Мадинаның бастамасымен осыдан бес жыл бұрын құрылған Almaty Nomad саяхатшылар клубы қазіргі кезде еліміздің мәдениеті мен тарихына қатысты тың жобаларды жүзеге асырып, өскелең ұрпақ бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті насихаттау бағытында жұмыс істеп келеді.
Тың идеялар мен жарқын жобалардың жаршысы – Мадина Ашилованың бастамаларына бейжай қарай алмайтынымыз анық. Күні кеше саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ол жетекшілік ететін шығармашылық топ «ҚарЛаг балалары» тақырыбына арналған жаңа фильмді таныстырды. Алдағы уақытта көрермендер еліміздегі лагерьлер туралы кең көлемді кинотуындымен танысады.
Еңбек жолын телевидение саласынан бастаған жас маманның «Хабар» телеарнасында жүргізген «Бизнес мекен», «Іске сәт», «Білім» арнасындағы «Энштейн ізімен» бағдарламалары ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызға, білімге қатысты ұтқыр идеяларға серпін бергені анық. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім алған жігерлі жастың есімі Абылайхан атындағы шет тілдер университетінің оқытушысы әрі білім, медиа саласы мен еліміздің мәдени мұрасын насихаттайтын жобалардың бастамашысы ретінде кәсіби ортаға таныс.
«Хабар» телеарнасында редактор, «Алматы» телеарнасының шеф-редакторы сияқты шығармашылық жолдан өткен Мадина қазіргі кезде «Тұран-ТВ» телеарнасының журналисі әрі жүргізушісі. Осы орайда Тұңғыш Президент Қорының қолдауымен түсірілген «Туған жер: Қазақстанның ұлы мұрасы» сюжеттер циклі, жастардың ішкі туризмін дамыту мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдаған «Туған жер: туған өлкеге саяхат», Internews қолдау көрсеткен Қазақстанның шалғай өңірлерінде тұратын адамдар туралы «Мен осындамын!» бағдарламалары мәдени-танымдық тұрғыдан құнды. Мұның қатарында туған өлке кереметтерін мектеп оқушылары арасында насихаттауды мақсат ететін әлеуметтік бағыттағы жобалары бар. Соның дәлеліндей, «Туған жер» бағдарламасы аясында география пәні мұғалімдеріне арнап, мәдени орындардан түсірілген сыныптан тыс бейнесабақтарды атап өтуге болады. Абай үйі, Бөкей ордасы, Отырар, Сауран сияқты киелі орындардан үш тілде түсірілген 50 шақты сюжет республиканың бірқатар мектебіне тегін үлестірілген.
Almaty Nomad саяхатшылар клубы бүгінде көптеген жобаны сәтті жүзеге асырып келеді. Жуырда Қызылорда облысындағы Ақеспе ауылының тыныс-тіршілігін зерттеп, өркениеттен алыстағы елді мекендердің, Аралдың ахуалымен танысып қайтқан жұмыс тобының мақсаты – еліміздің туризмдегі беделін арттыруға үлес қосу. Бүгінде Арал өңіріндегі ауыз суы тапшы елді мекендерде туристер үшін ғана емес, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатына ықпал ететін инфрақұрылымдар жасалмаған. Туризм мен саяхатшылық екі ұғымды білдіргенімен, турист үшін де, саяхатшы үшін де жолдың қолайлы әрі қауіпсіз болғаны тиімді. «Ақеспедегі шипалы су көзі, Аралдағы құмды өңір туристер үшін тартымды аймақ дегенімізбен, туған өлкеге, табиғат ескерткіштеріне деген немқұрайдылық – әлем елдерінде кездеспейтін жайт. Біз өзіміз мақтан ететін тарихымыз бен мәдениетімізді, көркем табиғатымызды қаншалықты бағалайтындығымыз осыдан көрініс береді», дейді Мадина.
Мадина Ашилова – туристер үшін тартымды мекенге айналған Көбейтұз көлі туралы жазған алғашқы журналист. Бозжыра шатқалы туралы мақаласы үшін арнайы сыйлықпен марапатталса, Kazakh Tourism-нің туризм туралы үздік мақалалары үшін, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін, сонымен бірге шетелдік кинофестивальдердің сыйлықтары және дипломдарымен марапатталған.
Мадина экологиялық мәдениеттің жоқтығынан ғажайып өлкелеріміздегі тарихи-мәдени орындар өзінің бастапқы кейпінен айырылып қалуы мүмкін деп алаңдайды. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы емдік қасиеті бар ерекше көл ресейлік туристер көп келетін өңірге айналған. Сонымен қатар мәдени мұрамыз ұлы Абайдың мұражайы, Түркістан өлкесінің кереметтері, Жылаған ата сарқырамасы тылсым әлемнен сыр шертетіндей. Маңғыстаудың ғарышқа бергісіз табиғаты қандай десеңізші. Ол әр сапарында өзімен бірге студенттерді ерте жүріп, өскелең ұрпақты табиғатты аялауға үйретіп жүр. Алғаш Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан өлкесіне барғанында және осы жолы да жиырма шақты студент Мадинаның жолсерігіне айналды. Ол жобалардың жетекшісі, үйлестіруші ғана емес, оператор, режиссердің көмекшісі әрі ұжымның жолбастаушысы қызметін қатар алып жүрген өз ісінің кәсіпқойы десек, артық айтпаймыз.
Мәдени мұрамызды зерттей отырып, ғылыми жұмыстармен белсенді айналысып жүрген ғалымның 200-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде оқулықтары, оқу құралдары, сонымен бірге білім беру және әлеуметтік-философиялық өзекті мәселелер бойынша монографиялары студенттерге жақсы таныс. Ресейдің Новосібір, Американың Джорджия, Бейжің, Техас, Гонконг университеттерінде алған тәжірибесін тиімді пайдалана жүріп, әлеуметтік философия саласындағы білімін журналистикамен ұштастыра білді. Ол – Ресей философиялық қоғамының, Азиялық жаһандық көшбасшылар бағдарламасының (Гонконг) мүшесі. Scopus базасында импакт-факторы жоғары журналдарда мақалаларын жариялап тұатын ғылым докторы рухани құндылықтарымызды насихаттаудың негізі туған жерге деген сүйіспеншілікте жатқандығын айтады.
Мадина Ашилова Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру құндылықтарын жаһанданған және көп мәдениетті әлемде трансформациялау» ғылыми-зерттеу жобасына да жетекшілік етуде. «2021-2023 жылдарға арналған жас ғалымдар байқауында» жеңіске жеткен жас ғалым білім саласындағы құндылықтарды зерттеу ісін жалғастыру үстінде. Жоғары оқу орындарындағы білім сапасын жақсарту, өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін БАҚ әлеуетін пайдалану, жастарға туған өлкесін таныстыруды негізгі жұмысына айналдырған Мадина Ашилова қазіргі кезде «Қазақстанның тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері институты» ҚҚ және АҚДМ тапсырысы бойынша жастар арасында суицидтік мінез-құлықтың, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бейнероликтер түсіруді де қолға алған. Сонымен бірге Қазақстанның ең көрікті жерлері туралы бейнероликтер түсіріп, 12 тілге аударып, әлемнің ірі университеттерінің студенттеріне таныстыруды, Қазақстан мен әлемдегі жоғары білімнің болашағы туралы деректі фильм түсіруді мақсат етеді. Келер жылы әлемге саяхат жасауды жоспарлап отырған журналист бұл сапарының алғашқы шақырымдарын автокөлікпен бастайтынын айтады. Осы сапары аясында мобильді фото-бейне көрме өткізуді жоспарлайтын жиһанкез журналистің Өзбекстаннан басталып, Амстердам, Берлин, Қазан бағытын жүріп өткен сапарлары үлкен саяхатқа дайындықтың бастамасындай.
Бүгінде бес баласының тәрбиесін қоғамдық жұмыстарымен ұштастырып жүрген журналист автокөлікпен тұманды Альбионға тоқтап, әрі қарай Америкаға, одан Сан-Франциско сапарында жоғары оқу орындарымен танысып қайтпақшы. Америкада тұратын достарымен осы жолы қауышатынын қуана жеткізген Мадина әлемдік сапары аясында Жапония, Қиыр Шығыс, Алтай арқылы Моңғолия жеріне де табан тіремек. Байкал да – осы іссапардың маңызды маршруттарының бірі. Мадинаны бұл сапарларында да жолдасы Олжас Жүзелбайұлы және алды 11-дегі, кішісі 3-ке келген балаларының қасында болатындығы қуантады. Жігерлі жетекші, білікті маман алдағы жоспарларын бөлісе келіп, қандай қиындық болса да жеңе біліп, қорқынышты артқа тастап, жарқын оймен алға жылжуды ғана мақсат етемін, дейді. Ал журналист жиһанкездің алдағы маршруты ұзақ болғанымен, оны ғажайып өлкелер мен тамаша адамдар күтіп тұрғаны анық.
АЛМАТЫ