарбаев көшелерінде, Пригородный тұрғын үй алабында, жаңа вокзал төңірегінде бой көтереді», деді қала әкімі.
Бұдан басқа, биыл Елбасы бастамашылық жасаған «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жалғасады. Оның аясында жыл соңына дейін 1 мыңнан астам жас баспаналы болады. Бұған қоса, жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасы (әлеуметтік несиелеу) басталады.
«Қала тұрғындарының тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін Қазақстан ипотекалық компаниясы (КИК) желісі бойынша қатысатындар санаты кеңейтілді. Енді оған медицина қызметкерлері, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері қатыса алады. Сонымен бірге тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 миллионнан 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды», деп жазды елорда әкімі.