Жамбыл бейнесін жазған қылқалам шеберлері ақын өмірінің кең танылған, соңғы он жылын көбірек қамтыған. Жамбылды тіршілігінде өз көзімен көріп бейнелеген Б.Чекалин, Ә.Қастеев, Р.Ардатов, Н.Ягодкин секілді шеберлер дала перзентінің қарттық шағын дәл кейіптейді. Б.Чекалиннің: «Жамбыл туындылары күнделікті өмірмен ұштасып жатты, кейіпкердің әрбір сәтін көзден таса жібермей бейнелеуге тырыстым» деуі тегін емес. Жамбыл тақырыбындағы топтамасы ұлы жыраудың өмір жолын кенеп арқылы баяндайтын кең көлемді монографияға айналған суретші ақын жырларын жан дүниесімен зерделегені анық.
Жамбыл бейнесіне бірнеше рет тоқталған Ә.Қастеев те ақынға арнап «Халық ақыны Жамбылдың портреті» (1937), «Жамбыл достары арасында» (1971) атты туындыларын жарыққа шығарды. Өнертаушы Лаура Әбілдаеваның пайымынша: «Ә.Қастеев Жамбылды қанша рет бейнелесе, сонша рет бірін-бірі қайталамайтын келбет жасады. Ол өткен еңбектерін қайталамау үшін ақынның психологиялық ішкі жан дүниесінің алуан қырын аша білді».
Жамбыл ақынның жарқын бейнесі мүсін өнерінен де тыс қалған жоқ. 1938 жылы Қазақстанға келіп, Жамбылды өз көзімен көре жүріп, оның бейнесін жасаумен айналысқан мәскеулік мүсіншілердің бірі, И.Андреев еді. Тағылымды тұлғаны тастан қашаған талант иесі импрессионистік тәсілде кейіпкердің бір сәттік көңіл күйін дәл көрсеткен.
Қазақстанның мүсін өнерінің негізін қалаушы Х.Наурызбаев өз шығармашылығында Жамбылдың балалық шағынан бастап, қартайғанға дейінгі аралықтағы бүкіл өмірін қамтыған туындылар топтамасын жарыққа шығарды. Көрме қабырғасынан Х.Наурызбаевтың «Жас Жамбылдың бас бейнесі» (1950) мен қария «Жамбылдың портреті» (1966) туындыларын көруге болады. Сонымен қатар мүсіншінің қоладан жасалған «Жас Жамбыл» (1958) атты туындысы Ә.Қастеев музейінің тұрақты экспозициясында орналасқан. Бұл жұмысында мүсінші жалаң аяқ дала кезіп, домбырасына қосылып ән салып келе жатқан бала ақынды тұтас тұлғасымен көрсеткен.
– «Бақыт туралы жыр» көрмесіндегі шеберлер қолтаңбасы «ХХ ғасырдың Гомері» – Жамбыл Жабаевтың эпикалық бейнесін нақты көрсетуге тырысқан. Жамбыл жырларындағы ізгілік пен әділдік патшалығы туралы адамзаттың мәңгілік арманы, барлық уақытта адамды біріктірген бақытты жарқын болашаққа деген үміт айтылады, – дейді Лаура Әбілдаева.
АЛМАТЫ