Қазақстанның ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Батырбек Есдәулетовтің айтуынша, Таяу Шығыста өтетін байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын таеквондошылар биылғы жылы Талдықорғанда өткен Қазақстан біріншілігінің қортындысы бойынша анықталды. Айтулы жарыста асқан шеберлік танытып, айрықша көзге түскен мықтылар Азия чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен, Бейрутта ерлер сайысында Самат Темірхан (54 кило), Елдос Ысқақ (58 кило), Әділет Базарбаев (63 кило), Диас Құрманғазы (68 кило), Әбдусамат Лес (74 кило), Рақым Әділханов (80 кило), Смайыл Дүйсебай (87 кило) және Бауыржан Хасенов (+78 кило) күш сынасса, әйелдер арасында Айдана Құмартаева (46 кило), Ботагөз Қапанова (49 кило), Камила Аймұқашева (57 кило), Жазира Иссина (62 кило), Нұрай Құсаинова (67 кило), Жансел Дениз (73 кило) және Ақсәуле Ерқасымова (+73 кило) сынды сұлулар шеберлік байқасады.