Аймақтар • 15 Маусым, 2021

Бауырлас елмен байланыс нығайды

354 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ортақ тарихи тағдыр, бірегей мәдени-рухани құндылықтарымыз, өзегі бір тіліміз бен салт-санамыз байланыстыратын көрші өзбек елімен соңғы жылдары қарым-қатынас нығая түсіп, барыс-келістің жиілегені мәлім.

Бауырлас елмен байланыс нығайды

Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың 2017 жылдың қыр­күйе­гін­дегі Өзбекстан Респуб­ликасына мемлекеттік сапары екі ел қарым-қатынасына елеулі өзгеріс енгізген болатын. Осы сапар барысындағы келіс­сөздер нәтижесінде екі Мемлекет бас­шыларының 2018 жылы Қазақ­стан­да Өзбекстан жылын, 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу жөніндегі шешімі барлық саладағы байланысты арттыра түсті.

Бүгінде көршілес жатқан өзбек елімен рухани-мәдени байланыс ерек­ше жолға қойылған. Сондай-ақ экономикалық қарым-қатынасты ны­ғай­ту бағытындағы жоспар-жобалар да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Оның жарқын мысалы ретінде Түр­кіс­­тандағы тігін фабрикасы, Шымкент қала­сындағы тоқыма фабрикасы сияқты Қазақстан мен Өзбекстан ара­­­сын­дағы табысты өнеркәсіптік коопе­ра­­цияны айтуға болады.

Қазіргі уақытта Шымкент қала­сын­да медициналық бұйымдар, Түр­кістанда ас үй плиталары мен су жы­лыт­қыштар өндірісі сияқты бір­лес­кен жобалар іске асырылуда. Екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейту аясында биылғы 21 маусымда Fly Arystan қазақстандық компаниясы «Түркістан – Ташкент» бағыты бойынша тұрақты рейстер ашады. Сондай-ақ Өзбекстан аумағына шығатын жоғары жылдамдықты «Түркістан – Шымкент – Ташкент» темір жол магистралін және «Дарбаза – Мақтаарал» темір жол желісін салу жөніндегі жобаларды іске асыру көзделген. Бұл мәселе Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы Хаттамаға сәйкес пысықталып, оның қорытындысы бойынша таяу арада жо­ба­ларды талқылау жөнінде Өзбек­стан­­­ның Көлік министрлігімен кездесу өткізілмек.

Биылғы қаңтар-сәуірде екі ел ара­сын­дағы тауар айналымы 1,2 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 41,3%-ға және 2019 жылдың алғашқы төрт айының көрсеткішінен 33,3%-ға жоғары. Өткен жылы Өзбекстанда қазақ­стандық капиталдың қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындар саны 809-дан 919 компанияға дейін көбейді. Ал Қазақстанда өзбек капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны 1231-ге жеткен. Яғни Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тамыры тереңде жатқан бекем байланыс бүгінде жаңа деңгейге көтерілді. Әсіресе, көрші елге жақын орналасқан Түркістан облысы мен Шымкент қаласының қос мемлекеттің қарым-қатынасында алар орны ерекше. Осы орайда соңғы екі-үш жылда атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсек.

Екіжақты ынтымақтастықты дамы­ту мақсатында алдыңғы жылы нау­рызда Ташкент қаласында Қазақ­стан – Өзбекстан бизнес форумы өткен болатын. Осы іс-шара аясында «Қа­зақстанда жасалған» қазақс­тан­дық тауарлардың көрмесі ұйым­дас­ты­ры­лып, оған Шымкент қала­сы­ның 20-ға жуық кәсіпорны қатыс­ты. Өзбекстанға экспортталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көле­мі 2019-2020 жылдары 198,8 млн АҚШ долларын құрады. 2021 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша Шымкент қаласының Өзбекс­тан­мен сыртқы сау­да айналымы 81 295 мың АҚШ долларына жет­ті, оның ішінде экспорт – 63 104,7 мың АҚШ доллары, импорт –
18 190,3 мың АҚШ доллары.

«Бүгінде Шымкент қаласында өзбек­стан­дық инвесторлардың қаты­­суымен 2,8 млрд теңгеге 2 инвес­ти­циялық жоба жүзеге асырылуда. Біріншісі, BAIKRA ЖШС-нің «Гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйым­да­рының өндірісі» жобасы. Құны 375 млн теңге және 20 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін жоба «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында іске асы­рылуда. Қыркүйекте іске қосу көз­д­е­ліп отыр.

Жыл соңына қарай іске қосу жос­пар­ланған екінші жобаның құны – 2,5 млрд теңге. «Тассай» индустриялық аймағында жүзеге асырылып жатқан DentaFill Kazakhstan ЖШС-нің «Дәрі дәрмек және гигиеналық бұйымдар өндірісі» жобасы бойынша 30 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Со­ны­мен қатар өзбекстандық инвесторлар бұрынғы «Меланж» АҚ, «Ютекс-KZ» ЖШС кәсіпорындарын қайта іске қосып, өнім өндіруде. Қазіргі таңда аталған кәсіпорындар СӨК Alliance textile ЖШС болып қайта құрылған», дей­ді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.

Айта кетелік, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында алдыңғы жылы қайта іске қосылған Alliance жіп иіру фабрикасы жылына 5000 тонна мақта талшығын өңдеп, 4500 тонна иірімжіп өндіруге қау­қарлы. Оңтүстікте өндірілетін мақ­таның барлығын толығымен Шымкент қаласында өңдеу – үшінші мегапо­лис­тің экономикасын дамытуға үлкен септігін тигізері анық. Былтыр 268 158 мың теңге көлемінде өнім өндірілген. Сонымен қатар Түркияға – 127 тонна, Ресейге – 40, Қытайға – 116 тонна және Румынияға – 13 тонна иірімжіп экс­портталған. Бүгінде тігін фабрикасында 78 адам жұмыспен қамтылған.

Былтыр Шымкент және Бұхара, Хиуа қалалары арасында туризм сала­сын­да ынтымақтастық туралы мемо­ран­думға қол қойылып, бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған меморандум екі жақты достық қарым-қатынасты нығайтып, алдағы уақытта туризмді дамытуда бірлесе жүйелі шаралар қабылдауға септігін тигізетін болады. Меморандум шеңберінде пандемиядан кейінгі кезеңде ортақ туристік өнімдер әзірлеп, оларды ішкі және халықаралық туристік нарықта ілгерілету, жарнамалық-маркетингтік науқандар жүргізу және екі өңірдің туризм индустриясын дамытуда тәжірибе алмасу жоспарлануда. Шымкент қа­ласы мен Самарқанд облысы арасында туристік өнімдерді ілгерілету туралы ортақ жоспар қабылданған.

Бүгінде миллионнан астам шым­кент­тік тұрғынның 17 пайызын (183 696 адам) өзбек этносының өкілдері құрайды. Өңірдегі өзбектердің басым бөлігі Сайрам елді мекенінде қо­ныс­танған. Қалада 4 мектеп өзбек тілінде білім берсе, 32 мектептегі білім беру қазақ - өзбек аралас тілде жүргізіледі. Сонымен қатар үшінші мегаполисте өзбек этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Бірлестік қазақстандық патриотизмді дамыту, ел бірлігін бекемдеу, қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы сындарлы саясаттың іске асуына сүбелі үлес қосып келеді. Ана тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін жас буынға үйрету бағытында да ауқымды жұмыстардың атқарылуына ұйытқы болуда. Өңірдегі түрлі байыпты бас­тамаларға үнемі қолдау көрсетіп, оны іске асыруда белсенділік танытуда. Яғни өзбек этносы өкілдері еліміздің әл-ауқатын жақсарту бағытында түрлі салада еңбек етіп, өз үлестерін қосып келеді. Өңірдегі ынтымақ-бірліктің ны­ғаюына 2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашыл­ған Сайрам елді мекеніндегі өзбек драма театры да елеулі үлес қосуда. Театр өз қызметінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында от­басы құндылықтарын сақтау, Отанға деген сүйіспеншілік, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу бағытында 87 қойылым қойды. Бұған қоса, театр ұжымы Өзбекстан Республикасының – Ташкент, Қырғызстанның – Ош, Бішкек, Ресейдің  –  Қазан қалаларында гастрольдік сапармен болып, өз қойы­лым­дарын сахналады. Осылайша ежелден ауылы аралас, қойы қоралас бауырлас қазақ елі мен өзбек елі ара­сын­дағы достық қарым-қатынас тамырын тереңге, қанатын кеңге жайып келеді.

 

Шымкент