Жексенбіде Байден коронавирус пандемиясынан кейін дамушы елдерге көмек көрсету, жаһандық жылынуға қарсы жоспар, халықаралық компанияларға салынатын салық көлемін азайту бойынша келіссөздерге қатысты.
Бұған дейін бірқатар еуропалық елдің қаржы министрлері трансұлттық корпорацияларға жаһандық ең төменгі салықты мақұлдау туралы ұсыныс білдірген-ді. Министрлер ірі трансұлттық компанияларға кем дегенде 15% көлемінде жаһандық ең төменгі салықты енгізуді мақұлдағаннан кейін, G7 саммитінде көшбасшылардың корпорациялардың кейбір елдерді қажетті кірістерден айыратын салықтарды болдырмауы үшін салыққа қатысты қарарды қабылдайтыны белгілі еді.
Ең төменгі мөлшерлемені Америка Құрама Штаттары қолдады және президент Джо Байден үш күнге созылған G7 саммитінде жаһандық экономиканы бірлесіп көтеру әлдеқайда оңтайлы екенін еске салды.
Биылғы саммит пандемиядан кейін халықаралық көшбасшылардың қайтадан бір ортаға жиналғанын көрсетуді де мақсат етті. Сонымен қатар АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп үзген байланысты қайта қалпына келтіруді де көздеді. Сондай-ақ Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Англия және АҚШ сынды дамыған елдер клубы дамушы елдерге Қытайға қарағанда жақынырақ екенін әрі шын жанашыр екенін тағы бір еске салуды жөн көрді.
Саммитке қатысқан мемлекеттер басшылары Қытайға адам құқығын сыйлап, оған нұқсан келтірмеу маңызды екенін, Гонконгтағы жағдайды азаматтарға қысым көрсетпей шешу қажеттігін ескертті.
Жаһандық жылынуға қатысты ойын білдірген Джо Байден Трамп әкімшілігінің ұлттық қауіпсіздікке жаһандық жылынуға қатысты саясаты басқа бағытта болғанын, АҚШ-тың ендігі көздегені бейбіт саясат екенін мәлімдеді. Байден әріптестеріне серіктестіктің нығая түсуіне, ортақ міндеттерге бірге жетуге ниетті екенін білдірді.