Атап айтқанда, жоғарыдағы жоба аясында соңғы төрт жыл ішінде өңірлерде 4 млн-нан астам адамды қамтыған 14 802 іс-шара өткізіліп, жалпыұлттық маңызға ие 781 киелі орынның (жалпыұлттық маңызы бар 206, жергілікті маңызға ие 575 нысан) тізімі анықталумен қатар, Қазақстанның киелі жерлерінің интерактивті картасы әзірленіп, іске қосылыпты.
Бүгінгі таңда жалпыұлттық және жергілікті нысандар бойынша киелі орындар тізімі негізінде 253 туристік бағыттар мен турлар, сондай-ақ киелі нысандар бойынша 128 археологиялық экспедиция әзірленсе, бұл шаралар ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беріп отыр екен.
Осы орайда республикалық маңызы бар: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Шоқай датқа, Бекет ата жерасты мешіті, Сисем ата қорымының нысандары, ортағасырлық Сарайшық қалашығы, Ежелгі Тараз, Түркістан, Отырар, Сауран, Ақыртас сәулет-археологиялық кешені, Абай Құнанбайұлының мемориалдық кешені қатарлы 71 тарихи-мәдени ескерткішке ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілсе, осы уақыт ішінде еліміздің киелі белдеуін насихаттау мақсатында BBC World News телеарнасы дайындаған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Алтын жауынгер», «Қожа Ахмет Ясауи және Айша бибі кесенелері», «Күлтегін. Жаңа көзқарас», америкалық Castlefilm компаниясы актер Марк Дакаскостың қатысуымен жасаған «Көшпенділер жері» фильмі көрерменге жол тартты. Бұл туындылар БҰҰ-ның негізгі алты тілінде субтитрлі дубляжбен жабдықталды. Сондай-ақ бұл туындыларды әлемге танымал Discovery, Viasat history, National Geographic телеарналары арқылы дүние жүзінің 700 млн-нан астам адамы тамашалады. Сонымен қатар Қазақстанның киелі нысандарын насихаттау мақсатында 2GIS электронды картасына 71 киелі нысан енгізіліпті.
«Сонымен қатар бағдарламаны іске асыру мақсатында жыл сайын шамамен 12 млн адамды қамтыған 93 мыңнан астам іс-шара өткізілсе, 2020 жылы «Туған жер» жобасы аясында 52 260 іс-шара ұйымдастырылып, оған 30 млн адам қамтылып отыр», дейді сала мамандары.
«Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты қызметкерлері жолдаған мәліметке жүгінсек, бағдарламалық іс-шаралар осымен тоқырап қалмайды, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Айталық Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 9 ақпандағы №50 қаулысымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөнінде шешім қабылданып, биылғы жылға арналған жол картасы әзірленіп бекітілген.
Бұл бағыт бойынша «Туған елің – Қазақстаныңды білесің бе?» атты республикалық оқырман балалар байқауы, кәсіптік жұмыстарды насихаттауға бағытталған WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионаты, «Оnline мектеп» жобасы, «Арамыздағы батырлар», «Аңыз дәрігер» атты жобалардың сыртында, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Мерейлі отбасы» конкурс жеңімпаздарының қатысуымен «Ана – тіршіліктің нұры» форумы, tylek.kz сайты арқылы оқушылар арасында туған өңірін қолдауға бағытталған іс-шаралар, сондай-ақ, Ulttyq tárbıe және Ruh vision атты кешенді жоспарлармен қатар «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында тың істер атқарылмақ. Бұйырса, Елбасы ұсынған бағдарлама алдағы жылдары да өз жемісін бері сөзсіз.