Алғашқы қадам ретінде маусымның басында Есентай өзенінің рекреациялық аймағында аллея отырғызылды. Бірақ карантин шаралары ескеріле отырып, жұмысты мамандандырылған компания жүргізді. Еуразиялық банк жақсы жерсінуі үшін 75 ағашты өз топырағымен отырғызуды қаржыландырып әрі бұдан былай екі жыл бойы аллеяны күтіп-баптау шығындарын өз мойнына алды.
«Былтыр қала бойынша рекордқа қол жеткізіп, 282 мың ағаш отырғыздық. Бұрын қалада жылына 30-40 мыңдай ағаш отырғызылатын. Көгалдандыру жұмыстары негізінен Алатау және Наурызбай аудандарының біріктірілген аумақтарында жүргізілді. Көктемде 64 мың ағаш көшеті бой түзеді. Жалпы жыл соңына дейін 300 мың шыбық отырғызу жоспарланып отыр. Сондықтан қала әкімінің 1 млн ағаш отырғызу жөніндегі бастамасын қолдауда бизнес пен қоғамның кез келген көмегін қуана қабылдаймыз», деді Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская.
«Біз қала мен оның төңірегіндегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін мемлекеттік органдармен, бизнеспен, қоғамдық ұйымдармен және экокөшбасшылармен бірлескен түрлі табиғат қорғау шараларын іске асырғалы отырмыз. Мақсатымыз – жаһандық экологиялық сын-қатерлерге назар аудару және оны шешу үшін нақты қадамдарды жүзеге асыру. Осы мақсатта 2021 жылдың 13 мамырында «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілеттігімен АХҚО Жасыл қаржы орталығының қолдауымен Eurasian Environmental Fund коммерциялық емес ұйымы тіркелді», деді Eurasian Environmental Fund КЕҰ бас директоры Роза Нұртазина.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай Қазақстанды көміртегі тәуелділігінен арылту міндетін қойды. Оны іске асырудың бір тәсілі – қалаларды көгалдандыруды қарқындату және жасыл технологияларды енгізу. АХҚО Қазақстанның экологиялық бағдарламасына белсене қатысады және бизнес пен қоғамдастықты ынталандыру үшін қажетті инфрақұрылымды құрады», деді АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры Айдар Қазыбаев.
Осынау көкейкесті шаруада Еуразиялық банк жасыл қаржы технологияларын пайдалана отырып, өзінің дамуының жаңа кезеңін бастайды және экологиялық мазмұндағы арнайы банк өнімін әзірлейді. Оның үстіне банк кез келген қазақстандық банктің төлем картасына бір жанасу арқылы ағаш отырғызуға қаражат аударуға мүмкіндік беретін Қазақстандағы алғашқы NFC-постерлерді орнатады.
«Бүгінде банктердің қызметі тек қаржылық көрсеткіштермен және сауатты басқарумен ғана бағаланбайды. Банк қоғамның әлеуметтік және экологиялық дамуына атсалысуы тиіс. Біздің банктің күш-жігері жасыл экономика жобаларын қолдауға және экологиялық достық банк сервисін құруға бағытталады. Бұл қашықтан қызмет көрсету арналары мен онлайн-төлемдерді дамыта отырып, пластик пен қағаз пайдалануды біртіндеп азайтып, қайта жаңғыртылмайтын ресурстарды оңтайлы жұмсайтынымызды білдіреді. Біз клиенттерімізбен бірге арнайы банк өнімдері арқылы ағаш отырғызуды жалғастыратын боламыз», деді Еуразиялық банктің басқарма төрағасы Валентин Морозов.
«Бүгінгі таңда климаттың өзгеруі әрқайсымызға өзінің теріс әсерін тигізуде. Әсіресе, халықтың әлеуметтік-экономикалық осал топтарына оңай соқпайды. Біз бұл жағдайда бизнес экологиялық жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс деп санаймыз. Өйткені, планета ресурстарын сарқи отырып, экономикалық өрлеуге қол жеткізу мүмкін емес. Бұл жоба жақсы өзгерістерге алып келетініне сенімдімін. Қоршаған ортаны қорғау – біздің ортақ ісіміз», деді Mastercard компаниясының Орталық Азиядағы бас директоры Рафал Трэпка.
Орайы келіп тұрғанда, Mastercard шығарындыларды қысқарту жөніндегі мақсаттарын өз бастамасымен SBTI (Science Based Targets Initiative) мақұлдаған алғашқы төлем компаниясы екендігін айту керек. Жақында компания 2025 жылға қарай парник газдарының энергетикалық тікелей және жанама шығарындыларын 38%-ға, ал басқа жанама шығарындыларды 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға қысқартуға ниетті екенін мәлімдеді. Mastercard жаңғыртылатын энергия көздері мен энергия тиімділігін арттыру бағдарламаларына басымдық береді: күн панельдеріне Mastercard data-орталықтары тұтынатын энергияның 50% үлесі тиесілі. Компания жеткізілім тізбегіне байланысты шығарындылар 2020 жылдың соңында оның көміртегі ізінің 70%-дан астамын құрағанын атап өтті. Осыған байланысты Mastercard жеткізушілерге парник газ шығарындыларын азайту мақсаттарын анықтауға және оған қол жеткізуге қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Әріптестіктің нәтижесінде Mastercard клиенттері өздері қалдырған көміртегі ізін есептеп, тұтынушылық мінез-құлқының әсерін бағалай алады. Сонымен қатар Mastercard қайта өңделген шикізаттан пластик карталар шығару жөніндегі әріптестікке де мұрындық болды.
АЛМАТЫ